Қоғам

Қарағаштықтар кооперативтерге бірігіп жатыр

Қарағаштықтар кооперативтерге бірігіп жатыр


Қарағаш ауылдық округі аудан орталығының солтүстік-шығыс беткейінде, тау ішінде орналасқан. Ауыл әкімі Талғат Сыздықаевтың айтуы бойынша, мұнда қазір барлық мемлекеттік бағдарламалар орындалып, жұртшылық төгілген тердің өтемін көруде.

Мәселен, жақында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша су құбыры құрылысына 268 млн. теңге бөлініп, «Аягөз Су» КММ арқылы мердігер анықталып, құрылыс сәуір айынан басталып, қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде.

-Айта кетерлігі, округ аудан бойынша қожалық иелері, кәсіпкерлер, несие алу көлемі бойынша алдыңғы қатарда,-дейді ол бізбен әңгімесінде.
Қарағашта мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан игілікті істер баршылық. Ауылдың тарихымен, кешегі-бүгінгі жетістіктерімен таныса келіп, бұған көз жеткізгендей болдық. Мәселен, мұнда өткен жылы Гүлдана Исакова «Қарағаш Асыл» кооперативін құрып, алты адамды тұрақты жұмысқа тартқан. Бұл кооперативке тоғыз бас асыл тұқымды бұқа әкелініп, ауыл тұрғындарының ірі қаралары асылдандырылып, жеке қосалқы шаруашылықтардың табынында тегін бағылды. Биыл бұл ұжымның жұмысының тиімділігін көрген Қаражал елді мекенінде де «Қаражал Асыл» кооперативі құрылды. Осы кооператив арқылы асыл тұқымды бұқа әкелініп, кем дегенде төрт жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

Шаруашылықтарды кооперативтерге біріктірудің артықшылықтары бар. Мәселен, келешекте кооператив мүшелеріне мал бордақылауға, сүт бағытында сиыр алуға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы төмен пайызбен несие беріледі. Қазіргі таңда мал тұқымын асылдандыру бағытындағы төрт қожалық кооперативке мүше болып кіріп отыр.

– Бүгінде шаруа қауымы еңбек етсе ғана нәтиже болатындығын жақсы түсініп, мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдауларды тиімді пайдалануда. Себебі, бұл қаражаттардың тигізіп жатқан септігі зор. Жалпы, ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктер жылдан-жылға артуда, – дейді ауыл әкімі Талғат Сыздықаев, – ауылымызда «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 2011-2015 жылдың аралығында 17 адам 61,5 млн. теңге несие алып, тойхана, монша, наубайхана салынып, 65 бас ірі қара, 777 ұсақ мал сатып алынды. «Агро бизнес-2020» бағдарламасы бойынша жеті жаңа МТЗ маркалы трактор алынды. 2014-2016 жылдары Қарағаш ауылдық округіне сырттан әкелінген малдар, алынған несиелер, техникалар, өткен жылы салынған инвестиция тұтасымен алғанда163,6 млн. теңгені құрап отыр. Аудан әкімі Бақытжан Байахметовтің «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша бес жобаны іске асыру жөніндегі тапсырмасы мен асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту жөнінде қойып отырған талаптарына сәйкес, шаруа қожалықтары өткен жылы 18 бас асыл тұқымды бұқа алып, 819 бас аналық ірі қара малды асылдандырып, 300 бас асыл тұқымды қой алу үщін 19,864 млн. теңгеге субсидияға құжаттар тапсырды.

Шынында да бұдан өзге 2016 жылы «Алтын асық» бағдарламасы бойынша «Шалқар», «Жасұлан» шаруа қожалықтары 12,1 млн. теңге несие алып, ұсақ мал басын арттыруда. «Шаңырақ» шаруа қожалығы «ҚазАгроҚаржы» арқылы лизингке трактор және шөп шабатын құрылғысын алған. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Жас талап» шаруа қожалығы 10 млн. теңге алып, ірі қара мал өсіруде. Қожалық ескі МТМ ғимаратын (жалпы құны 7 млн. теңгені құрайтын) өз қаражатына жөндетіп, ет өндіру мақсатында мал бордақылау алаңын ашыпты. Бүгінгі күні 100 бас ірі қара мал, 300 бас ұсақ мал бордақылауда тұр. Төрт адам тұрақты жұмысқа тартылды. Бұл қожалық басшысы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке тракторлар мен қосалқы құрылғыларын алған. Сондай-ақ, жуырда өз қаражатына «УАЗ патриот» автокөлігін сатып алыпты. Ауылшаруашылық техникалары, асыл тұқымды бұқа, селекциялық жұмыстар үшін субсидиялар алып отыр. Бүгінгі заман талабына сай мал сою алаңының құрылысын да жоспарлаған. Кооператив мүшелері ішінен 20 адам мал бордақылауға 60 млн. теңгеге «Ауыл шаруашылықты қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы мал бордақылауға шағын несие алуға құжаттарын тапсырған.

Мұнда да ауыл халқы Елбасының биылғы Жолдауын қызу талқылауда. Өйткені, Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. «Шынында да, көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз,- деді емес пе Елбасы өз Жолдауында, – сондықтан біз де осынау жауапкершілікті түсіне еңбек етудеміз», – дейді округ әкімі. Бір сөзбен айтқанда, Қарағаш ауылындағы шаруашылық иелері мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктерді тиімді пайдалануда. Өйткені, олар елімізде мал басын өсіру, оның өнімін экспортқа шығару басты мақсаттардың бірі екендігін жақсы түсінеді.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button