Қоғам

Қарағаш қарқынды дамып келеді

Қарағаш қарқынды дамып келеді


Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталған Жолдауын мұқият оқып, танысып шыққан соң жұртшылық ауыл болып жаппай талқылады. Әсіресе агроөнеркәсіп кешенін дамыту – ауыл тұрғындары үшін басты мәселе.

Жалпы, ауыл – біздің ата қонысымыз, тіршілік тынысымыз, киелі алтын бесігіміз. Әр ауылдың өзіндік даму тарихы мен еңбек көрсеткіштері болады. Сол сияқты, Қарағаш ауылдық округінің де дамуы, әлеуметтік жағдайы бұдан 5-6 жылмен салыстырғанда анағұрлым алға басты. Ауыл халқы бүгінгі күні қолдарында бар мал тұқымын асылдандыру, мал басын көбейту, шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Үкімет тарапынан берілетін жеңілдіктерді пайдаланып, несиеден несібелерін тауып отыр. Ауылымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы, халық саны жылдан-жылға қарқынды өсуде. 29 шаруа қожалық, бір «Қарағаш- Компания» ЖШС мен екі ауылшаруашылық өндірістік кооперативі жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күні жаңа екі қабатты 80 орындық мектепте 130 бала екі маусымда білім алып жатыр. 200 орындық бір тойхана, екі монша, төрт дүкен, бір ФАП, бір мәдениет үйі, екі кітапхана жұмыс істейді. Округте 2900 ірі қара мал, 14 мың бас ұсақ мүйізді мал, 900 бас жылқы бар.

Мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға, ауылды көтеруге, шағын және орта бизнесті жетілдіруге үлкен қолдау көрсетіп отыр. Елбасы тапсырмаларымен округте ауқымды жұмыстар жүргізіліп, мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып жатыр. Мәселен, округте 2017 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 1.116 мың теңгеге Мәдениет үйі ғимаратының жанына саябақ салынды, бұл саябаққа Ресейден арнайы мүсінші шақыртып, кіші архитектуралық аңдардың он түрлі мүсіндері ауылдың кіреберісіне және орталықта орналасқан саябақтың ішіне орнатылды. Айта кетерлігі, шет мемлекеттен шақырылған шебер мүсіншіміздің қолақысы жергілікті скульпторлардан әлдеқайда төмен. Сондай-ақ «Жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 6 млн. 995 мың теңгеге ауылдың орталығынан саябақ, балалардың ойын алаңы салынды.

Аудан әкімінің қолдауымен жергілікті бюжеттен Мәдениет үйінің ғимаратын жөндеуге 6 млн. 900 мың теңге бөлінді. 2 млн. 947 мың теңгеге жылу жүйесі қатты отынға ауыстырылып, шатыры 2 млн. 792 мың теңгенің қаражатына жөнделіп, ауыл тұрғындарының игілігіне пайдалануға берілді. Сол сияқты, республикалық бюджеттен 268 млн. теңге бөлініп, «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы су құбырының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бүгінде ауыл халқының 100 пайызы таза ауызсумен қамтамасыз етіліп отыр. Осы су құбырының құрылысын жүргізген мердігер «Бота» ЖШС ауылдың кіреберісіне 500 мың теңге қаражатқа ақпараттық арка орнатып берді.

Биыл «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша ауыл шетіндегі қатты құрылыс қалдықтары полигоны 1 млн.116 мың теңгеге жасалды. Жергілікті бюжеттен 4500 мың теңге қаражат бөлініп, ауылдағы Ж.Жабаев атындағы мектептің бастауыш класс ғимаратының шатыры мен спорт залының төбесі жөндеуден өтті.

Елбасы Жолдауында әрбір өңір мен ірі қала бәсекеге қабілеттіліктің қолда бар басымдықтарын ескеріп, өзіндік орнықты экономикалық өсу және жұмыспен қамту моделіне сүйене отырып дамуға тиіс екендігін, сондықтан тірек ауылдардан бастап республикалық маңызы бар қалаларға дейінгі түрлі елді мекендер үшін өңірлік стандарттар жүйесін әзірлеу керектігі баса айтылды. Ауыл тұрғындарымен Жолдауды талқылауға байланысты өткен жиындарда осы жайлы айтылып, атқарылар істер сарапталды.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button