Қоғам

Қар суынан келер қауіп жоқ

Қар суынан келер қауіп жоқ


Облыс орталығының тұрғындарына көктемгі еріген қар суынан келер қауіп жоқ. Үлбі өзенінің су басу қаупі бар жағалаулары мен сағалары ақпан айында алдын ала анықталып, қазіргі уақытта жағалауды бекіту, көтеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Су ағатын негізгі арықтар табаны тұрмыстық қалдықтардан, қар мен мұздан аршылған. Бұдан бөлек, Өскемен қаласына қарасты өзге де су қоймаларына тәуліктік бақылау бекеттері ұйымдастырылған.

Бұл жөнінде Өскемен қаласының әкімі Ерлан Аймұқашев БАҚ өкілдеріне арнайы ұйымдастырылған рейд барысында айтты.

Рейдке қатысушылар алдымен Согра ықшам ауданындағы Городская, Гражданская көшелерінде, Проходный тұйық көшесінде болып, Үлбі өзенінің жағалауын тексерді. Бұл жерде қауіпті жағалаулар төрт метрге дейін көтеріліп, биіктетілуде. Естеріңізде болса, былтыр дәл осы арада өзен суы көтеріліп, аталған көшедегі 20-ға тарта тұрғын үйді су басу қаупі туындаған болатын. Қала әкімінің айтуынша, биыл қардың еруінен ешқандай қауіп жоқ.
Мұнан соң қала әкімі бастаған рейд мүшелері осы Согра ықшам ауданындағы Согринская көшесіндегі арықтардың бойын тексеріп, «Титан» бау-бақша серіктестігі аумағындағы бұлақтың, Глубокое ауданына қарасты Солнечный кентіндегі Маховка өзеніндегі, Ұлан ауданының Герасимовка ауылын жанай ағатын Ұлан өзеніндегі су жинайтын тоғандардың жағдайын бақылап қайтты. Тоғандардағы су деңгейі қалыпты, мамандар бақылауына алынған. Өскемен қаласының аумағында орналасқан бұл гидротехникалық нысандардың бәрі де облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Шығыс су қоймалары» мекемесінің теңгеріміне алынған.

– Биыл көктемгі тасқынға қарсы дайындықты ақпан айында бастап кеттік. Су басу қаупі анықталған барлық жерлер мен су қоймалары толық бақылауға алынған. Өздеріңіз көргендей, Үлбі өзенінің қауіпті жағалаулары бекітілуде. Ұзындығы 250 метр жағалау 4 метрге дейін көтерілді. Қажетті техникалар мен адамдар қауіп төнсе, шұғыл әрекет етуге сақадай-сай. Дегенмен, бұған қарап, дайындықты әлсіретуге, тоқмейілсуге болмайды. Барлық жерде тәуліктік бақылау ұйымдастырылған, – деді Өскемен қаласының әкімі Ерлан Аймұқашев.

Қала әкімдігі берген ақпаратқа сүйенсек, бүгінгі күнде жалпы ұзындығы 1685 метр болатын су бұру арналары тазаланып, 1437 су ағатын құдықтар ашылған. Жалпы саны 33 су өтетін құбырлар тазартылған. Наурыз айындағы жағдай бойынша қала көшелерінен 320 000 текше метр қар шығарылған. Науқандық шаруаға қажетті 470 тонна дизель отыны, 140 тонна бензин сатылып алынған.

Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерболат Ошақбаевтың айтуынша, тасқын болуы мүмкін аумақтарда тұрақты тұрғындары бар екі мыңнан астам тұрғын үйлер мен саяжайлық баспаналар орналасқан. Олардың бәріне алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әр үйге 2140 дана жадынама қағаздары таратылған.

– Өскемен қаласының аумағы көктемгі су тасқыны кезінде квадрокоптер ұшу құрылғысы арқылы әуеден үздіксіз бақыланады. Су жайылған учаскелер байқалса, дереу мобильді топ жіберіліп, қауіптің алды алынатын болады, – дейді ол.

Су қатты тасығанның өзінде екі саяжайлық аумаққа ғана жайылуы мүмкін болған. Бірақ тиісті мамандар тасқын қаупі кезеңінің алғашқы онкүндігінде қарғын су толық бақылауға алынғандықтан, қауіп сейілгенін айтады.

– Сәуірдің аяғы мен мамыр айының басында мұздарды жару басталады. Сеңнің өзен сағаларын бітеп қалмауына мониторинг жүргізетін боламыз, – деді Өскемен қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Ақылбек Мұқаев.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button