Қар аралас жаңбыр жаууы ықтимал
Ел-жұртқа етене таныс жұл-дызшы Назарбек Қожамсейітов есігімізден енген Жылқы жылына өзінің болжамын жасап үлгерді. «Altaynews.kz» интернет порталына берген сұхбатында ол биыл жаздың жай шығатынын айтыпты.
«2014 Жылқы жылының ерекшелі-гін атап өтсек, құпия болған сырлар ашылады. Халқымыз жылқыны өте зиятты, сезімтал жануарлардың бірі санайды. Қазақ атқа отырғанда бойына ерекше қайсарлық пен қайрат біткендей өзгеріп, жігерлене түседі. Бұны шеттен келген саяхатшылар да жазған. Жылқыны жақсы баптаған адам ғана оның қызығын көреді. Сондықтан іскер, кәсіпкер адамдарға айтарым, егер алға қояр мақсатыңызға жетем десеңіз, әрбір істі қолға аларда мұқият зерделеп, байыппен кіріскеніңіз жөн. Сонда ғана жемісін көресіз. Сол себепті де әлемде экономикалық болжаулар жасап, алдын ала дайындалып отырған мемлекеттер ғана құлдырауға ұшырамайды. Алдын ала табиғат құбылыстарын болжап, оған дайындалу қажет», – дейді жұлдызшы Назарбек.
Назарбек Қожамсейітов ауа ра-йын еліміздің солтүстік өңірі бойынша болжайды екен. Соған сәйкес бұл болжамдар оңтүстік аймақтарға үш күнде, шығысқа екі күнде жетеді. Жұлдызшының айтуынша, биылғы қыс сәуірге дейін созылады. Бірде аяз қысып, бірде күн жылынып құбылмалы болады. Қаңтардың 9-12-сінен бастап боран соғады. Ал 24-26-сында 30-35 градусқа дейін аяздатады. Ақпан айының 9-12-сінде өте қатты суық болады. Ауа температурасы солтүстікте 35-37 градус, ал Шығыста 40-47 градусқа дейін төмендейді.
Сондай-ақ, ақпанның 9-12 аралығында боран үдетеді. Наурыз айының 20-22 наурыз аралығында күн суытып, қар түседі. Сәуір айының 9-12 аралығында қар борайды.
20-22 сәуір аралығында күн салқындап, 27-29 аралығында кей жерлерде қар аралас жаңбыр жауады. Мамыр айында қар аралас жаңбыр болады.
Мамырдың 27-сінен маусымның 5-6-сына дейін күн салқын болады. Қорыта айтқанда, жылдың алғашқы жартысы суық болады. Жаз кеш шығады.
Шығыс-Ақпарат