Қоғам

ҚАРАБҰЛАҚТЫҢ ҚОЛЫ АЛТЫН ҚАС ШЕБЕРІ

 Төрткүл дүниенің түпкір-түпкірін мекендеген кез келген халықтың өзіндік салт-дәстүрі мен сол елдің күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, қоршаған ортасына, тіпті климатына да бейімделіп жасалған түрлі заттарының түбіне үңілсек, міндетті түрде әлдебір жекелеген адамның қолтаңбасын көретініміз даусыз. Яғни, ол затты бір заманда сол кезеңдегі тұрмыстық немесе басқа да бір қажеттілік үшін әлдебір адам ойлап тауып, қолдан жасап шыққаны анық.

Қазақ қолөнерінің тарихы да тым тереңде. Бүгін оны түгендеп-тізбектеудің, ненің қайдан шығып, оны кім, қашан жасағандығын анықтап-қанықтаудың қажеті шамалы. Айтпағымыз – ел ішінде сонау бір ықылым заманнан бері үзіліп қалмай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан осы бір бекзат өнердің мұрагерлері әлі де бар екендігі. Оларды алыстан іздеудің де керегі жоқ. Ондай шеберлер қазақтың кез келген ауылында бар. Бір қызығы, олар «Мен пәленше деген шебермін!», «Менің қолымнан анау келеді, мынау келеді», «Мен ел жасай алмайтын дүниелерді жасаймын!» деп, ешқашан кеуде қағып даурығып, жаһанға жар салмайды. Олар – өз үйіндегі істен шығып қалған қайсыбір заттардан бастап, көрші-қолаңның, қала берді, бүкіл ауылдастарының қажеттілігін өтеп беріп, өтеміне ештеңе сұрамастан бұрылып жүре беретін жомарт жүректі жандар. Еңбегін ескеріп, қолақысын берсе алады, бермесе сұрамайды да.

 

Шеберлігі атасынан дарыпты

Жан-жақты шеберлігімен өзі тұрып жатқан Қарабұлақ ауылына ғана емес, бүкіл Зайсан ауданының жұртына және маңайдағы көршілес аудандарға да танымал болған Өмірзақ Бағиялов – біз айтып отырған жомарт жүректі азаматтардың бірі. Оның жүріп-жүріп ойлап таппайтыны, істемейтіні жоқ көрінеді. Өзі сөзге сараң Өмекеңді сөйлету де оңайға соға қоймады. Қойған сауалыңа не «иә», не «жоқ» деп қана жауап береді де, жымиып қойып отыра береді. Аузынан шыққан әр сөзі есептеулі секілді. Дегенмен «адам түсініскенше, жылқы кісінескенше» дегендей, біраз уақыттан соң тілге келе бастады.

Жалпы, адам бойындағы кез келген өнер не әке жағынан, болмаса шеше жағынан дарып жататыны баршамызға мәлім жайт қой. Өмірзақтың да атасы, жарықтық Наймажан деген ақсақал қолы өте шебер адам болған көрінеді. Соғыс аяқталғанымен,  ел-жұрт әлі де болса етек-жеңін жиып кете алмай, жоқтық пен жетіспеушіліктің қамытын киіп қиналып жүрген кезеңдерде Наймажан атамыз, басқаны айтпағанда, ауылдастарының кәдімгі сынып қалған шыны кеселерін темірмен құрсаулап беретін көрінеді. Көзкөргендердің айтуына қарағанда, қолының ептілігі сондай, бір істеген затын екінші қайтара қолына ұстамайтын шебер бопты.

Сонда шеберлік өнерге қызығуға не себеп болды? деймін ғой көп сөзі жоқ кейіпкерімді сөзге тартып.

– Мен атам құсап кесе құрсауламасам да, өзімше әрненің басын бір шалып жүріп, ақыры маңайдағы жұртқа шебер атанып кеттім, – дейді бұл күндері ауылдастарының алғысына бөленіп отырған азамат. – Шамамен, жетінші класта оқып жүрген кезімізде Оразбек Еділбаев деген мұғаліміміз болды. Еңбек пәнінен сабақ беретін. Әлгі кісі ағашпен де, темірмен де жонып, қырып, оюлап, чеканкалап дейсіз бе, неше түрлі тұрмыстық заттарды істей беретін. Денешынықтыру сабағынан қашып кетіп, сол кісінің қасында сағаттап қарап тұрам. Қолыма егеу, ара, балға ұстатып, бағыт-бағдар берген ұстазым сол кісі еді.

Әскерден келгесін біраз жыл совхозда трактор айдадым. Сол кездің өзінде механизаторлар «ана сайман жоқ, мына бергені жарамайды, жаңасын алуға ақша жоқ» деп зар еңіреп жүретін. Сөйтіп жүргенде, нарық заманы келді де, совхоздар тарай бастады. Әлгі ілдебаймен жүрген техниканың біразы сатылды, қалғандары мүлдем тұрып қалды.

Осы тұста маған «Резина дөңгелегі бар ат-арба жасасам қайтеді?» деген ой келді де, сол істі қолға алдым. Өйткені үлкен жолдың арғы жағында қысы-жазы суы жердің астынан атқақтап жататын фонтан бар. Қарабұлақтың халқы монша жақса да, күнделікті пайдаланып, мал, қыл аяғы бау-бақша суарса да, суды сол жерден алатын. Содан резеңке дөңгелекті арба әсіресе су тасығанға таптырмайтын техниканың түріне айналып шыға келді. Қажет дегендердің барлығын арбамен қамтамасыз етіп болған кезде, «шөп шабатын агрегат керек» дегендер пайда болды. Алғашқыларын жасай бастағаннан-ақ сұраныс көбейді. Ауылдағы елдің бәрі мал ұстамай ма, малға шөптен басқа не керек? Сөйтіп, әлгі шөп шабатын агрегаттың осы күнге дейін бақандай 58-ін жасаппын. Осы ауылдағы үйдің барлығында менің жасап берген арбаларым мен агрегаттарым әлі күнге дейін тұр десем болады. Уақыты келгенде сынған жерлерін жөндетіп, әне-міне запчастьтарын ауыстыртып, майлатып алады.

Сізді «Сандық жасайды екен, ол сандықтарды жұрт қыздарының жасауына таласып-тармасып алады екен» дегенді де естідік.

– Ол рас енді. Әлі есімде, 1997 жылы ескі радиоқабылдағыштың сыртқы фанерасын алып, «Мынадан не істеуге болады?» деп аударып-төңкеріп отыр едім, Еркежан деген жеңгем келе қалды.

Келді де, ай-шай жоқ, «Андағыдан не істегелі отырсың?»  демесі бар ма. Мен де ойланбастан, «сандық жасамақпын» дедім. «Қайдағы сандық, оны қайтіп жасамақсың? Жасай алмайсың» деді. «Саған ерегескенде жасаймын» деп, мен де болмай қойдым.

Жеңгемнің әлгі сөзі қамшы болды ма, содан сандық жасауды қолға алдым. Бұған да сұраныс көп болды. Көбінесе қыз ұзатқандар жасауға алады. Тапсырыс көп, бір тәулікте ұйықтамай, демалмай отырып екі сандық істеген кездерім болды. Шешеме бірінің ішіне бірі сыйып кететін алты сандық жасап бердім. Сол сандықтар әлі күнге дейін үйде тұр.

Өмеке, сіз бір кілті жоғалған сейфті ашқан дей ме? Ол не сейф, бұл өзі қалай болған оқиға?

– Ол Зайсанда, «Агропром» банкте болған. Сонда бір жақын апайымыз істейтін. Сол кісі келді бір күні жылап-еңіреп.

Сасып қалдым да, «Не болды?» деп сұрасам, осылай да, осылай, неше жылдан бері пайдаланып жүрген сейфтің кілтін жоғалып ап, сейфті аша алмай жатырмыз дейді.

Жалпы, кілті жоғалған құлыптарды, машиналардың жабылып қалған есіктерін 15-20 минутта, ары кетсе бір сағатқа жеткізбей ашып жүретінмін. Бұл сейфке тура бір күн уақытым кетті. Ақыры ашып қарасам, әлгі сейфті Миллер деген кісі (неміс ұлтынан болса керек) 1940 жылы істеген екен.

Содан «Мұның құпиясы неде екен?» деп замогын ашып, ішкі құрылысын ақтарып тұрып қарасам, кілттің әр тісінің арасына перегородка қойып тастаған екен. Алты тісі бар кілт әр перегородкадан өткен сайын, келесісіне тіреліп қала береді. Әрі-бері қарап, біраз құпияларына көз жеткізген соң, жаңадан кілт соғып, замогын қайтадан орнатып бердім.

Өзі банк мекемесі болған соң, қолеңбегіңізді берген шығар?

– Әрине, береді ғой. Өздері көлік жіберіп алдырып, үйге әкеліп тастады, еңбегімді де берді.

 

Алтынды қолда барда қадірлесек

 

Қазіргі күні немен айналысып жатырсыз?

– Шөп шабатын агрегатымды бүкіл Зайсан ауданындағылар алып болды-ау деймін. Енді мынау Тарбағатай ауданындағылар тапсырыс бере бастады. Былтырдан бастап шөп тиейтін агрегат (стогомет) жасай бастадым. Оның да жұмыс істеу тәсілі қарапайым. Стрела дегені болады. Ол шөпті көтерсе, ашылып-жабылып тұратын айыры өз міндетін атқара береді. Оным да сұранысқа ие болды.

Оны қандай материалдардан жасайсыз? Жалпы, бір шөп тиейтін агрегатқа қанша уақыт кетеді?

– Ауылды жерде не көп, темір-терсек көп. Ескі-құсқы машина, тракторлардың рамаларын, белтемірлерін, тағы бірдеңелерін алам. Қазір бұрынғыдай шашылып жатқан темір-терсек те жоқ. Бәрін жиып-теріп өткізіп тастаған. Олар келісін 40 теңгеден алады да, маған 200 теңгеден сатады. Көп күш түсетін жерлеріне кәдімгі лом бар ғой, соны сваркілеп тастаймын. Бір шөп тиейтін стогометке бір апта, ары кетсе он күндей уақы кетеді.

Құпия болмаса, бағасы қанша?

– Оның ешқандай құпиясы жоқ. Себебі ол – менің еңбегім. Бір агрегаттың құны 300 мың теңгенің маңайында. Өткенде Семейге барғанда ауылшаруашылық техникаларын сататын жерден байқасам, заводтан шыққан стогомет 1 млн. теңгенің үстінде тұрады екен. Бір қызығы, соларды алған шаруа қожалықтары көп ұзамай әлгі техникаларын «Ана жері үзіліп кетті, майы ағып кетті, дұрыс көтермей қалды, тағы бірдеңе боп қалды» деп, маған алып келеді. Солардың бұзылған жерлерін жөндеп, осал тұстарына қосымша күшейткіш біліктер сваркілеп берем.

Ауладағы шеберханаңызға автокөлік дөңгелектерін жамап-жасқайтын құрылғыңыз да бар екен, ауылдағы дөңгелегі жарылғандардың бәрі өзіңізге келетін болар?

– «Шеберхана» деп әспеттеуге келмейтін шығар… Ол өзі бұрын жаздыгүні шай ішетін кілет болатын. Жауын-шашын, желді күндері жұмысқа кедергі болғасын соны паналағам. Әйтеуір, светі бар демесең, қыстыгүні суық, пеші жоқ. Біздікі сол, жоқтан бар жасап жүрген тірлік қой.

Соңғы жылдары халықаралық дәрежедегі маңызы бар «Өскемен – Зайсан – Майқапшағай» тас жолын қайта салу жұмыстары аса қарқынды жүргізіліп жатқанынан газетіміздің оқырмандары хабардар болар. Сол жолдарды салуға келген Қытай мемлекетінің мердігер компаниялары да Қарабұлақтағы Өмірзақты тауып алыпты. Техника болғасын сынбай, бүлінбей тұра ма. Әсіресе жаз айларында, жұмыстың қызған шағында Өмірзақтың шағын ғана үйінің ауласы, қақпасының алды түрлі техникаға толып кететін көрінеді. Олардың барлығына «Бүгін қолым тимейді» деп қабақ шыту немесе «Мазам болмай тұр» деп, түрлі сылтау айтып, бұлданып жатқан Өмекең жоқ. Қандай да бір ақауы шыққан техниканы, мейлі, ол қытайдікі болсын, қазақтікі болсын, бәрібір. Қос білегін сыбанып кеп жіберіп, астына түсіп, үстіне шығып жүріп, әлгі техниканы әп-сәтте жұмысқа сақадай сай етіп жөндеп береді.

– Бағасына кейде келісіп аламыз, кейде өздері біліп, мен күткеннен де арттырып беріп жатады. Қысқасы, осы тірлігіме ризамын, – дейді кез келген техниканың тілін бес саусақтай меңгерген шебер.

Халқымыздың «Шебердің қолы ортақ» деген мәтелі дәл осы Өмірзаққа арналып айтылғандай.

Осы жерде айта кетпеске болмайтын бір кем дүние бар секілді. Біздер, әсіресе жергілікті билік тізгінін ұстаған азаматтар қасымызда жүрген осындай алтын қолды шеберлердің қадір-қасиетін білеміз бе? Солардың өзге жұрттың қолынан келе бермейтін еңбектерін бағалап, мүмкіндігінше жағдай туғызып, шамамыз келгенше керек-жарақтарын алып беріп жүрміз бе? Соларға, құдай біледі, көп ештеңе керек те емес. «Маған шеберхана немесе цех салып беріңдер!» деп жатқан олар жоқ. Әркімнің өзінің ауласы, жеке гаражы бар дегендей. Шеберге не керек? Ең бастысы, бүгінгі заман талабына жауап бере алатын көпфункциялы бір станок болса жетіп жатқан жоқ па. Қажет материалдарды өзі де тауып алады. Әйтпесе, осының бәрін күн сайын көріп-біліп жүрген сол ауылдағы әкім мырза жағдайы бар төрт-бес жігітті ұйымдастырып жіберіп, шағын СТО салып берсе, Қарабұлақ халқы алғыстан басқа ештеңе айтпас еді.

Кім білсін, «Үмітсіз шайтан» деген. Мүмкін болашақта біздің бұл базынамызды ескеріп, ауыл әкімі Қарабұлақтың қақ ортасынан СТО да салғызып берер.

Оны енді уақыт көрсете жатар.

Серік ҚҰСАНБАЕВ

Осы айдарда

Back to top button