Қарағайлы өңір өркендеп келеді

Бесқарағай ауданында жұмыс сапарымен болған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ өңірдегі аграрлық сектор мен орман шаруашылығының әлеуетін бағамдап, бірқатар әлеуметтік нысанның жұмысымен танысты.
Ең алдымен аймақ басшысы Бесқарағай аумақтық мүгедектер мен қарттарға әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болып, мекеме қызметкерлерімен және осы жерде емделушілермен кездесті. Айта кетер жайт, бұл орталықтың ашылғанына небәрі үш жыл ғана болыпты. Десек те, осы уақыт ішінде орталық қызметкерлері біраз шаруа тындырып үлгеріпті. Ерекше күтімді қажет ететін балақайлармен жұмыс жасауда мекеме мамандарының жеткен жетістіктері айтарлықтай.
– Біздің мақтанышымыз деп Әлем Айткеновті айтуға болады. Бұл баланың жасы 15-те болса да, ол дамуында ешқандай ауытқуы жоқ талай құрдастары, оны қойып ересектердің өзі жете бермейтін жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, жақында ол информатикалық технологиялар жөніндегі жобасын сәтті қорғап шықты. Сол сияқты тағы бір тәрбиеленушіміз Венера Ахметованы да айтуға болады. Венера «Әртүрлі әрі бірдей» республикалық байқауының кезеңіне қатысып, ерекше көзге түсе білді, – дейді орталықтың директоры Ғалия Байқадамова.
Оның айтуынша, бүгінде орталықта 63 адам жұмыс істейді. Оның 46-сы – әлеуметтік сала қызметкерлері. Жалпы, қазір орталық көрсететін арнайы әлеуметтік қызметке 280-ге жуық адам жүгінуде.
– Орталығымызда екі бөлімше бар. Оның бірі – психоневрологиялық ауытқулары бар немесе тірек-қимыл аппараттары бұзылған балаларға арналған күндізгі бөлім. Ал екінші бөлім мамандары көмекке зәру тұрғындардың үйлеріне барып әлеуметтік қызмет көрсетеді, – дейді мекеме басшысы.
Биыл орталықта арнайы әлеуметтік қызметтерді енгізу мақсатына түрлі деңгейдегі бюджеттерден 50 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. Күндізгі бөлімді ұстау үшін қосымша қор құрылып, бүгінде онда бес миллион теңге сақталуда.
Тағы бір айта кетер нәрсе, орталық орналасқан ғимарат негізінен басқа мақсатқа арналып салынған-ды. Бастапқыда бұл жерде кеңселер ашылуы керек болатын. Дегенмен, құрылысты жүргізген жеке кәсіпкер нысанды сататын болып, нәтижесінде ғимарат бюджеттік қаржы есебінен оңалту орталығына өткен-ді. Қазірде бұл жайт өзекті мәселенің бірі болып тұрғанға ұқсайды. Орталық директорының айтуынша, нысан әлеуметтік қызмет көрсету орталығына бейімделгенімен де, ғимарат ондаған қызметкер мен келушілерге тарлық етеді.
Сондай-ақ, мұндағы тағы бір проблема деп қызметкерлер жалақысының мардымсыздығын айтуға болады. Әлеуметтік тұрғыда аса жауапты әрі үлкен төзімділікті қажет ететін жұмысқа тартылған мамандар айына шамамен 35 мың теңге ғана алады екен.
Осы және өзге де мәселелермен жақынырақ танысқан облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ орталыққа лайықты деңгейде қолдау көрсетілуі керек екенін айтты.
– Мұндай орталықтардың облысымыздың әрбір нүктесінде болғаны шарт. Көмекке зәру жандар алысқа сабылмай, тұратын жерлерінде тиісті қызмет түрлеріне жүгінуге әбден құқылы. Сол себепті жұмыстарыңызға қажетті қолдау көрсететін боламыз. Осы орайда, алдағы уақытта Өскеменде 500 орындық жаңа оңалту орталығын ашуды жоспарлап отырғанымызды ерекше айтқым келеді. Балақайларды дамуында ауытқуы бар деп қоғамнан шеттетуіміз дұрыс емес, сондықтан инклюзивті білім беру жүйесін енгізуге басымдық беруіміз қажет, – деген облыс әкімі балаларға арнайы экскурсиялар ұйымдастырып, көбірек сыртқа, өзге өңірлерге шығарып тұру керектігін айтты.
Аймақ басшысы ат басын тіреген келесі нысан аудан орталығы Бесқарағай ауылындағы «Айналайын» балабақшасы болды. 90 орындық балабақша былтыр шілде айында пайдалануға берілген-ді. Мекеме директоры Гүлзифа Тілеубекова облыс әкіміне екі мен бес жас аралығындағы балалар тәрбиеленетін балабақша ғимаратының бөлмелерін көрсетіп, бір жыл ішінде атқарылған жұмыстың нәтижелерімен таныстырды.
Бұдан кейін облыс әкімі аудан орталығында салынып жатқан денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарын көрді. Аталмыш нысан есігін алдағы балаларды қорғау күні қарсаңында ашпақ. Құрылысына 149 миллион теңге жұмсалған ғимарат небәрі тоғыз ай ішінде салынып бітіпті. Қазір мұнда соңғы әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Нысанның ішін аралап көрген аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ мұндай спорт кешендері өзге аудандарда, шалғайда жатқан ауылдарда да болуы керектігін ерекше назарға алды.
– Жұмыстар аяқталуға жақын екен, бұл өте жақсы. Алайда, нысанды тез салып бітіремін деп, сапа жағын ұмытып кетпеңіздер, – деді облыс әкімі мердігер компания «Азия» фирмасы» ЖШС-нің басшылығына қарата айтқан сөзінде.
Аймақ басшысы Шығыс Қазақстанның ірі қалаларында аудандардан келген балаларға арналған пансионаттар салу мәселесіне де ден қою керектігін ерекше атап өтті.
Бесқарағай аудандық ауруханасында болған облыс әкімі мұндағы перзентхана, клиникалық-диагностикалық емхана және тәулік бойы жұмыс істейтін стационардың жұмысымен танысты.
Медициналық мекеменің директоры Баубек Әбілқасымовтың айтуынша, биылғы бес айда перзентханада 70 сәби дүниеге келіпті. Бір айта кетерлігі, жыл басынан бері ауданда бірде-бір ана мен бала өлімі тіркелмеген. Сол сияқты өзге өңірлермен салыстырғанда Бесқарағайда онкологиялық аурумен және туберкулезбен ауыратындардың да саны айтарлықтай аз екен.
Аурухана палаталарын аралап көрген облыс әкімі мекеме басшылығына шетелдік заманауи медициналық аппаратурамен жұмыс істеуге ден қою керектігін ескертті.
Бесқарағай ауданы орманды өлке болғандықтан, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ мұндағы орман шаруашылығының жағдайымен де танысты. Аймақ басшысы сапары барысында Қарамырза ауылының жанында салынып жатқан орман тәлімбағы мен ағаш-тұқым стансасы кешенінің құрылыс жұмысын көрді. Бұл кешен Дүниежүзілік даму банкінің «Қазақстан Республикасының ормандарын қорғау және орман-тоғайлы аумақтарының көлемін ұлғайту» атты жобасы аясында бой көтеріп келеді. Кешенді салып жатқан «СК-Ретма» компаниясының басшылығы құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын екенін айтып, нысан 30 мамырда пайдалануға берілетінін айтты.
Аймақ басшысы болашақта алып орман өнеркәсібі кешеніне айналатын нысанның тәлімбағын, жылыжайлар мен әкімшілік ғимаратын, қазандық пен су стансасын аралап көрді. Осы жұмыстарды жүргізуге және де Финляндия мен Швециядан замануи құрал-жабдықтар сатып алуға шамамен 1,5 миллиард теңге жұмсалған екен.
– Басты мақсатымыз – Ертіс бойындағы 1997-2006 жылдар аралығында өртенген орманды алқапты қалпына келтіру. Соңғы бірнеше жылда Бесқарағай ауданындағы орманның 130 мыңға жуық гектары өртеніп кеткен. Енді осы аумаққа шырша және қарағай көшеттерін отырғызып, шығын орнын толтыруымыз қажет. Бірнеше жылда Беген ауылының маңындағы жанып кеткен орманды қалпына келтіреміз деп ойлаймыз. Сол кезде Кеңес одағы тұсында болған орманды алқап көрсеткіштеріне жетіп қалуымыз әбден мүмкін. Осыдан кейін Өскемен мен Семей қалаларын көгалдандыру мәселесіне де ден қоюға болады. Тіптен, жаңа кешеннің көмегімен Павлодар өңірін де көшет материалдарымен толығымен қамтуға болатынын айтқым келеді, – дейді «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының бас директоры Мұрат Дәулетов.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта резерваттағы сегіз тәлімбақты ұстауға кететін шығынның мөлшері тым көп екен. Дегенмен, жаңа кешен іске қосылғаннан кейін, бұл мәселенің түйіні тарқатылмақ. Биылдың өзінде ғана кәсіпорын мамандары 4158 гектар жерге 19 миллионнан астам көшет отырғызыпты. Қазір жас ағаштардың ұласып өсу көрсеткіші 58 пайызды құрайды. Ал кешен пайдалануға беріліп, толық күшіне енгізілгеннен кейін, бұл көрсеткішті рекордтық 95 пайызға жеткізуге болады екен.
Резерватта аймақ басшысына құны 595 миллион теңгені құраған шведтік жаңа аппаратура көрсетілді. Бұл техника тұқымдарды сұрыптап, өскіндерді кассеталарға отырғызу жұмыстарын өз бетінше, адамның көмегінсіз жүргізетін болады.
Мұрат Дәулетовтің айтуынша, болашақта кешенде үш миллион көшет жабық тамыр жүйесімен отырғызылатын болса, тағы бес миллион көшетті ашық әдіспен егу жоспарлануда.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ аталмыш кешеннің көмегімен аймақтағы орман өнеркәсібінің өндірістік көлемін еселеп арттыруға болатынын айтып, бұл іске аймақ басшылығы тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
– Сіздердің заманауи тыңайтқыштарды әзірлеу жөніндегі ұсыныстарыңызды қолдаймын. Қазіргі кезде субстраттар Ресейден сатылып алынады, бұл өте тиімсіз. Жоғарыдағы мемлекеттік құрылымдар осы ұсыныстарыңызға қолдау білдіретін болса, аталмыш мақсатқа жұмсалатын қаражаттың мөлшерін айтарлықтай азайтуға болар еді, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, облыс әкімі резерват қызметкерлерінің тұрмысы мен еңбекақысы жайында сұрап біліп, баспана жағынан қиындық көріп отырған жұмысшыларды жалға берілетін тұрғын үйлермен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлу керектігін айтты.
Бірлік ауылында аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ аталмыш елді мекенде ұйымдастырылған іргелі шаруа қожалықтары жетістіктерінің көрмесіне қатысып, ауданның аграрлық секторының жай-күйімен танысты.
Бүгінде ауданда «Балке», «Семей», «Лана-2», «Стела» «Мұқинов» сияқты ірі шаруа қожалықтары бар. Қазір олардың әрқайсысы ауданның экономикасына айтырлықтай үлесін қосып қана қоймай, бірталай ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.
Соның бірі – Оралбек Тоқашев басқарып отырған «Балке» шаруа қожалығы бүгінде қызанақ, кәді және қияр өсіруде тамшылатып суару әдісін табысты қолданып келеді. Айта кетерлік жайт, қожалықтың жерлері Ертіс өзеніне жақын орналасқандықтан, суару мәселесінде, бұл жұмысты жүргізуге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуда көп қиындық болмапты.
Аймақ басшысы аталмыш қожалықтың жұмысына оң бағасын бере келе, өзге шаруалар «Балкеден» үлгі алуы керек екенін айтты.
– Жүгерінің ескі сұрыптарының уақыты әлдеқашан өткен. Енді бұл дақылдың будандастырылған түрлерін қолдануға көңіл бөлуіміз қажет. Соның ішінде, әсіресе, американдық «Монсанто» тұқымына ден қойғанымыз абзал. Бұл жүгері тұқымы бір гектар жерден 600 центнер өнім алуға мүмкіндік береді. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, отандық тұқымдар гектарынан ары кеткенде 350 центнер ғана бере алады, – деді облыс әкімі шаруа қожалықтарының басшыларына.
Аймақ басшысы, сонымен қатар, асыл тұқымды мал өсіріп отырған шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты. Мәселен, Ерназар ауылындағы «Мұқинов» асыл тұқымды мал шаруашылығы бүгінде қазақтың ақбас сиырын өсіруге ерекше көңіл бөлуде. Екі жыл бұрын «Шыңғыстау» жәрмеңкесінде үздік атанған Хабидолла Мұқинов басқарып отырған қожалықтың жұмысын облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жоғары бағалады.
– Мен қазақтың ақбас сиыры герефорд пен қара ангустан еш кем емес, ал кей тұстарынан алып қарасақ, тіпті артық деп санаймын. Мейлі, бірінші жылы бұл сиырдың шетелдік ірі қара тұқымдарына қарағанда дамуы бәсеңдеу болғанымен, артынша ақбас сиыр оларды тез қуып жетеді. Әрі біздің өңірдің табиғи жағдайына, климатына ең ыңғайлысы, тиімдісі де осы – қазақтың ақбас сиыры, – деген облыс әкімі өзге шаруа қожалықтарына да асыл тұқымды мал өсіруге кеңес берді.
Нұржан Кенжеұлы