Қоғам

Қар тазалауға жұмыла кіріскен жөн

Қар тазалауға жұмыла кіріскен жөн


Семейде қараша айының басынан бастап қар қалың жауды. «Қазгидрометтің» хабарлауынша, мұндай ауа райы 18-қарашаға дейін сақталатын көрінеді. Күн кей жерлерде -25 градусқа дейін суытады. Қардың қалың түсуіне байланысты көше тазалығы жұмыстары жөнінде коммуналдық шаруашылық мекемелерінің есебі тыңдалды.

Қала әкімі Ермак Сәлімов бұдан бұрын да айтып өткендей, ауа райының күрт құбылуына байланысты қар тазалайтын техника түрлерін артығымен іске қосу қажет болған. «Семей» коммуналдық мекемесінде грейдер бар, бірақ қаланы толық тазалап шығу үшін оның саны 12-ден кем болмауы тиіс екен. Қала басшысы Ермак Бидахметұлы әкімдікте өткен жиында «Гордорстрой» және «ЦАРП» техникаларын қосымша тартуды тапсырды. Жүргізушілер көліктерін жол жиегіне қоятындықтан, қар тазалауға едәуір кедергі келтіріп жатыр. Жиында облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин коммуналдық сала өкілдерінің қалың қарға алдын ала қамдануға тиіс болғандығын атап көрсетті.

– Біз бүгін қала әкімінің орынбасары екеуіміз Семейді аралап шықтық. Аялдамалардағы ахуалды да көрдік. Қар тазалаумен 65-95 адам шұғылданып жүр деп отырсыздар. Мысалы, мен қалада 7-8 көлікке қар тиеліп жатқанын көрген жоқпын. Көшелерді қардан тазартуда кәсіпкерлік нысандарының иелерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу де маңызды. Олар өз аумақтарынан қар шығаруды қамтамасыз етулері тиіс. Бұл жұмыстарға құқық қорғау органдарын да жұмылдыру керек. Сондай-ақ, адамдар қарды неге жолға тастайды? Әрбір мекеменің қожайыны өз аумағына жауапты ғой. Сондықтан олар қарды қала сыртына өздері шығарып тастап отыруға міндетті. Тиісті қызметтер бұл жұмыстарды жолға қоюы керек. Рейдтер өткізу қажет, – деді Дүйсенғазы Мусин.
Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша қалаға келген штаб жетекшісі жолдардағы жағдаймен танысып, коммуналдық сала қызметінің жұмыстарына тұрғындардың шағымдануы жөнсіз емес дегенді айтты. Қыс маусымында Семейдегі жолдарды қамтамасыз етуге қала бюджетінен 150 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Қаланы абаттандыру мен көгалдандыру бойынша бас мердігер болып «Семей» мемлекеттік коммуналдық мекемесі бекітілген. Мекеме бұл жұмыстарға «Озон» кооперативі мен «Гордорстрой» мекемесі сынды екі қосалқы мердігерді тартқан.

– Қала көшелерінен 830 текше метр қар шығарылды. Басты көшелер мен қосалқы көшелер, Бозтаев, Селевин, Әуезов, Дальняя, Қаржаубайұлы, Қабанбай батыр көшелері мен Восход, Шығыс кентіне баратын жолдар қолға алынды, – деді жолаушылар тасымалы мен автокөлік жолдары бөлімінің жетекшісі Юрий Пазына, – қазіргі көктайғақ пен қалың қар қала көшелеріндегі көліктер мен жаяу жүргіншілерге қиындық туғызуда.

Дүйсенғазы Мусин жиынды қорытындылай келе, бұл мақсатқа қаржы жеткілікті мөлшерде бөлінетіндіктен, қала көшелеріндегі қарды тазалау және шығару жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Коммуналдық қызмет саласы мамандары жеткілікті болғанымен, барлық жерге инертті материал себілмегендігін де атап айтты. Соңғы екі күнде қала бойынша 930 текше метр қар шығарылыпты. Қар тазалау қауырт жалғасуда. Тиісті мекемелер күні-түні жұмыс істеуде.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button