Қоғам

Қара Ертістің қара нары

Қара Ертістің қара нары


Зайсанда жерлестері арасында аса беделді бір азамат бар. Жеңісбек Кәрібаевты ауданның үлкені мен кішісі бірдей таниды, ерекше құрметтейді. Ал бұл беделге қарапайым азамат қалай ие болды?

Малының бәрі асыл тұқымды

Әкесі Қалихан Қара Ертістің бойында дүниеге келді. Боран ауылы мен Зайсанды жалғастыратын көпірдің жанындағы атақонысында мал өсіреді. Азық-түлік дүкенін ашып алып, жолаушыларға қызмет көрсетті. Сонау 70-ші жылдары студент кезімізде ағаның үйінде болып, сан рет дәм татқанбыз. Жеңісбек Өскемен педагогикалық институтын бітірген соң, әкесінің жолын қуып, саудаға бет бұрады, ұзақ жылдар аудандық тұтынушылар одағын басқарады. Еліміз нарыққа көшкен кезде, сауданың қыр-сырын меңгеріп, тиыннан теңге құрай білетін Жекең Сарыешкідегі «Торбие» учаскесіндегі 50 гектарға жуық жерді игеріп, күнбағыс, бидай, бақша дақылдарын өсіре бастайды. Жұбайы Сәбира да отағасына болысып, есеп-қисап жұмыстарын жүргізеді. Ауданда алғашқылардың бірі болып «Қара Ертіс» шаруа қожалығын құрып алады.

Жекеңмен студент кезден таныспыз. Ұлы Отан соғысының ардагері, ұзақ жылдар Ақжар ауылында ауылдық кеңесті басқарған, жерлестері ерекше құрметтейтін Сейітбек Закариянов ағаның қызы Сәбирамен көңілдері жарасып, Ақжар ауылында үйлену тойын жасаған кезде, жастардың қуанышын бірге бөліскенбіз. Одан бері де жарты ғасырға жуық өте шығыпты. Оның бойында ізденгіштік, қолға алған ісін бітірмейінше тыным таппайтын қасиет бар. Бір жолы іссапармен Зайсанға барған кезде, Қара Ертістің бойында өсіріп жатқан «Байыс» қойы мен Пекиннің үйрегін көрсеткені бар. Ол ол ма, Жекең ауданда бірінші болып ангор ешкісін өсіріп, оның жібек жүнін тапсырыс берушілерге өткізіп, пайдаға кенеледі. Қазір «Қара Ертіс» шаруа қожалығында асыл тұқымды жүзден астам қазақтың ақбас сиыры, 500-ден астам жылқы, үш жарым мыңдай асыл тұқымды қой бар. Айта кету керек, қожалық иесі өсіретін малдың барлығы асыл тұқымды, сол үшін жыл сайын Үкіметтің бағдарламасы бойынша миллиондаған теңге субсидия алады, ал ол қаржыны жаңа техникаға жаратады.

Жеңісбек, Сәбира Кәрібаевтар ауданда бірінші болып көлікке қажет қосалқы бөлшектер сататын дүкенді іске қосқан. Бұдан бірнеше жыл бұрын өз күштерімен «Қара Ертіс» сауда кешенін пайдалануға беріп, 20 адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Екінші қабаттағы жерден көліктері барлар қажетті заттарын сатып алады, болмай қалса, тапсырыс береді. Тапсырыс бір аптада орындалады. Ал қожалықта істейтін жұмысшылар айына 150 мың теңге жалақы қаратады екен.

–Сенесіз бе, қазір шаруа қожалығына жұмысшылар жетіспейді. Жұмыс жоқ дегенге сенбеу керек, мәселенің түйіні адамдардың жеңіл жолмен жалақы табуға деген құлшынысында болып тұр. Жақында ғана газетке «Қара Ертіс» шаруа қожалығына жұмысшылар мен малшылар (отбасы мүшелерімен бірге келсе тіптен жақсы) керек, жалақысы жоғары» деп жарнама бердік. Шіркіндер, сонда да селт етпейді ғой,-дейді қожалық иесі Жеңісбек Қалиханұлы.
Жекең биыл 70 жасқа толады. Ширақ қимылдайтын, әңгіме айтқан кезде ерекше шабыттанып кететін азамат өлкенің тарихын бес саусағындай біледі. Мамандығы тарихшы болғандықтан шығар, сонау зұлмат заманда құрбан болып кеткен ағалары мен жерлестерінің бастан кешкен қиындықтарын айтқан кезде, еріксіз қиналасыз. «Көкейде сайрап тұрған осы оқиғаларды неге кітап етіп шығармайсыз?» деген сауалға ол ойланып қалды.

Қара Ертістің бойында туып-өскен, одан қуат алатын, ерекше табынатын азамат жарты ғасырлық еңбек жолында сан рет сый-құрметке ие болды. «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Шыңғыстау» жәрмеңкесінде алған Құрмет дипломдары, басқа да марапаттар еңбекпен есейген, содан бақытын тапқан азаматтың беделін арттырып тұр. Бір сөзінде Жекең балалары туралы емес, өзі ерекше жақсы көретін немересі – Жанәділ туралы сыр айтқан еді.

Жиені – Әлем чемпионы

Қара Ертістің қара нары

…Дарынымен дараланған Жанәділді бірнеше жылдан бері білеміз. Ол каратэмен шұғылданған жеті жылда адам нанғысыз биіктерге шықты. Бір сүйініштісі, спортты ғана емес, физика-математика ғылымдарының құпиясына терең бойлап, бұл саланы да бағындыра бастады. Ендеше жас өреннің бұл табыстарға қалай жеткеніне үңілейікші…

Әкесі-Аманжол Талдыбайұлы Сабиев Зайсан қаласынан әскери қызмет бабымен Жарма ауданы, Георгиевка маңындағы әскери қалашыққа қоныс аударғанда, Жанәділ 1-сынып табалдырығын аттаған еді. Екінші сыныпты Семей қаласындағы Шәкерім атындағы №5 мектеп-гимназияда жалғастырды. Жасынан спортқа бейімділігін байқаған апайы Жанерке сүйікті бауыры Жанәділді қаланың сол жағалауында орналасқан Болат Тұрлықанов атындағы «Жастар кешенінің» ішіндегі «Цунами» каратэ мектебіне апарып, күнделікті жаттықтыруға қатыстырады. Оның директоры әлемге әйгілі қара белбеу, ІІІ-дан иегері Наталья Валерьевна Клименко болатын. «Мен кісі танысам, мына бала әлі талай рет Қазақстанның атын әлемге жаятын болады. Тек үнемі тұрақты түрде қатыстырып отырыңдар», – дейді мектеп мүдірі Наталья Клименко апайы Жанерке Аманжолқызына.

Директордың айқанындай-ақ, Жанәділ 2004 жылы Ресейдің Рубцовка қаласында өткен халықаралық жарыста Қазақстан командасы атынан қатысып, екінші орын алып, күміс медаль иегері атанып, дипломмен марапатталады. Сол жылы Ташкентте өткен сайыста чемпион атанады. Семейде өткен Евразиялық чемпионатта қола жүлдені иеленеді. Мына қызықты қараңыз, 2006 жылы қаңтар айында жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатына қатысу үшін Америкаға жолдама алады. Огайо штаты, Каламбус қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы додада екі дүркін әлем чемпионы атағын жеңіп алады. Чемпиондық алтын медальды штаттың губернаторы Арнольд Шварцнеггер өз қолымен Жанәділдің омырауына тағып, мәртебесін көтерді. 2007 жылы Американың Лас-Вегас қаласында өткен әлемдік жарыста Қазақстан командасы құрамасында қатысып, жарыстың екі түрінен де екінші орынды иемденіп, елге жеңіспен оралады. Сол жылы Араб Әмірліктеріне республика командасы атынан жарысқа түсіп, 1-орынды иемденіп, Әлем чемпионы атанды. Сонымен, Жанәділ 3 дүркін Әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Грекияда өткен халықаралық олимпиадада жүлделі орынды иеленді. 12 жасында қара белбеуге ие болған ол ең жас каратэші ретінде Қазақстанның Гиннесс рекордтар кітабына енеді.

Білім мен спорт егіз деп орынды айтылған. Спортпен шұғылдана жүріп, Жанәділ шетел тілдерін меңгере бастайды. Бала кезінен математика мен физикаға жүйрік талантты жас бұл күндері Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласында білімін жетілдіріп жүр. Ол былтыр «Ең үздік студент» атағын жеңіп алды. Болашақта талантты студент Қазақстан мен Корея арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға үлесін қоспақ.

Өткен жылдың қарашасында бір топ журналист Зайсандағы ата-апасы Жекен және Сәбира Кәрібаевтардың үйінде қонақта болып, емен-жарқын әңгімелестік. Екеуі де Корея елінде болған кезде немерелері Жанәділмен жолығып, оның бірнеше шетел тілін меңгеріп алғанына көз жеткізіпті. Сеул қаласы керемет екен, экономикасы алға қарыштап кеткен мемлекеттің Қазақстанмен достығы жарасқаны қуантады,-деді ерлі-зайыптылар.

– Шіркін, каратэ спорты Олимпиада ойындарының бағдарламасына енсе ғой. Белбеу күресіне бейімі бар қазақ жастары кетіп жүрген есеміздің орнын толтырар еді, – деген еді бір кездесіп қалғанда Жанәділ.

Ақыры оның айтқаны келді, 2020 жылы Токиодағы Олимпиада ойындарының бағдарламасына каратэ енді. Екі жылдан кейін Жанәділ 23 жасқа толады екен. Ендеше жас өреннің байрақты бәсекеде жұлдызы жана берсін, демекпіз.

Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button