Экономика

Қара орманды игілікке айналдыру қажет

Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен облыста орман шаруашылығы мен ағаш өңдеу өнеркәсібін дамытудың жағдайы мен мәселелерін талқылаған кеңес өтті. Оған Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев, орман ғылыми-инновациялық институттың директоры, академик Сәбит Байзақов, «Казгипролесхоз» компаниясы директорының орынбасары Жайлау Тоқтасынов және облыстағы тиісті саланың мамандары мен бірқатар аудан әкімдері қатысты.

Қара орманды игілікке айналдыру қажет

Шешілмеген мәселе шаш етектен

Шығыс Қазақстандағы орман шаруашылығының проблемалары мен келешегі жөнінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Қадырбек Сапарғалиев баяндады.

Оның айтуынша, биыл өрттен зардап шеккен орман көлемі былтырғы кезбен салыстырғанда 17 оқиғаға азайған. Басқарма тарапынан жүргізілген бес мыңнан астам рейдтердің нәтижесінде 600-ден астам заңбұзушылықтар анықталған. Заңнамадағы тыйымдардың кесірінен орта және шағын бизнес өкілдері орман байлығын қысқа мерзімге пайдалана алмай отырған көрінеді. Ағаш өңдеумен айналысатын кәсіпорындар санаулы бағыттар бойынша ғана кәсіптенген. Осының кесірінен орман қалдықтары текке шіріп, есесіне шетелден келетін ағаш өнімдеріне сұраныс артқан.

Өңірде мемлекеттік орман қорына кірмей қалған ағашты алқаптар да баршылық. Мұндай алқаптарды мемлекеттік қорға өткізу жөніндегі жұмыстар аяқсыз қалуда. Оған бұл орманды жерлерді жергілікті әкімдік қосалқы жерінің құрамынан мемлекеттік орман қорына өткізудің тетіктері болмауы кедергі келтіруде. Ағаштардың жас құрылымдарын да қайта қарау жөнінде ұсыныс айтқан басқарма бастығы ормандағы әрбір тұқымның биологиялық ерекшеліктері мен пісіп-жетілу мерзіміне назар аударудың құнды да пайдалы алқаптардың қорын сақтауда орны ерекше екенін жеткізді.

Орманшылардың еңбекақы мөлшері бұл саладағы ең бір өзекті деген мәселелердің бірі болып қалуда. Осының салдарынан білікті мамандар тапшылық етіп, қолда бар қызметкерлердің өзі жиі ауысуда. Еліміз бойынша онға жуық жоғары оқу орнында орман шаруашылығының мамандарын даярлауда. Бірақ солардың барлығында дерлік білікті тәлімгерлер мен қажетті материалдық база жоқ. Соның кесірінен орман шаруашылығына заманауи талаптарға сай келе бермейтін қызметкерлер ағылуда. Ал орман өнеркәсібінің мамандарын даярлау ісі мүлде тоқтап тұр. Бұл мәселені орман академиясының үлгісіндегі арнайы оқу орнын құру арқылы шешуге болатынын айтады Қадырбек Сапарғалиев. Ондай оқу орнын аумағында екі бірдей орман шаруашылығы, табиғи қорық пен ботаникалық бақшасы, ағаш өңдеу тәжірибелік стансасы, орман колледжі мен ағаш өңдеуші кәсіпорындары бар Риддер қаласында ашудың реті келіп тұр.

Аймағымызда 167,1 миллион текше метр ағаш қоры өсуде. Бұл еліміздегі ағаш қорының 70 пайызына тең. Сөйте тұра орман шаруашылығы мен ағаш өңдеу өнеркәсібінің қызметін үйлестірудің тетіктері жоқ болып отыр. Басқарма бастығы жиынға қатысушылар алдына осы сынды жиыны 13 мәселе қойып, өз ұсыныстарын айтты.

Аймақ басшысы осы мәселелердің ішінде ағаш өңдеу өнеркәсібінің дамымай отырғанына ерекше назар аударды. Сондай-ақ, орманның өздігінен құлаған ағаштардан тазартылмай келе жатқанын сынға алды.

– Жылына 70 мың текше метр ағаш алуға рұқсат етілсе, соның тек 16 мыңы ғана алынған. Бар болғаны жұмыстың 27 пайызы ғана атқарылған. Әуелі соның себебін анықтаңыздар. Ал құлаған ағаштарды не өздеріңіз жинамайсыздар, не халыққа алғызбайсыздар. Жер-жерде халықпен кездескенде отын жоқ деп шағымданады. Отынмен қоса ауласын қоршауға ағаш таппай отырғандарды көргенбіз. Орманшылар алғызбайды деп шағымданады. Осы істі жергілікті әкімдіктер арқылы біріздендіруге болады ғой, – деді аймақ басшысы.

Шартты орындамағандармен келісім бұзылмақ

Бұл мәселе бойынша қосымша ақпарат берген облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бастығы Амангелді Қалмықов өзіне қарасты мекемеде қызметкерлер тым тапшы екенін алға тартты. Өрт қауіпсіздігін сақтамайтындар саны азаймаған. Бір тал кессе, он тал егудің орнына қалдығын жинастырмай, шашып кету әдеттегі жағдайға айналған. Трактор табанына тапталып, халықтың бейберекетсіздігінен 366 текше метр орман алқабы жойылған. Семейде болған соңғы өрттен сабақ алған инспекция қызметкерлері жұмыла күресуді машыққа айналдырған. Биыл 206 орман өрті тіркеліп, 182 текше метр ағаш отқа оранған. Бұл бұған дейінгі жылдармен салыстырғанда әлдеқайда төмен көрсеткіш екенін де ескертті инспекция бастығы.

Ай сайын алатын 35 мың теңге жалақылары да жергілікті инспекция қызметкерлерінің өз жұмыстарына жанын салып кірісуіне кері әсерін тигізіп отырса керек. Орман аралау, жер шалу сияқты сапарларға кететін азық-түлік шығыны да өз есебінен болуы қарапайым қызметкерлерге жеңіл тимейтін көрінеді.

Амангелді Қалмықов жиынға қатысушыларды ағаш ұрлау, контрабанда мүлдем жоқ екенін айтып сендірді. Ол мұны ағаш алуға қатаң шектеудің жоқтығымен түсіндіріп бақты. Инспекция жағдайды талдай келе, отауға рұқсат етілген орманның 70 пайызға жуығы алынбайтынын ескере отырып орман шаруашылығында контрабанда жоқ деген шешімге келген.

Ал сыңсыған орманның игерілмеуін қомақты инвестицияның тартылмауынан, ағаш өңдеушілердің несиеге қолы жетпеуінен, қолдарындағы техниканың ескіргенінен деп есептейтінін жеткізді А.Қалмықов.

Облыс Әкімі орман алқаптарын ұзақ мерзімге жалға алып, келісімде көрсетілген шарттарды орындамай отырған меншік иелерін тәртіпке шақыру керектігін қадап айтты.

– Өткенде Карагужихадағы орман шаруашылығында осындай жалға алушылардың жауапсыздығына куә болдық. Шартты орындамағандармен келісімді бұзу керек. Тоқсаныншы жылдары диқандардың басында да дәл осындай қиындық болған. Олар көп ізденді, талаптанды, жаңа технологияларға көшті. Соның арқасында мол өнім алып, техникалық базаларын нығайтты. Неге ағаш өңдеушілерге де сол жолды таңдамасқа, – деді ол.

Орман өртінің 70 пайыздан астамы адамның қолымен жасалатынын айтқан облыс басшысы қадағалаушы инспекция бұл тұрғыдағы жұмыстарды жандандырып, әр жағдайды жеке қарастыру керектігін ескертті.

Ағаш өңдеушілерге қолдау көрсетіледі

Ағаш өңдеу өнеркәсібінің проблемалары мен келешегі туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Шәкәрім Бұқтұғұтов баяндады. Ағаш өңдеумен айналысуға ниет білдірушілердің саны саусақпен санарлық екенін айтқан басқарма бастығы тек «Жаңа Семей шпал зауыты» АҚ мен «УК мебель комбинаты» ЖШС сынды ірі кәсіпорындардан басқа ауқымды жобамен жұмыс істеп отырған мекемелер мүлде жоқтың қасы екенін тілге тиек етті. Ал бұл кәсіппен айналысқысы келгендерге «Бизнестің жол картасы» бойынша да қолдау көрсетілмек. Ескірген құралдар мен техниканы лизинг арқылы жаңалаудың жеңілдіктері де тиімді. Бұл істің алға баспау себебі салалық менеджменттің қалыптаспауынан екенін айтады Ш.Бұқтұғұтов.

Бұдан кейін сөз алған облыстағы ағаш өңдеу және жиһаз өнеркәсібімен айналысатын кәсіпкерлердің аймақтық қауымдастығының төрағасы Владимир Резанов та, орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев пен орман ғылыми-инновациялық институттың директоры Сәбит Байзақов та аталған кемшіліктерді жойып, істі өрістету үшін арнайы тұжырымдама немесе бағдарлама құру керек деген ұсыныс айтты. Мұны қолдаған аймақ басшысы барлық мәселелерді зерделеп, шешу жолдарын анықтау үшін орынбасары Владимир Кошелевке арнайы жұмыс тобын құрып, нақты ұсыныстар дайындауды тапсырды.

– Қылаяғы дәретхана қағазы мен тіс шұқитын шидің өзін ну орманның ортасында отырып, Қытайдан әкелуді доғару керек. Құрылыс материалын өңдеу, қалдықтарды отын ретінде пайдаланудың неғұрлым тиімді жолдарын енгізу істеріне көңіл бөлуіміз керек. Серебрянка, Риддер, Зырян қалаларын жайдан-жай шағын қалалар қатарына қосқан жоқпыз. Олар мүмкіндікті пайдалануы керек. Құрылатын жұмыс тобы шын мағынасында атына лайық болуы қажет. Барлығы қағаз жүзінде қалып жүрмесін. Сол жұмыс тобы ұсынған жобаларды іске асыру үшін қажет болса, Үкіметке де шығуға дайынбыз. Соның барлығы қазіргі күнгідей шетелдің экономикасына жұмыс істеуден құтылу үшін жасалмақ. Ал маман даярлау мәселесі бойынша тиісті министрліктерге шығып, облыс аумағындағы жоғары оқу орындарымен бірнеше сала бойынша орман шаруашылығының мамандарын даярлау жөнінде келісімге келуге болады, – деп қорытындылады кеңесті аймақ басшысы.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button