Руханият

Ар ілімін ардақтаған қойылым

Ар ілімін ардақтаған қойылым


Шәкәрім – өте күрделі тұлға. Оның өмірі мен шығармашылығын көркем шығармаға айналдыру, оның ішінде сахнаға алып шығып көрерменге ұсыну аса жауапты. Сахна тілінде сөйлете білу, әрбір сөзді «жүрекке жылы тиетіндей» етіп жеткізу оңай болмаса керек-ті.

«Шәкәрім. Жолсыз жаза» – эксперимент емес

Ар ілімін ардақтаған қойылым

Семей қаласындағы Абай театрында облыстық «Дариға-ай» жастар театры көрермен көңілінің кілтін тапқан, сазы мен сөзі, сөзі мен сазы жымдасқан, ойлы да оқшау қойылым – «Шәкәрім. Жолсыз жаза» спектаклінің тұсауын кесті. Сөзді Шәкәрімнен бастап отырғанымыз сол. Соңғы жылдар шеңберінде еліміздегі театр сахналарында халқымыздың бірегей тұлғаларын танытатын тамаша қойылымдарды көріп жүрміз. Тұлғаның қилы да қиын өмірі, тартысқа толы тағдыры алғашқы орынға шыққанымен, шығармашылығы шеттеп қалып, сыртқы бейнесін көргенмен, ішкі болмысын байқай алмай дағдаратынымыз рас.
Аты жастар театры болғанымен, затында кәсіби әрі тәжірибелі актерлер топтасқан «Дариға-ай» шығармашылық ұжымы кейінгі жылдарда сәтті эксперименттерге барып, қиыннан жол тауып жүр. Жаңа ізденіске толы елеулі еңбектері көпшілікті қуантып, актерлерге шабыт сыйлағаны да ақиқат. Былтырғы жылғы жастар театрының заманауи форматтағы «Ричард-3» театрландырылған қойылымы осы бір сөзіміздің дәйекті дәлелі. Асылы, тарихи тақырып, онысымен қоймай Шәкәрім философиясы мен идеясы экспериментке келмейтін айтулы дүние. Жақында ғана көрерменге жол тартқан жаңа форматта сахналанған «Шәкәрім. Жолсыз жаза» эксперимент емес, кәсібиліктің жоғарғы деңгейі екеніне бәс тігеміз. Сенбесеңіз, тамашалап қайтуға жол сілтейміз.

Кез келген театрландырылған қойылымның, шығармашылық жұмыстың жарқырап шығуы, еткен еңбегіңе, жаныңның ауырғанына байланысты. Аталған спектакльді бастан-аяқ тамашалау арқылы режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың, қойылымның театрландырылған нұсқасын әзірлеген Амангелді Бахтиновтың еңбегі толық ақталды деп сенеміз. Негізгі және қосалқы рөлдердегі актерлердің ізденісі және Шәкәрім тақырыбын жүрегімен сезінгені жұртшылықты баурап, талантына тәнті еткені айқын аңғарылды. Шәкәрімнің образы (Еркебұлан Нұғыманов) соншалық жатық, соншалық жақын, кәрі Шыңғысты мәңгілік биігінде қалдыру үшін актердің (Естай Шәріпұлы) ерекше ізденгені, Шәкәрімнің өмірлік жолдасы, сенімді серігі Әупіштің (Ғалымбет Тасболатов) сахнадағы жүріс-тұрысы нанымды көрінді.

Айтылған сөзді көрерменнің жетесіне жеткізу арқылы әр оқиғамен татымды ойдан кейін жоғарғы дайындықтағы билер мен Шәкәрімнің музыкалық мұраларының ұтымды пайдаланылуы данышпан ақынды даралап, әр эпизод сайын белгілі бір ойды тамаша түйіндеп отырды. Ақынның өлеңі – оның тап өзі, шырқырағын жаны, тобырдан зәбір көрген, жапа шеккен ақын біртұтас ұғым. Шығармашылық топтың Ш.Құдайбердіұлының «Мұтылғанның өмірі» поэмасын негізге ала отырып, сонымен қатар ақынның басқа да туындыларына терең бойлауы, тарихи деректерді темірқазық етіп алуы «Шәкәрім. Жолсыз жаза» қойылымының ауқымын кеңітіп, мазмұнын тіптен байытып жібергені менмұндалап тұрды.

Қойылым кіріспесі ойшыл ақынның шыр етіп өмірге келген мезеті, ақын ағасы хакім Абай айтпақшы, көрсем-білсем деген ниетпен көп нәрсені көңілге түйіп үйренгені, болыс болып қоғамдық істерге араласуы, қожа-молдалармен тартысуы, елден шалғайға кетіп ар іліміне, шығармашылыққа тереңдеуі, бәрі-бәрі тұтастай алғанда сегіз таспалы қамшыдай ғажап өріліп шыққан. Әр детальға, айшықты штрихтарға аса зор мән берген автордың алғырлығы, режиссердің таудай талабы танылды.

Іңкәр дүниеге іңгәлап жеткен сәбидің жарық жалғанға көз тігіп, құмарлықпен қарағаны, қайталап айтамыз, Ұлы жарыққа қадалғаны, нәрестенің өмірге келгенін жеткізудегі жаттанды образдардан анағұрлым жаңаша болып шықты. Қосалқы рөлдердегі қараша халықтың сыпсыңы, ақын жанын жаралайтын суық сөздері, надан тобырдың қарасұр киімде көрінуі, Шәкәрім болыс болып шыға келгендегі жағымпаз жұртшылықтың жағыну мағынасындағы әртүрлі қимыл-қозғалыспен билеп шығуы, шапан жауып жалпақтауы жаңашылдықтың дәмін татырды. Болыс сайлауындағы тастарды тықылдатып санау арқылы жеткізілген ой, дінді алға тартып өтірік жөткірініп, маңғаз көрінген шала моллалар мен қатал қарилердің бейнелері шынайы сомдалған.

Спектакльдің шарықтау шегіндегі дала данышпаны Абайдың қазасы залда отырған көрерменнің, барша қазақтың Абайдай алып тұлғасын жоғалтқандағы үлкен өкінішін, Шәкәрімнің өмір бойғы жолдасы болған Әупішпен жолы екіге бөлінгендегі кемеңгердің ауыр қайғысы, Абай ағасының қамқорында болып, білім-ғылымға қол созған талапшыл жастың күйініші көрермен көңілінің кілтін тапқан секілді. НКВД түрмесінде қызылдардың қыспағынан өз-өзіне қол салған баласы Ғафурдың сахнаға бассыз шығуы, немересі Баязиттің мойнындағы қыл арқан, барлығы да Шәкәрім ұрпақтарының Кеңес үкіметі тарапынан аяусыз қудалауға түскенінен хабар беріп, тарихи оқиғалармен тамырласып шыға келді.

Көрерменін ойлануға жетеледі

Спектакль бойында кәрі Шыңғыс болып Шәкәріммен сырласқан кейіпкер тағы бір қырынан қарағанда кемеңгер ақынның алғыр ойы, ар-ожданы ма деген ой келді. Санасын сайтан билеген пенде өзінің арының алдында бар күнәсін өтейтіні анық. «Менің осы ісім не?» деп бейнебір екінші адаммен сырласқандай күй кешетініміз бар. Кейіпкердің «кәрі Шыңғыс» аталып, тау дегені өзінің асқаралы биік ойы ма деген пікірге қалдық. Бәлкім ізденіс үстіндегі шығармашылық топ көрерменіне көзбен көру арқылы ойлануға да мүмкіндік берген болар?! Ойшыл Шәкәрімнің ар ілімін ардақтап, алға тартқан актерлердің жаңашылдығы тұрақты қойылымдардан сонысымен ерекше, сонысымен қымбат.

Ар ілімін ардақтаған қойылым

Жалпы қазақ әдебиетінде оқырманды ойландыруға күш салатын ілім – ол Шәкәрімнің ар ілімі. Ар ілімін жеткізуге, ішсем-жесем дегеннен бөлекше ойлануға жетелейтін шығармашылық ұжым көпшілік көрерменнің ықыласына бөленгені айқын. «Шәкәрім. Жолсыз жаза» спектаклінің идеясы:

Адамдық борыш ар үшін,
Барша адамзат қамы үшін.
Серт бергем еңбек етем деп,
Алдағы атар таң үшін, – деп ар ілімін өмірінің мақсатындай танып, елінің қамы үшін ерінбей еңбектеніп, келешек ұрпағына өшпестей мұра қалдырған Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығын білімнің, имандылықтың, адамгершіліктің, арлылықтың, елін сүюге баулудың үлгісі ретінде ұсыну, болашаққа ұмтылу.

Спектакль мәресінде тау арасында атылған мылтықтың кімдікі екені белгісіз. Үлкен жұмбақтың шешімін көрерменнің өзі іздеп табары сөзсіз. Анығы Шәкәрімді ажал оғына байлаған қандықол қарақшылар, НКВД жендеттері. Абайды сабаған, Абайға қол көтерген ноқай тобыр. Ал Шәкәрімді өлтірген озбырлықтан оқталған мешеуліктің мылтығы – надандық еді. Осы ойды қойылым авторлары ашық айтып, дәл танып, анық жеткізіп отыр.

Сахна безендірудегі декорация үлгісі лайықты таңдалған. Актерлердің киім үлгісі мен жүріс-тұрысына зор маңыз берілген. Қойылым бойы тау, ақынның соңғы күндері өткен тарихи мекен Керегетас, тобыр болып Шәкәрімді келеке қылып тон пішкен алып мүсіннің қас-қағым сәтте құрқұдыққа айналып шыға келуі көрермен күтпеген шымыр шешім. Шәкәрім мүрдесінің құрқұдыққа тасталған заматта көрермен жүрегін селт еткізіп, жүрек шымырлатып әсерге бөлегенін байқадық. Режиссердің шын шеберлігіне өн-бойымыз шымырлап тұрып қол соғуға мәжбүр болдық.

Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдық мерейтойы қарсаңында ойшыл ақынның «Мұтылғанның өмірі» поэмасының желісі бойынша әзірленген спектакльдің режиссері және сценографиялық нұсқасының идея авторы Ж.Жұманбайдың, қойылымның биін дайындаған К.Джиренбаеваның, музыкасын жазған Ғ.Секеевтің, костюм суретшісі Н.Ерчихинаның, «Шәкәрім. Жолсыз жаза» спектаклінің сахналық нұсқасын жасаған әрі театр директоры А.Бахтиновтың, одан бөлек білуге құштар, әр пьеса сайын жаңа қырынан танылып келе жатқан актерлар тобының ерен еңбегін атап айту парыз.

Сөз соңында «Дариға-ай» жастар театрын бастан-аяқ мақтау немесе «Шәкәрім. Жолсыз жаза» спектакліне дуылдата қол соғу емес, тартымды дүниенің сәтті шыққанын жұртшылыққа әйгілеуді мақсат еттік. Бұл шығармашылық ұжымның биік белеске бет алғандағы құтты қадамы боларына сенеміз және алдағы уақытта театрландырылған татымды қойылым күтеміз. Келешекте аталған қойылым еліміздің бас қалаларында Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығын жұртшылыққа паш етсе деген арман-ниетіміз бар. Көзі қарақты көрерменнің қалауы осы.

Қуат Қиықбай,
жазушы
Семей.

Осы айдарда

Back to top button