Руханият

Қарақолға сыйлы қос қария

Әбілқақ ақсақал мен Зина шешеміздің отасқандарына биыл тұп-тура 57 жыл толды. Ақсақалдың жасы сексен үште болса, Зина әже жетпіс бесті толтырды. Бір қуанарлығы, қазірдің өзінде өздерін қунақы сезінетін кейуаналарға кіндіктерінен өрбіген бала-шағалары жақсы қарайды.

Ол кісілер сәл ауырып-сырқай қалса, әсіресе отбасының тұңғышы Ерлан мен оның жұбайы Қуандық бәйек болып, қариялардың асты-үстіне түседі деуге болады. Қос қарияның тұла бойы тұңғышы Ерлан Рүстемовтің өзі биыл елу бесте. Олардың да өз немерелері бар. Ал қарттың өзі – кезінде маңдайалды механизатор болған адам.

– Әбілқақ аталарыңды «Қарақол» совхозының отымен кіріп, күлімен шықты деуге болады ғой, – дейді Зина әжей. – Таңның атысы, күннің батысы осы шаруашылықтың жұмысына жегілді ғой аталарың. Ол тұста орталықтан жырақта, шаруашылықтың №2 фермасында тұрдық. Совхоздың екі мыңнан астам еңбеккері 100 мыңға таяу ақ қойды жемшөппен қамтамасыз ету үшін естері шығып жататын…

Иә, бір кездері шынжыр табанды «ДТ-75» тракторын шыр айналдырған ақсақалдың заманында балуан тұлғалы, келбетті жан болғанын шамалау қиын емес.

– Әке-шешемізден тараған үш ұл, төрт қыздан өрбіген ұрпақтың өзі, Аллаға шүкір, бір қауым ел болды, – дейді ортаншы ұлы Ғалымжан. – Осыған шүкіршілік етеміз. Ананың аты ана ғой. Алтын құрсақты Зина анамыз – біз үшін барын аямайтын, жүрегі перзентім деп елжіреп тұратын жан. Ал әкеміз – маңайымен қалжыңдасып жүргенді ұнататын адам. Кейде алған бетінен қайтпайтын бірбеткейлігі де бар. Баяғыда бульдозер жүргізіп жүрген кезінде кешкі уақытта, жұмыстан шаршап келген соң қолқа салған ағайын, көрші-қолаңның есігінің алдын қардан тазалап беретін. Сол кезде олар айтады екен: «Әй, ана Әбілқақ ағаларың кешке жұмыстан соң есіктің алды мен ауланың ішінің қарын күрейді. Оған былай күре, мына жақты күре деп айта көрмеңдер. Өзі білгенін жасасын. Әйтпесе, қолды бір сілтеп, тастап кетіп қалуы мүмкін!» деп. Осындай мінезді жан ол. Қазір ойлап отырса, совхоздың қат-қабат шаруасынан да шаршай ма екен, кім білсін. Адам да қажиды ғой…

Жеті бала – үш ұл, төрт қыз өсірген бақуатты да бақытты отбасының алтын қазығы – қос қария бүгінде барына шүкіршілік етеді. Семей, Алматы шаһарларында тұратын сол перзенттерінен 22 немере, 10 шөбере сүйіп отырғандығын Алланың үлкен нығметіне балайды. Жалпы, Әбілқақ атамен жақынырақ сөйлесіп, ішіне енсеңіз, ол кісінің интеллект жағынан өз қатарластарынан оқ бойы алда тұрғанын шамалауға болады. Ақсақал қазақтың арғы-бергі тарихына бойлап, оған бүгінгі саясатты әкеліп тіреп, шешіле әңгімелескенде атаның ой-өрісінің кең екендігін байқайсыз. Ал Зина әже – абысын-ажын, туған-туыстарға сыйлы, көрші-қолаңға сыйымды, нұр жүзінен шуақ шашқан адам.

– Е-е-е, шырағым, бүгінде заман жастардікі ғой. Қоғамның қарыштап дамып бара жатқандығы осы өнер мен білімнің арқасы емес пе?! Сондықтан мен үнемі жастарға қайда жүрсе де, сапалы білім алу керектігін айтып отырамын. Қазақ «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген. Біздің жастық шағымызда ойпыл-тойпыл бір заман болды ғой. Алмағайып заманның кесірінен  онжылдықты да тауыса алмадық. Бүгінгі ұрпақ, бүгінгі буын бақытты ғой. Не ішем, не кием демейді. Алла Тағала сендерді біз көрген әділетсіздік пен қиындықтан аулақ етсін! – дейді Қарақол ауылының сыйлы қарттары.

Иә, ауылына сыйлы, берекелі отбасы саналатын Қарақолдағы Рүстемовтер әулетінің басы Әбілқақ ақсақал осылай дейді. Ол бір кездері «Лениннің 100 жылдығы», Тәуелсіздік алғаннан кейін «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Ал алтын құрсақты Зина апа – бүгінде «Алтын алқа» иегері.

Берікхан Тайжігіт 

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button