Қоғам

Қараң қалған ғимарат, қаңыраған саябақ

Қараң қалған ғимарат, қаңыраған саябақ

Кешегі кеңестік заманда Өскемен қаласының әр ауданында балалар мен жасөспірімдерге арналған бірнеше спорт клубтары болған еді. Солардың бірі бұрынғы Үлбі ауданының Металлургтер көшесі бойындағы «Алтай» спорт клубы болатын.
Бұл ғимарат өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында пайдалануға берілгенін білеміз. Әу баста мәдениет үйі болып ашылып, кейін спорт клубына айналды. Ол кезде «Квартал Б» деп аталатын қаланың бұл пұшпағы Металлургтердің мәдениет сарайы ашылғанға шекті көпшілік-мәдени шаралар өтетін орталық іспеттес еді. Мұны қаланың байырғы тұрғындары ұмытпаған болар деймін. Сәні мен салтанаты жарасқан екі қабатты бұл ғимаратта еліміз тәуелсіздік алған жылға дейін спорттық және көркем гимнастика, басқа да спорт секциялары тұрақты жұмыс істеді. Кезінде осы клубтан небір саңлақ гимнасшылар шығып, облыс және республика намысын абыроймен қорғаған-ды. Мен мұны осы клубта өзімнің қызым мектеп қабырғасында жүрген кезінде бірнеше жыл спорттық гимнастикамен айналысқандығынан жақсы білемін.
Ал қазір ше? Қазір бұл ғимараттың қаңқасы ғана тұр. Кеңес одағы ыдырап, аумалы-төкпелі заман басталысымен иесіз қала берген. Рас, ана бір жылы әлдебіреулер дүкен мен дәмхана ашпақ болып ниеттенген еді. Неге екенін кім білсін, аяғына жеткізбеді.
Бұл күнде қайран «Алтай» клубы қоқыс төгетін үйге айналған. Қатарындағы автотұрақ пен ішкі аула жақтағы гараждардың иелері ғимараттың ішін түрлі қоқысқа нықа толтырып тастаған. Ішінен не іздейтінін кім білсін, әйтеуір, белгілі тұрағы жоқ кезбелер осы жерге үйір-ақ. Осы жақтан шыққан жағымсыз иіс желді күндері ауаға тарап, маңайынан өтіп бара жатқан адамның жүрегін айнытады. Ғимарат іші толық антисанитариялық жағдайда, ал биылғыдай аптап ыстықта бұл жерден түрлі жұқпалы аурулардың тарамасына ешкім кепілдік бере алмайды. Осы жерде қаламыздағы санэпидемиологиялық қызмет мамандарының құлақтарына алтын сырға дегіміз келеді.

Қараң қалған ғимарат, қаңыраған саябақ

Есік-терезелері шағылғаны болмаса, клуб үйінің төрт қабырғасы бүтін, төбе жабуы сол қалпында. Ойластырған жағдайда нысанды кәдеге жаратуға әбден болар еді. Қазір үйсіз-күйсіз жүрген жастар, жас отбасылар, жетімдер үйінен шыққан ата-анасыз қалған бойжеткендер мен бозбалалар жетіп артылады. Мәселен, баспанаға зәру осындай санаттағы жандар үшін бұл үйді қалпына келтіріп, шағын жатақханаға айналдыруға болатын шығар. Аталмыш ғимарат мүлдем иесіз емес те шығар. Бәлкім, сонау кезде оны біреулер сатып алған болуы керек немесе Өскемен қалалық әкімдігінің есебінде болар. Бұл нысан қала ортасындағы аядай бос жер үшін таласқа түсіп жататын кәсіпкерлердің де назарларынан тыс қалған. Әйтпегенде, қасындағы айналасы ат шаптырым саябақпен қоса алғанда бір көрікті мәдени орынға айналдыруға болатындай.
Саябақ демекші, мұның ішін де қоқыс полигоны деуге болады. Айнала қоршалған темір қашаларды пысықайлар әлдеқашан қопарып әкеткен. Сандалумен жүрген жастардың топталып келіп ішімдік ішетін орындары да – осы жер. Қараң қалған саябақтың ішінде ұрыс-керіс, бұзақылық әрекеттер жиі болып жатады. Бұл жаққа тәртіп сақшылары аяқ баспайды. Кезінде осы саябақтың ішінде би алаңы болған, бетоннан құйылған дөңгелек алаңқай соның дәлелі ретінде қазірге дейін сақталып қалыпты. Ал ғимараттың қатарындағы автотұрақ бұрындары хоккейге арналған ашық стадион болатын. Спорт сарайы салынғанға дейін хоккей командаларының жарыстары осында өтетін.
Осы ықшам ауданның тұрғындарын бәрінен бұрын жоғарыда айтып өткендей, аумақтың антисанитариялық жағдайы алаңдатуда. Өскеменнің экологиялық ахуалы онсыз да оңып тұрмағаны белгілі. Ата-аналар бос жатқан үйдің маңында ойнауды әдеттеріне айналдырған балалары үшін қауіптенеді. Баланың аты бала емес пе, «ит қорыған жерге өш» дегендей, бұл жерде ойнаушы болмаңдар деп қаншама ескерткенмен, өз білгендерін істейді.
Тобықтай ойдың түймедей түйінін айтар болсақ, қалалық әкімдік пен қалалық санэпидемиологиялық станция мамандары болып, осы көтеріліп отырған мәселеге назар аударса, құба-құп дер едік.

Мұрат Әміренов,
еңбек ардагері

Осы айдарда

Back to top button