Қоғам

Қарағайлы – демалыс орнына айналады

Қарағайлы – демалыс орнына айналады


Облыс әкімі Қарағайлы шағын ауданындағы құрылыс қарқынына қанықты. Дәл осы ауданда өңірімізде баламасы жоқ «Абай Арена» көпсалалы кешен бой көтеруде.

Әсіресе осы нысанның құрылысы аймақ басшысының жіті бақылауында. Оны «Фирма «Азия» ЖШС тұрғызу үстінде. 5 мың орынға шақталған нысанның сәулеттік келбеті де ерекше. Жобаның іске асуымен қалада бұқаралық спортты серік еткендердің қарасы артады деп күтіліп отыр. Халықаралық талаптарға негізделген кешен әлемдік додаларды өткізуге қолайлы болмақ. Қазір құрылыс алаңында жұмыстар үдей түсіп, мердігер ұйым металды құрылымдарды орнатуды қолға алды. Сонымен қатар Қарағайлыда әуенді субұрқақты салу қарастырылуда. Әзірге оның қай жерде орналасатыны белгісіз.

– «Абай Аренаның» төбесін туымыздың түсімен бірдей етсек деген ұсынысым бар. Бір жылдан кейін барлығы осы жерге келіп серуендейтін болады. Бұл аудан қалалықтардың жиі келіп тынығатын демалыс орындарына айналатынына мен шүбә келтірмеймін, – деді Шоблыс әкімі.

Айта кетерлігі, жаңа ауданда «Ертіс» ӘКК» АҚ және «Бәйтерек Девелопмент» АҚ-ның тұрғын үй бағдарламасы аясында алғашқы салынған көпқабатты баспаналар халық игілігіне беріле бастапты. Келер жылға дейін мұнда тағы ондаған тұрғын үй кешеннің құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Бұған қоса Қарағайлыда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 320 орынға есептелген жаңа балабақшаның құрылысы да жүріп жатыр. Жылдың аяғына дейін мектепке дейінгі білім беру мекемесін мердігер ұйым тапсыруды максат етіп отыр. Семейге жасаған іссапарына сәйкес облыс басшысы сондай-ақ Ақсай шағын ауданына аялдады. Мұнда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 10 сотық жер алуға 24 мыңнан аса адам кезекте тұр. Олардың қатарында 2600 резидент – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшысы. Бүгінде мұнда 1700 жер учаскесі жобаланып, оның 600-ге жуығының құжаты рәсімделген. Сол сияқты меншік иелерінің жеке қаражаты есебінен 194 үй салынған-ды. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ» Семейдегі филиалы 421 өтініш бойынша сараптама жүргізіп, соның 21-і салымшы екенін анықтаған. Олардың арасынан 5 салымшы «Нұрлы жер» бағдарламасымен баспана тұрғызуға ниет танытып отыр. Қазір тағы 644 жер телімінің құжаттары рәсімделу үстінде. Негізінен Семейде жеке тұрғын үй құрылысына 10 шағын аудан белгіленген.

– Қыркүйек айына дейін алғашқы 200 баспанаға инфрақұрылымды тарту бойынша жұмыс аяқталады. Оның ішінде су құбыры және жарық қуатын жүргізу шаралары қарастырылған. Тұтастай айтқанда, мұнда барлық тапсырмалар ретімен орындалып келеді, – деген аймақ басшысы әлеуметтік инфрақұрылымды өткізген бойда, мұнда халықтың саны көбейе түсетінін атап өтті.

Салынуы тиіс баспаналардың 1 шаршы метрі 120 мың теңгені құрауда. Сонда 100 шаршы метрден тұратын бір үйдің құны шамамен 12 млн. теңгеден шығады екен. 100 шаршы метрлі тұрғын үйді алсақ, несиелеу 12 жылға бес пайыздық мөлшермен белгіленбек. Ай сайын салымшы 70 мың теңге қаржы төлеп, несиесін біртіндеп жауып отыру тиіс, деп нақтылады «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ» Семей қаласындағы филиалының директоры Равиль Сәбитов.

Жақсылық Мұратқали
Семей.

Осы айдарда

Back to top button