Қарағайлы өлкенің кереметі көп

Бесқарағай ауданы алдағы уақытта облысымыздағы іргелі туристік аймақтардың біріне айналмақ. Бұған себеп те жеткілікті. Қарағайлы өңірде бүгінде өзінің емдік қасиетімен белгілі Шошқалы көлі жағалауының инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қолға алынуда. Бұған қоса жерінің едәуір бөлігін қарағай орманы алып жатқан ауданда туризммен айналысуға табиғат-ананың өзі итермелеп отырғандай.
Бесқарағай ауданының әкімі Дәулет Батырбаевтың айтуынша, былтыр өңірдегі құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемі бірден 14 есеге өскен.
– 2017 жылы аталмыш бағыттағы жұмыстарға тоғыз миллиард теңге бөлінді. Сөз жоқ, бұл бірінші кезекте аймақтағы туристік кластердің қарқынды дамуына байланысты болды. Өздеріңіз білесіздер, Бесқарағай ауданы сұлу табиғатымен, қонақжай халқымен белгілі. Бізде суы шипа, ауасы ем Шошқалы көлі мен реликті таспалы қарағай орманы бар. Іргемізде Ертіс өзені ағып жатыр. Осындай тамаша мүмкіндіктерді пайдаланбау біз үшін әбестік болар еді. Сол себепті ауданның туристік тартымдылығын арттыру мақсатында кешенді іс-шараларды қолға алдық, – дейді бізге берген сұхбатында аудан басшысы Дәулет Батырбаев.
Оның айтуынша, мұндай жұмыстар аудан туризмін ілгері сүйреп қана қоймай, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға да септігін тигізбек. Аймақта қазірдің өзінде туристер легін қабылдап жатқан бірнеше нысан бар. Олардың ішінде әсіресе «Қожагелді» емдеу-сауықтыру кешені, «Жаңа ауыл» киіз үй қалашығы мен «Елім-ай» демалыс базасын атап өтуге болады.
Соның соңғысына біздің де жолымыз түсті. Семей қаласының дәл іргесінде орналасқан «Елім-ай» демалыс базасы бұрынғы «Спартак» шипажайының аумағын алып жатыр. Көп жыл бойы қаңырап бос тұрған нысан бүгінде адам танымастай өзгерген. Былтыр қарағайлы орман төрінде ашылған кешенде бүгінде коттедждер мен спорт алаңқайлары, дәмхана мен ашық аспан астындағы 250 орындық тойхана, монша мен бассейн пайда болған.
Демалыс орнының директоры Сәуле Оспанованың айтуына қарағанда, 500 орынға шақталған «Елім-ай» базасы жыл он екі ай қызмет көрсетеді.
– Бағаларымыз ақылға қонымды деп ойлаймын. Мәселен, екі орындық бөлмеде тұру үшін келушілеріміз тәулігіне ең кемі он мың теңге төлеуі тиіс. Ал люкс класындағы алты орындық коттедждердің құны күніне 35 мың теңгені құрайды. Әрине, қонақтардың көңілінен шығу үшін ұсынатын қызмет түрлері сапасының жоғары болуы шарт. Біз бұл мәселеге айрықша мән берудеміз, – дейді кәсіпкер.
Демалыс базасының әкімшісі Надия Малдыбаева хабарлағандай, «Елімайға» келушілердің қарасы қысы-жазы үзілмейді. Қыс мезгілінде мұнда шаңғы теуіп, шанамен сырғанауға келетіндер де аз болмайды екен. Бұған қоса Семейге жақын орналасқандықтан, соңғы кездері демалыс базасында той-томалақтарын өткізуге бел буған қалалықтардың да қатары көбейіпті.

– «Елімайға» база ашылғалы бері келіп тұрамыз. Жалпы, қалаға жақын болғандықтан, сенбі, жексенбі күндерін осы жерде, таза ауада, табиғат аясында өткізуді жөн көреміз. Бүгін де қолымыз босай сала, бала-шағамызбен осы жаққа шығып кеттік. Бұл жердің табиғаты да, көрсетілетін қызмет түрлері де, бәрі керемет. Өзім диетолог болғандықтан, базада ұсынылатын тағам түрлері мен олардың сапасына көп мән беремін. Ас мәзіріне тағар мін жоқ, – дейді базада демалып жатқан қонақтардың бірі, семейлік Мәулия Айқымбаева.
Демалыс базасының әкімшілігінен алдағы уақытта мұнда волейбол алаңы, демалатын сәкілер мен балаларға арналған арқандар паркі пайда болатынын білдік. Бұл да келушілер санын арттырудың амалы екені анық. Осы ретте, қазірде «Елімайға» берісі Семей, Өскемен мен Павлодардан, арысы Астана мен Алматыдан, сондай-ақ Ресейден демалушылар келетінін де айта кеткен жөн.
Нұржан Кенжеұлы
Бесқарағай ауданы.