Қоғам

Қарағандыға көмек керуені жіберіледі

Қарағандыға көмек керуені жіберіледі

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен селекторлық режимде өткен аппараттық кеңесте «Жасыл экономикаға» көшу, аймақтар ықпалдастығы, ҰБТ-ға дайындық сынды негізгі үш мәселе қаралды. Аймақ басшысы аудандар мен қалалардың, департаменттер мен басқармалардың басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Алдағы 30 жылда судан тапшылық көрмейміз

Елбасы тапсырмасына сәйкес облысты «Жасыл экономикаға» көшірудің 2013-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілгені белгілі. Табиғи рерсурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Виталий Чернецкий осы жоспардың жүзеге асу барысын баяндады. Тоғыз тұғырдан тұратын іс-шаралар жоспары адам өмірінің барлық саласын қамтитынын айтқан В.Чернецкий әсіресе, ауыл шаруашылығы мен индустрия, энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы сынды салаларға басымдық берілгенін атап көрсетті. Әр тұғыр бойынша жасалған жоспардың орындалу барысы мен тап келген кедергілер жөнінде жекелей ақпарат берген басқарма өкілі кейбір жобалар министрліктер тарапынан қолдау таппай жатқанын жеткізді.
Мәселен, су ресурстарын басқару бағдарламасына жолданған ұсыныстардың көбі Қоршаған ортаны қорғау министрлігі тарапынан қолдау таппай, қарастырылған қаржының мөлшері азайтылған. Дегенмен, өңірде алдағы 20-30 жылдың ішінде су тапшылығы сезілмеуі тиіс. Су қорының қазіргі мөлшері осындай жағымды болжам жасауға мүмкіндік беріп отыр. Алайда, су жеткілікті екен деп қамсыз отыруға болмайды. Суармалы жерлерді тиімді пайдалану, ылғалды үнемдеу технологияларын ауыл шаруашылығына жаппай енгізу, су қоймаларын күтіп ұстау, өзен-көлдердің тазалығын қадағалау сынды шаруалар күн тәртібінен түскен емес. Аймақ басшысы әсіресе, Ертістің суын көршілермен бөлісу мәселесіне ерекше көңіл бөлуге шақырды. Трансшекаралық өзенді пайдалану бойынша құрылған үкіметаралық жұмыс тобымен ұдайы жұмыс істеу арқылы облыс мүддесін қорғай білу – басқарманың алдына қойылған негізгі міндеттердің бірі екені айтылды. В.Чернецкийдің айтуынша, аталмыш жұмыс тобы әзірге ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысып жатқан көрінеді. Ертіс өзені басып өтетін өлкелердің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына, келешегіне талдау жасалғаннан кейін барып, өзен суын бөлісу шарттары дайындалмақ. Осы жылдың аяғына дейін пайыздық бөліністің алғашқы ұсыныстарын дайындау көзделген. Өңір басшысы түрлі ақпарат құралдарында Ертістің суын оңтүстіктегі көршіміздің ынсапсыз пайдаланып жатқаны жөніндегі байбаламдардың қаншалықты негізді екенін халыққа түсіндіру жұмыстарын жандандыру керектігін де тапсырды. Басқарма өкілі Ертістен бөлек Қалжыр, Үлбі, Үбі, Бұқтырма сынды өзендердің суын тиімді пайдаланудың жобаларын жүзеге асырудың маңызы зор екенін атады.
Жерді тиімді пайдалануда қордаланған мәселелерді шешудің айқын жоспары бар екенін тілге тиек еткен В.Чернецкий жергілікті атқарушы органдарға сыртқы жайылымдарды кеңейтуге көңіл бөлу керектігін ескертті. Бүгінде облыс бойынша елді мекендердің маңайына мал жаю мөлшерден асып кетсе, шалғайда мал ұстау межеден әлдеқайда төмендеп кеткен. Бұл мәселені реттеу облыс Әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаевқа тапсырылды.

Өскеменнің экологиясы оңалып келеді

Барлық мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында ресурстарды үнемдеу, энергияны тиімді пайдалану қағидаты қатаң ескерілуі де – «Жасыл экономиканың» талабы. Осы мақсатқа бекітілген энергия шығынын қысқартудың бесжылдық жоспарына сәйкес 2030 жылға дейін шығын көлемін 11 пайызға төмендету межеленген. Бұл салада 2017-2025 жылдар аралығында тапшылықтар байқалуы мүмкін екенін айтқан басқарма өкілі кәсіпорындардың энергияны тиімді пайдалануы бақылауда екенін мәлім етті.
Облыс басшысы энергияны тиімді пайдалану бойынша әлеуметтік-мәдени мекемелердің жұмысына да бақылау орнату керектігін ескертті.
– Кәсіпорындардың бұл бағытта қолға алған жұмысы көз алдымызда. Ал әлеуметтік немесе мәдени нысандардың энергияны пайдалану әрекеті қаншалықты тиімді жүзеге асып жатқаны жөнінде мәлімет жоқ. Бұл бағытта да талдау жасалып, есеп жүргізілуі керек, – деді облыс Әкімі.
Виталий Чернецкийдің мәліметіне сенсек, 2002 жылдан бері Өскеменде ауаның ластану көрсеткіші жыл сайын азайып келеді. Тіпті, өзімен әлеуеті қарайлас Барнаул қаласымен салыстырғанда ауаның ластану мөлшері әлдеқайда төмендеген. Алайда, тұрғындар санасынан облыс орталығының жағымсыз экологиялық жағдайы жөніндегі үрей әлі сейіле қоймаған. Ауаның ластануын одан сайын төмендету мақсатында Ресейден энергетикалық газ тарту, жанармайды газбен алмастыру жобаларына жол ашудың маңызы зор. Алайда, бұл мәселенің экономикалық тиімді тұстарын анықтау қажет. Облыс басшысы ауаның тазалығын сақтау ісінде тек ірі кәсіпорындарды қадағалаумен шектелмей, кішігірім өндіріс ошақтары мен көліктер шығаратын түтінге де көңіл аудару керектігін еске салды.
– ЖМК ауданынан өткен сайын сондағы май зауытының түтіні бұрқырап тұрады. Ал кейбір ескі көліктердің трактордан да көп түтін шығаратынын көріп жүрміз. Осындай кемшіліктер жойылмай тұрғанда ауаның ластануын күрт төмендетеміз деп айтуға болмайды , – деді облыс Әкімі.
Су көлік қатынасын жаңғырту ісі тасымалданатын тауарға деген сұраныстың болмауынан алға жылжымай отырған көрінеді. Ал сәуір айының соңына қарай СЭС құрылыстары басталмақ.
«Жасыл экономикаға» көшу үрдісі жүйелі әрі уақтылы жүруі үшін ең әуелі әр салада нақты есеп болуы керектігін баса айтқан аймақ басшысы энергияны үнемдеу ісіне қатты көңіл бөлуді, бұл істе КЭМОНТ, конденсатор зауыттарының өнімдерін пайдалануды тапсырды. Облыс Әкімі Бұқтырма су бөгенінің жағдайына ерекше назар аударды.
Аймақтар арасындағы ықпалдастық аясында жасалған келісімдердің орындалу барысы жайында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Елена Ясинская мәлімет берді. Өзге үш өңірмен бірлесе атқарылуы тиіс 80 шараның тек 42-сі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтқан басқарма басшысы келісімдердің көбі қағаз жүзінде қалып бара жатқанын жасырмады. Тіпті, жоспардың 23 пункті тиімсіз әрі нәтижесіз жұмыс істеп жатқан көрінеді. Алдағы уақытта нәтиже бермеген мұндай жобаларды жоспардан сызып тастау мәселесі туындап отыр. Ал Павлодар облысының су электр стансасынан энергия тарту, бірлескен үй құрылысы комбинаттарын құру, бірыңғай экологиялық мониторинг жүйесін құру, Шүлбі су қоймасын салу, көлік қатынасын дамыта түсу сынды ауқымды жобалар барлық тараптардың мүдделі болуына қарамастан, кешеуілдеуде. Сондықтан жобаны жүзеге асырудың тетіктерін жетілдіріп, тиісті ведомстволармен жұмысты жандандыру қажет. Тиісті ведомстволармен жұмыстың тығыз жүрмеуі салдарынан өңірлер арасындағы әуе қатынасын субсидиялау ұсынысы комитет тарапынан қолдау таппаған.
Әр сала бойынша жүзеге аспай жатқан жобаларға тоқталған Елена Ясинская жоспарды жүзеге асырудың бірыңғай жолын қарастыру керек деген ұсынсын да білдірді.
Бұл ұсынысты қолдайтынын айтқан облыс басшысы бірінші орынбасары Ермек Көшербаевқа барлық сала басшыларымен бірлесіп, интеграциялық жобаларды жүзеге асырудың жолдарын жетілдіруді жүктеді.
– Аймақаралық ықпалдастық ең әуелі өзіміздің өндірушілерді қолдау үшін қажет. Бұл мәселені алда өтетін бизнес форумда көтеруіміз керек, – деген өңір басшысы көршілес Қарағанды облысының қызыл судан зардап шеккен халқына көмек көрсету шараларын жылдамдатуды тапсырды.
– Табиғаттан зардап шеккен көршілерімізге көмек қолын созу – парызымыз. Бізде де су жайылған кезде, қарағандылықтар көмегін аяп қалмағанын жақсы білесіздер. Сондықтан осы аптаның аяғына дейін құрылыс материалдары, киім-кешек, азық-түлік тиеген көмек керуені жолға шығуы қажет. Әсіресе, Қарағандыға іргесі тиіп жатқан Абай, Бесқарағай, Аягөз аудандары белсенді әрекет етсін, – деген облыс Әкімі көмек керуенін ұйымдастыруды Көкпекті ауданының әкіміне тапсырды. Тасқыннан зардап шеккен қарағандылықтарға көмектесу үшін «Қазцинк», «ТМК», «Азия Авто», «ҮМЗ», «Қазақцемент» сынды кәсіпорындар «Парыз» қорына қаржы аударуға дайын.

Бізде қанша тестілеу орталығы бар?

Қарағандыға көмек керуені жіберіледі

Аймақ басшысы биылғы ҰБТ-ның алдын ала болжамдарына көңілі толмайтынын айтты. Кейбір аудандарында тестілеу орталығы жоқ болуы да айтарлықтай қиындық туғызып отырса керек. Облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Нұрғазиев барлық тестілеу орталықтарының саны 14-ке жеткенін, ондай нысан ашылмаған аудандардың түлектері көршілес аудандарға баратынын айтты. Биылғы оқу жылындағы оқушылардың ортақ білім сапасына талдау жасаған басқарма басшысы оқу жылы аяқталғанға дейін нәтижені оңалта түсуге мүмкіндіктер бар екенін де еске салды.
Биылғы түлектердің 31 пайызы үздік және озат оқу үлгерімін көрсетпек. Бұл былтырғыдан бір пайыз ғана артық. Есесіне, Өскемен мен Таразда өткен республикалық олимпиадалардың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облыстар арасында бірінші орынға шыққан. Биыл мектеп оқушыларының оқу жетістіктерін сырттай бағалаулар өтпек.
Мектеп бітіретін 11507 оқушының 74 пайызы ҰБТ-ға қатысады деп күтілуде. Былтырғы оқу жылында барлық түлектің 69,8 пайызы ғана тестілеуден өткен. Оқуға түскендердің 42,9 пайызы грантқа ие болған. Биыл бұл көрсеткішті жоғарылатуға мүмкіндіктер жеткілікті. Дей тұрғанмен, «Алтын белгіге» үміткерлердің саны 3,4 пайызға азайған.
Өткен жылғы қателіктердің орнын толтыру мақсатында көптеген шаралар қолға алынып, үздік нәтиже көрсеткен ұжымдардың дайындық тәсілдері зерттелген. Білікті педагогтардың тәжірибесін тарату мақсатында түрлі семинарлар өткізілсе, оқушыларды ҰБТ-ға психологиялық тұрғыда дайындау масатында тренингтер ұйымдастырылып, онлайн-кеңестер өткізілген, ақпараттық үнпарақтар таратылған. Ай сайын сынақ тестілеулер өткізілуде. Наурыздың нәтижесі бойынша ортақ балл 75-ке жеткен. Ең жоғары нәтиже – 85 балл Өскеменнің еншісіне тисе, ең төмен 70 балдық нәтиже Курчатов қаласы мен Ұлан ауданында тіркеліп отыр.
Нәтиженің ойдағыдай өрілуіне кедергі келтіріп отырған себептер де белгілі болған. Облыста толымсыз мектептердің көптігі, педагогикалық құрамның біліксіздігі, білім беру бөлімдеріндегі әдістемелік кеңес қызметінің сапасыздығы саланың бас ауыртар мәселесі болып отыр. Бүгінде өңірдегі әр бесінші педагогтың ешқандай санатсыз маман екені анықталған. Ал білім беру бөлімдеріндегі әдіскерлердің еңбекақысы төмен болғандықтан, ол жерге жұмыс таппаған жас түлектер ғана баруға мәжбүр. Нәтижесінде ауыл мен аудандағы жоғары санатты мұғалімге кеше ғана қолына диплом алған жас маман әдістемелік кеңес беруде.
Облыста он жедел топ құрылып, аудан, қалалардағы ҰБТ-ға дайындық пен оқушылардың тамақтану жағдайына талдау жасау үшін жолға шыққан.
Өңір басшысы сала мамандарына түлектерді кәсіби бағдарлау ісіне көңіл бөлуді тапсырды.
– Қашанғы өзіміздің үздік түлектерімізді сыртқа жіберіп, қарап отыра бермекпіз? «Болашақ» бағдарламасына қатысушылардан басқалардың бәрі Астана мен Алматының, Өскеменнің жоғары оқу орындарында білім алуын қамтамасыз ету қажет. Бұл іске аудан мен қалалардың бірінші басшыларынан бастап мектеп директорларына дейін атсалысуы тиіс. ҰБТ-ға қатысушылардың санына қатысты да кемшіліктер бар. Мәселен, бесқарағайлық түлектердің тек 54 пайызы ғана тест тапсыруға құлық танытқан. Бұлай болмауы керек. Сонда білім сапасын арттыруға, апаттық мектептерді жаңалауға кеткен миллиардтаған қаржыны осы үшін жұмсадық па? Бұл бағытта әр директор, әр педагог әр оқушымен жеке жұмыс жүргізсін.
ҰБТ-ға дайындық барысында насихат пен ақпараттандыру жұмыстарына көңіл бөлген жөн. Егер мектептердегі білім сапасы төмен болса, олимпиадаларда биылғыдай нәтижелерге қол жеткізе алмаған болар едік. Демек, гәп ұйымдастыру жұмыстарында. Оқушыларымыз былтырғы оқу жылында ҰБТ-ның жаңа ережелеріне дайын болмағандықтан, нашар нәтиже көрсеткен болуы да мүмкін. Биыл ондай қателікке жол жоқ, – деген аймақ басшысы ҰБТ нәтижесі бойынша алдыңғы бестіктен көрінуге күш салу керектігін баса айтты.
Жиынды қорытындылай келе, аймақ басшысы облыс аумағында өткен түрлі форумдар мен фестивальдарда, жәрмеңкелерде қол жеткізген келісімдерді уақытында орындау керектігін қатаң ескертті. Облысқа сырттан инвестиция тарту, банкроттық кәсіпорындардың қарызын қайтару, көктемгі егіс науқанын тиянақты ұйымдастыру, мал санын арттыру, халықтық ІРО жобасын жұртшылыққа насихаттау, Индустрияландыру картасына енген жобаларды толық қуатына енгізу, жаңа жобаларды ұсыну бойынша қадау-қадау міндеттерді жүктеген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ су қоймаларының жағдайына немқұрайлы қарап отырған облыстық «ҚазСу шаруашылығы», «Шығыс су қоймалары» мекемелерінің жұмысын сынға алды.
Облыс Әкімі Күршім, Зырян, Риддер, Катонқарағай өңірлерінде әлі де болса тасқын қаупі бар екенін ескертіп, Нұрлыбек Шерубаевқа жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды. Ал жергілікті әкімдерге байланыс пен кезекшіліктің сақадай сай болуын қадағалауды міндеттеді. Қоғамдық ұйымдар тарапынан Өскемен және Семей қалаларындағы жол ақысының бағасына қатысты шағымдар айтылғанын мәлімдей келе, өңір басшысы қоғамдық тасымалдаушылармен жұмыс істеу керектігін ескертті.
Сондай-ақ, облыс Әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановқа миграциялық кедергілерді жою, оңтүстік өңірлерден еңбек күшін тарту міндетін жүктеді. Зайсан ауданы әкімдігінің халықты газбен қамту ісін кешеуілдетіп отырғаны да сынға ілінді. Жиын соңында барлық басқармалар мен департамент басшыларына, аудан және қала әкімдеріне мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша жаңа ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button