Қоғам

Қар кетіп, жердің кебуін күтіп отыр

Қар кетіп, жердің кебуін күтіп отыр


Биыл облыс бойынша 1,3 млн. гектардан астам алқапқа дән себілмек. Көктемнің алғашқы айы түгесілсе де, қар көбесінің кешігіп сөгілуі жер емген диқандарды біраз алаңдатып отыр.

Қардың суын кәдеге жарататындар да бар

– Қарашада қар басып, қыс ерте басталғанын білесіздер. Ал жаздың кешігіп келетін түрі бар. Бұл жағдай бізден бұрынғыдан да жедел қимылды талап ететіні анық. Өйткені, егін себу мерзімі өте қысқа. Дер кезінде үлгермесең, еккен егінің өнбей қалуы мүмкін. Сол үшін қардың баяу еріп жатқанына қарамастан, техникамызды майлап, себетін тұқымды сайлап отырмыз, – дейді Ұлан ауданының Таврия ауылдық округіне қарасты «Изумруд» шаруа қожалығының өкілі Евгений Зейнок.

Аталмыш қожалық иелігіндегі бес мың гектардан асатын алқапты үш тұқым сепкіш кешеннің көмегімен өңдеуге дайын отыр. Бұл үш кешен де әлемде озық саналатын John Deere, Burger, New Holland маркалы техникалар. Мысалы, бір ғана John Deere техникасы бір күнде 110-130 гектар алқапқа дән сеуіп үлгереді.

-Кеңестік дәуірде көктем туа егістікке техника қаптап кететін. Бірі жер жыртса, бірі топырақты қопсытып өңдейтін, бірі тұқым сепсе, бір оны көметін. Жанармай шығынынан бөлек топырақ аяусыз тапталатын. Ал қазір осы жұмыстың бәрін бір ғана трактор атқарады. Біздің Таврия өлкесі құрғақ далалы болғандықтан, ылғал үнемдеу технологиясын пайдаланып егеміз. Біздегі импорттық кешендер топырақты аудармай-ақ, астынан қопсытып, тұқым себуге ыңғайлайды. Бұл жақта қар еріген соң топырақ тез кебеді. Сондықтан келесі аптадан бастап барлық техниканы гараждан шығарып, дайындай бастаймыз. Оған арнайы орын да күреп қойдық, – дейді Е.Зейнок.

Көктемгі науқанға дайындық қызған тұста техника өндіруші алпауыт компаниялардың да насихат жұмыстарын жандандыратын әдеті. Әйгілі John Deere компаниясының Швейцариядан келген арнайы өкіліне осы «Изумруд» шаруа қожалығының базасында арнайы кездесу өткізіп жатқан жерінен жолықтық. Ол Ұлан ауданының шаруаларына өз техникаларының артықшылығын таныстырып, лизингке алу жолдарын түсіндірді.

Осы кездесуге шақырылған қонақтардың бірі, «Агро-Бам» шаруа қожалығының жетекшісі Жақсылық Қасенов биыл қалың түскен қардың ылғалын тиімді пайдалануға қам жасағандарын айтады.

-Өткен жылы Таврия аумағында бірнеше қожалық күнбағысты толық жинай алмай, қар астында қалды. Біз өзіміздің егінді ерте алып қойғандықтан, соларға көмектестік. Осының өзі өткен қыстың қаншалықты ауыр болғанын аңғартады. Қалың түскен қарды бөгеу жұмыстарын ұйымдастырдық. Жер кепкен уақытта түйіршіктерді уатудың өзі қардан қалған ылғалдың буланып кетпеуіне септігін тигізеді. Көктемгі науқанның мерзімі онсыз да келте. Сондықтан, күн жылына қалған жағдайда бірден жұмысқа кірісу үшін техниканы сай ұстауға тырысамыз. Келесі аптадан бастап тұқымдық дақылды қайта іріктеуге кіріспекпіз, – дейді Ж.Қасенов.

Тұқым тапшылығы жоқ

Жалпы, аймақ бойынша жоспарланған 1321,5 мың гектар алқаптың 605 мың гектарына дәнді және дәнді-бұршақ дақылдарын (45,5%), 298,6 мың гектарына мал азықтық дақылдарды (23%), 21,3 мың гектарына картоп (1,6%), 12,3 мың гектарына көкөніс дақылдарын (0,9%), 384,4 мың гектарына майлы дақылдарды (29%) себу көзделіп отыр. Майлы дақылдар ішінде күнбағыс алқабы 358,4 мың гектар көлемінде болмақ. Бұл барлық жыртылған жердің 27 пайызына тең. Күзде көмілген алқаптарды есепке алмасақ, көктемгі науқанда 1,05 млн. гектар жер игеріледі. Осыншама аумаққа 95,2 мың тонна дәнді дақыл, 4,3 мың тонна майлы дақыл, мың тонна бір жылдық және көпжылдық шөп, 59,8 тонна картоп тұқымы қажет. Бүгінде бұл қажеттілік артығымен қамтамасыз етілген. Атап айтсақ, 103,3 мың тонна немесе 108% дәнді дақылдың, 5,1 мың тонна немесе 117% майлы дақылдың тұқымы бар.

20 наурыздағы жағдай бойынша аталған 103,3 мың тонна дәнді дақыл тұқымының 68,5 мың тоннасы (67 %) тексеруге тапсырылған. Тексерілген тұқымның 63,9 мың тоннасы немесе 99,8%-ы кондициялы болып шықты. Бірінші және екінші класты тұқымдардың үлесі облыс бойынша 84 % құрайды. Яғни, дайын тұқымның дені жоғары сапалы деуге толық негіз бар.

-Көктемгі егіс жұмыстарының барлық кешенін жүргізу үшін облыс бойынша қажетті тракторлар, жер өңдеу және егістік техникалары жеткілікті. Техниканың дайындығы бүгінгі күні 90-98% құрайды. Тракторлардың дайындығы 92%, жер өңдеу техникаларының дайындығы 95%, егістік техникаларының дайындығы 96%, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков.

Көктем мен күз келгенде дизель отынының бағасы аспандап шыға келетін әдеті бар. Осы жағымсыз оқиғаның алдын алу үшін биыл да шаруаларға жеңілдетілген бағадағы жанармай ұсынылмақ.

Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін шамамен 26 мың тонна дизель отыны қажет. Әзірге шаруашылық құрылымдарының қолында қажетті көлемнің 38 пайызы, яғни, 9,9 мың тоннасы бар. Қалған қажеттілікті өтеу үшін Энергетика министрлігі Павлодар мұнай-химия зауытынан әр тоннасын 127 мың теңгеге бағалап, 25 мың тонна дизель отынын бөлді. Оның сегіз мың тоннасы наурыз, сәуір айларына бөлінсе, тоғыз мың тоннасы мамыр айында таратылмақ.

Форвардтық сатып алу басталды

Өсімдік шаруашылығын қолдау мақсатында биыл облыстық бюджеттен 3 млрд. 160,2 млн. теңге субсидия бөлінді. Оның 503,9 млн. теңгесі тұқым шаруашылығын қолдауға, 1,5 млрд. теңгесі минералдық тыңайтқыштардың құнын арзандатуға, бір миллиард теңгесі гербицидтердің құнын арзандатуға, 156,3 млн. теңгесі су беру құнын субсидиялауға бағытталған.

Сонымен қатар, көктемгі егіс және орақ науқанын екінші деңгейлі банктер мен несиелік серіктестіктер арқылы жылдық мөлшерлемесі сегіз пайыз болатын несиемен қаржыландыру қолға алынды.

Биыл екінші деңгейлі банктердің кепілдігі арқылы 2017 жылдың астығын форвардтық сатып алу бағдарламасы жүзеге аспақ. Қаржыландырудың бұл түрі астық экспортының бейберекет ағынына тосқауыл болады деп күтілуде. Бір сөзбен айтқанда, бұл тәсіл диқандарға күзде орылатын астық үшін алдын ала төлем жасауды көздейді. Осының арқасында шаруашылықтар көктемгі егіс пен жазғы күтімге, күзгі орақ науқанына бола банктерден несие алып, кіріптар болмайды.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы таратқан мәліметке сенсек, форвардтық сатып алудың дақыл түрлеріне әр тонна үшін алдын ала төлем мөлшері мынадай болмақ: жұмсақ бидай – 20 000 теңге, қатты бидай – 25 000 теңге, арпа – 15 000 теңге, сұлы – 10 000 теңге, қарақұмық – 45 000 теңге, қарабидай – 15 000 теңге, тары – 15 000 теңге, астыққа жүгері – 20 000 теңге, жасымық – 65 000 теңге, асбұршақ – 30 000 теңге, ноқат – 55 000 теңге, күнбағыс – 45 000 теңге, рапс – 50 000 теңге, майлы зығыр дәні – 40 000 теңге, соя – 50 000 теңге.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button