Қоғам

Қар құрсауынан қалай құтылуды үйренді

Қар құрсауынан қалай құтылуды үйренді

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен аймақтық аэроұтқыр жедел құтқару жасағының ұйымдастыруымен «Жас құтқарушылар мектебінің» тәрбиеленушілері қысқы демалыс кезінде қар құрсауынан қалай құтылу жолдарын үйрететін арнайы практикалық курстан өтті.
«Эставелла» балалар-жасөспірімдер клубы (БЖК) базасындағы «жас құтқарушылар» сыныбының оқушылары қар құрсауында қалып қойған жағдайда одан құтқарылу тәсілдерін үйренді.
– Бұл сабақтардың негізінде балалар құтқарушы жұмысының жаңа қырларын біледі. Сондай-ақ, қыс мезгілінде далада қалған жағдайда тоңып қалмас үшін қардан пана жасауды және құтқару жүйелерімен жұмыстарды қалай дұрыс атқаруды үйренеді. Әрі бұл балаларды кез келген жағдайда сенімді болуға машықтайды, – дейді қалалық ТЖ басқармасының баспасөз хатшысы Марина Лискова.
Аталмыш дәріс барысында мектептің тәрбиеленушілері көп нәрсені меңгеріпті.
– Біз үшін бұл сабақтар өте қызықты болды. Болашақта қыс мезгілінде аяқастынан белгілі бір жағдайға байланысты орманда қалып қоятын болсақ, қардан жасалған бой тасалайтын пананың іші жылы болатынын ескере жүреміз, – дейді «жас құтқарушылар» сыныбының оқушысы Сырым Ахметжан.
Дәріс соңында Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары теориялық емес, тәжірибелік білімдерімен де бөлісті. Сондай-ақ, сыннан сүрінбей өткен оқушылар марапатталды.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button