Қоғам

Қазақ әдебиетіне өзгеше құбылыс әкелген қаламгер

Қазақ әдебиетіне өзгеше құбылыс әкелген қаламгер

Қазақ әдебиетіне өзгеше құбылыс әкелген қаламгер

Өткен ғасырдың 50-ші жылдарының соңында қазақ әдебиетіне теңдесі жоқ, тегеуірінді, текті бір буын келді. Сол буынның ішінде, көштің маңдай алдында адалдықтың ақ туын желбіретіп Алтайдан келген қара бала әдебиетімізге өзгеше құбылыс болып кірді. Ол үлкен, ұлы жазушының есімі Қалихан Ысқақ болатын…
Ол кісінің алғашқы шығармасы – «Қоңыр күз еді». Бұл кітап бірден жұртшылық назарын өзіне бұрғызды. Оқығандар «ойпырым-ай, не деген сурет, не деген психологиялық баяндау. Тамырын тереңнен тартатын осыншама суретті бұл бала қайдан алды?» деген сөздер ел аузында тарап жүріпті. Біз сол шығарманы оқып тәрбиеленген, шығарма бойындағы үлкен бір тартылу күшін жан дүниемізбен сезініп өскен өкше басар інілері едік.
Сол Қалихан Ысқақ әдебиетке Алтайдың алғашқы жыршысындай болып келді. Әрбір сөзі, ойлау, сөйлеу тәсілі қазақтың сөз өнеріндегі мол мүмкіндігін, қанатының кеңдігін, тамырының тереңдігін көрсетіп тұратын.
Біз, соңынан ерген інілері Қалағаңның бойындағы бірнеше қасиетке қатты сүйсінуші едік. Біріншісі – әділдігі. Қиянат көрсе, қарап жатып қалмайтын. Екіншісі – адалдығы. Біреудің ала жібін аттау дегенді білмейтін. Талантты бір жас мәдениеттің, өнердің босағасынан аттаса, ағынан жарылып, шын жүрегінен қуанушы еді. Міне осы қасиеттер Қалағаңды ағаларының алдында да, қатарының алдында да, інілерінің алдында да көзі тірісінде биікке көтерді. Біз Қалағаңның осы қасиеттеріне ерекше сүйінетін едік.
Мен қазір өзімнің ең ардақты, ең аяулы ағамды жоғалтып отырмын. Алтайға өзінің аманаты бойынша шығарып салдық. Алтай дейтін киелі жер. Сол ұлы жерге осыдан біраз жыл бұрын ұлы Абайдың ескерткіші қалай орнаған болса, іле-шала қазақтың тағы бір талантты ұлы, үлкен жазушысы Оралхан Бөкейдің ескерткіші еңсе көтерді. Енді міне, Қалихан ағамыз өзінің Топқайыңына барып, мәңгілік мекенін тауып отыр.
Мен әдебиеттің өлшеусіз биігін биіктерге жалғаған Қалихан Ысқақтың болмысына сүйсінетін, ынты-шынтысымен құлай берілген замандас-інісі ретінде қайғыра, қамыға отырып, қалың елге, перезентін сағынған Алтай жұртшылығына көңіл айтамын. Қалихан ағамыз жалғыз Алтайдың перезенті емес, ұлан-байтақ алаш жұртының абройын асқақтатқан санаулы саңлақтарымыздың бірі, бірегейі еді.
Бақұл бол, асыл аға!

Нұрлан Оразалин,
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, сенатор

***
Қазақ барда Қалихан досым мәңгі өлмейді

Қазақ әдебиетіне өзгеше құбылыс әкелген қаламгер

Өткен ғасырдың 60-шы жылдары қазақ әдебиетіне өте қуатты бір топ келдік. Ол шамамен 30-40 адам. Соның көшбасында, алғашқылардың бірі болып Қалихан келді. Мен басым Қалиханның шығармаларымен Мәскеуде оқып жүргенде танысып, содан бастап «мына жігітпен дос болу керек екен ғой» деп ой түйдім. Оқу бітіріп келген соң, Қалиханды іздеп жүріп, тауып алдым…
Жазушылар одағының бұрынғы ғимаратының жертөлесінде бір ресторан бар болатын. Бәріміз сол жерден тамақтанатын едік. Бір жолы сонда бара қалсақ, Сафуан Шаймерденовпен бір жігіт әңгімелесіп тұр екен. Қасымдағы жігіт «анау Қалихан ғой» деді. Мен әлгі көрініске сондай қызғанып әрі қызыға қарадым. Өйткені, Сафуан Шаймерденов ол кезде «қылышынан қан тамып тұрған» жазушы. Сөйте жүріп таныстық, табыстық, дос болып кеттік.
Қалихан екеуміз күн демей, түн демей бірге жүрдік, бірге тұрдық. Бұдан кейін қатарымызға Сайын, Әбіш, арғы беттен Қабдеш сынды жазушылар келіп қосылды.
Қалиханмен қазақ әдебиетіне бір құдірет келді. Мен ағаларды төмендету үшін айтқалы отырғаным жоқ, оларда көп нәрсені айтуға мүмкіндік болмады. Айтарын анық айтқан Әуезовтің өзі өмірінің соңғы кезінде кібіртіктеп қалғаны шын. Себебі айқын, бәріңіз білесіздер. Ал біздің буынның бақытына орай 60-шы жылдары әдебиетке бір жылымық келе қалды. Біз сол жылымық арқылы біраз көсіліп, адам болып, атымызды шығарып қалдық. Сол жылымықтан қуаттанып қалған біз заманға көне қоймадық, одан кейін егемендігімізге ілініп кеттік…
Алтай деген ұғымды, Алтай деген асқақтықты, Алтай халқының көркем образын әдебиетке алғаш әкелген Қалихан еді. Соңынан Оралхан Бөкей, Әлібек Асқар, Дидахмет Әшімхан бастаған інілері ілесті…
Қалихан өзінің балалық шағы туралы «Ақсу – жер жәннаты» романында мөлдірете жазып кетті. Мен ол бәрін беріп кетті деп ойламаймын. Әлі де берері көп еді. Бірақ соңғы жылдары денсаулығына байланысты күйзеліп қалды. Бірнеше жыл бұрын мен Астанаға көшіп кеткен соң, бір-бірімізден біраз алыстап кеттік. Бірақ телефонмен үнемі хабарласып тұрдық.
Сол Қалиханымыз дүниеден өтті… Қазақстан барда Қалихан мәңгі өшпейтін шамшырақтардың бірі деп білемін. Қазақ барда Қалихан досым мәңгі өлмейді.

Әкім Тарази, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

***
Қалихан Ысқақпен қоштасу

Айтушы ек «Қалекең» деп, «Қалағам» деп,
Ойпырмай, ортамызда сол адам жоқ!
Алданып жүр екем ғой аламан деп,
Бұл өмір кетті неге обаған боп?

Қаламы Қалиханның қайталанбас,
Қадірін тіл жеткізіп айта да алмас.
Алтайдың мұзбалағы қайта қонбас.
Өзіңдей жарық жұлдыз қайта жанбас.

Қалаға, Сізді оқысам арқа қызған,
Қаншама шәкірт өрді қалқаңыздан?!
Дәл Сіздей бұл қазақта кім бар еді,
Тілімен жүрегіңе бал тамызған?

Сіздей боп мәрмар тауды кім қашайды?
Ұласқан күн жетті ме мұңға қайғы?
Ұлықпан хәкім ұрпағымен мың жасаса,
Қаламгер кітабымен мың жасайды!

Қайтпайтын қайсар жүрек, діңі мықты,
Жаныңның құпиясын кім ұғыпты?
Жұртыңа жайып салып кете бардың
Ұлтыңның бойындағы ұлылықты!

Ұлықбек Есдәулет

***
Асыл аға ретінде жүрегімізде қалды

Қазақ әдебиетіне өзгеше құбылыс әкелген қаламгер

Алматы өңіріндегі ақын-жазушылар қауымы қазақтың көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қалихан Ысқақтың қазасына байланысты жерлестеріне, ағайын-туғандарына, жанашыр-жақындарына қайғыра көңіл айтады.
Қалағаңды мен сонау бала кезімнен жақсы білемін. Жазушылар одағына барған сайын кездестіретінмін. Талай-талай әңгіме, сұхбат құрдық. Ол кісі Әкім Тарази екеуі керемет дос болатын. Менің алғашқы жазбаларымды газет-журналдарға жариялаған осы екі ағам еді. Қалекең менің ең алғашқы жазған «Таудан түскен тұман» атты повесімді оқып, қатты риза болып, «Жұлдыз» журналына ұсынып шығарды. Ол кісі менің сол шығармам жайында «менің «Қоңыр күзім» сияқты жазылыпты, тағдырың да, шығармаң да маған ұқсайтын қоңыр қозымсың» дейтін…
Кейін де ол кісінің 60, 70 жылдық мерейтойларында бірге болып, барлық шараларының басы-қасында жүрдім. Мейлі қай уақытта қоңырау шалсам да, кездесе қалсам да, құрдасындай, замандасындай сырласатын еді. Әділет төңірегінде, ұлт болашағы жайында білікті, салиқалы ойлар айтатын. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, ол кісі көптеген жас қаламгерлерді тәрбиеледі.
Кезінде жас ақын-жазушылардың кеңесі өткен сайын, мені шақырып, шығармаларымды дәріптеп отыратын. Ол кісінің қазақтың ұлы перзенттері жайында жазған дүниелері ғажайып сезімдерге толы. ӘсіресеТәкен Әлімқұлов, Мұқағали Мақатаев, Асқар Сүлейменовтердің әртүрлі қырларын сәтті ашқан. Қалекең не жазса да, терлеп жазатын, тергеп жазатын, түсініп жазатын мықты суреткер. Қалағаң өз бағытынан таймаған нағыз ақжол қаламгер, асыл аға ретінде ел-жұрттың сыйлайтын асыл тұлғасы ретінде жүрегімізде қала берді.

Нағашыбек Қапалбекұлы,
Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры.

***
Жалпақ жұрттың жүрегін сыздатты

Халықтың мақтанышы болған азаматтар жайында суық хабар естігенде, адам сең соққан балықтай есеңгіреп қалады екен. Қалиханның мәңгілік сапарға кеткендігі туралы жедел жеткен хабар «сен» деп сөйлесетін, сырлас та сыйлас досы менің ғана емес, Төр Алтайды мекен еткен жалпақ жұрттың жүрегін сыздатты, көңіліне қайғы-мұң ұялатты.
Ұлы Отан соғысымен балалық шағымыз тұспа-тұс келген біз ерте есейдік. Сен, Қалихан, оқуыңды үзбей оқыдың, үздік оқыдың. Оның үстіне Алла тағала өзіңе таудай талабыңмен қоса үлкен дарынды да қоса берді. Соның арқасында заманымыздың сүйікті жазушысы, халық жазушысы, қазақ әдебиетінің классигі дәрежесіне жеттің.
Жерлестерің, достарың, оқырмандарың үшін сенің орның ешқашанда толмас. Қымбаты досым, бауырым Қалихан! Сен өзіңнің саналы ғұмырыңды туып-өскен алтын ұя – Алтайыңның қайталанбас сұлулығын, өмірдің қылдан нәзік құбылыстарын жүрек көзімен көріп, жүрек сөзімен кестелей білдің. Сол үшін қалың оқырман қауым шығармаларыңды іздеп жүріп, сүйіп оқиды. Соныменен сен бізбен біргесің, алты алашың, онымен бірге туған елің мәңгі есте сақтайтын асыл мұраларыңды – шығармаларыңды қалдырып кетіп барасың.
Сен Қаратай елінің жер-суының тарихын терең білетін данагөй абызы едің. Енді оның беймәлім сырын ашып, түңлігін түріп, күн сәулесін түсіріп кетіп барасың. Осының барлығы еліңе, Қазақстаныңа деген үлкен сауап. Есесі Алладан қайтсын. Бақұл бол, бауырым!

Түркістан Әлиханов,
жазушының бала кезден бірге өскен досы
Катонқарағай ауылы,
Катонқарағай ауданы.

***
Шығысымның шынары едің, шыңы едің

Халқы сүйген азамат едің, ұлы ең,
Қаламы ұшқыр қарымдының бірі ең.
Ұшқыр ой мен ұтымды сөз зергері,
Қаламгердің мықтысы едің, пірі ең.

Шығысымның шынары ең, шыңы ең,
Катонымның бірге едің мұңымен.
Ажал тағы озбырлығын дәлелдеп,
Ортамыздан алып кетті шынымен.

Әрбір айтқан сөздерің ед ұтымды,
Ұлы едің мақтан еткен ұлтыңды.
Қазағыңда сені қадір тұтатын,
Жерлестерің көтере ме бұл сынды?

Жақсыларым, жайсаңдарым дарынды,
Елің үшін аямадың барыңды.
Ағындарға қарсы жүздің қасқайып,
Еш қиындық сындыра алмай сағыңды.

Том-том болған шығармалар шұрайлы,
Мұра етіп қазағыңа сыйладың.
Ауыр тиді-ау бәрімізге бұл қайғы,
Асыл аға, сені өлімге қимадым.

Аманжан Нұқсара

Шыңғыстай ауылы,
Катонқарағай ауданы.

***
ҚАЛИХАНҒА

Алтай тауы баба мекен еңселі,
Тұлғалы сөз, өрелі ойдың семсері,
Қалихан да дүниеден өтті деп,
Кетті-ау бір сәт күңіреніп, теңселіп.

Ертісің де бүгіндегі байсалды,
Ерім дейтін бір айдының Зайсан-ды,
Қосарданып төкті-ау мөлдір тамщыны,
Қимыстықтан Қалихандай жайсаңды.

Таудан өтіп, кең даланы бойлаған.
Ертісіңнің жағасың кең жайлаған.
Барша халқың аза тұтып тосылды,
Аттанды деп бақилыққа ойлы адам.

Естілері селдіреген заманда,
Өршіл бағыт сілтейтұғын адамға.
Ағалардың ойылды деп ортасы,
Қапаландық сөз таба алмай табанда.

Пейіш болсын барар жерің, арысым,
Тау баласы көтерген ел намысын.
Жалғастырар елің болсын жігерлі,
Тоқтатпайтын өршіл тұлпар шабысын.

Керекулік қаламгерлер,
«Найзатас» журналы ұжымынан Ғалымбек Жұматов

Осы айдарда

Back to top button