Ақынның тойынан алған тағылым

Алты Алаш алақайлап қарсы алып, алты құрлық жұртшылығы құттықтауын жолдаған Абай жылы да аяқталды. Бұл жолғы дана Абайдың айтулы тойы дүрмексіз өтті. Әлем халқын тығырыққа тіреген Тышқан жылы той тойлауға мұрсат бермеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік» дегені дөп келгендей. Десе де той қарсаңында ақынның туған өлкесі өзгеше түрленіп, Шығыстағы туризмнің төріне айналды. Ал Абай елі руханияттың қара шаңырағы екенін шартарап тағы бір мәрте тани түсті.
Ат арытып ойдан-қырдан жұртшылық жиналмай-ақ онлайн өткен тойдан алған тағылым мол, атқарған берекелі іс көп. «Келер ұрпақ Абайдың сара жолын жалғауы тиіс. Бұл – ұлы ақын арманының орындалуы. Сондықтан біз Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіспіз» деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы тыңғылықты орындалған тәрізді. Ел Президентінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында айтылған мазмұнды ой мен жоспарлаған іс індетке қарамастан игілікке асты. Абай елі көркейіп, көрген адамның көзі тоярдай көрікке енді. Ұлт рухани тұрғыдан жаңғырып, Абай ауданында жаңа құрылыстар бой көтерді. Көп жылдар бойы жөндеу көрмеген нысандар жаңғырып, жаңарды. Ақынның тойы Шыңғыстау мен Шығыстың шеңберінде ғана емес, күллі қазақ даласының түкпір-түкпірінде және дүниежүзінде тойланды. Үкімет қолға алған үлкен тойға күллі қазақ үлесін қосты.
Бүлдіршін челленджімен басталған той
Торқалы тойға деген іштей дайындық ілкі жылдан бастау алған болатын. Кішкентай Ләйлі есімді бүлдіршін бастаған челленджді Ел Президенті іліп әкетіп жалпақ жұртқа жолдады. Ол бастаманы шенеуніктер шекара асырып шетелге, ақындар алты алашқа, әншілер әлемге, естіген ел бір-біріне жолдады. Осылайша, өлеңмен басталған той өңір-өңірлерді аралап кетті. Президенттің Абай тойына арналған мақаласында «Биыл Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады» делінген болатын. Зер салып, зерделей қараған адам бұл жоспардың орындалғанына көз жеткізер. Әлем алдындағы әдебиетіміздің айнасы іспетті болған тұлғаның құрметіне шетелдіктер де бірқанша шара өткізді. Әр елдегі елшіліктердің қатысуымен Абай орталықтары ашылып, мүсіндері қойылды. Кейбір елдерде көше аттары беріліп, пошта маркалары шығарылды. Ал ақынның қара сөздері мен шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне қайтадан аударылып, күллі адамзаттың ақыл сандығынан орын алды. Ақын шығармашылығына арналған концерттік бағдарламалар онлайн болса да күн сайын өтіп жатты.
Әсіресе ел есінде қалғаны еліміздің түкпір-түкпірінде бой көтерген еңселі ескерткіштер. Еліміздің оннан астам қаласы мен көптеген ауылдарында ақынның мүсіні қойылды. Солардың бірі – «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» деген атпен Семейде қойылған мүсін. Ескерткіштің ашылуына Ел Президенті арнайы келіп қатысып, оң бағасын берді. Сондай-ақ Алматының Жетісу ауданында, Ақтөбе қаласында, Қарағанды облысы Абай қаласында, Павлодар қаласының орталық алаңында және тағы да басқа өңірлерде ескерткіштер бой көтерді. Бұның бәрі бүгінгі ұрпаққа рухани бағдар беруді мақсат тұтқан мүсіндер.
Той қарсаңында шыққан том-том кітаптардың саны көп. Саналы ұрпақ керегін кітапхалардың сөресінен табары сөзсіз. Ал алты сериялы Абай фильмі көгілдір экраннан көпшілікке жол тартты. «Абай күні» арнайы қаулымен бекітіліп, Мемлекеттік сыйлық Абай атындағы сыйлық болып өзгерді. Концерт, театрлық қойылымдар мен ән-күй қатарлы ойын-күлкіні жұрт онлайн тамашалады. Қазаққа «қара сөздері» арқылы ақыл-ойдың қазынасын, өлеңімен өмірдің өрнегін қалдырған ақын тойының берген тағылымын айтып тауыса алмаспыз.
Абай елінде ауқымды істер атқарылды
Абайдың 175 жылдық тойы басталардан бұрын журналистер Жидебай жақтағы атқарылар істерді жіпке тізгендей етіп жеткізген болатын. Ел Президенті де «Ұлылықтың тойы ұлт алдындағы ұлы міндеттің үдесінен шығудың жолын іздеуге ұмтылдыруға тиіс. Әр азамат осы тойдың алдында еліміз, елдігіміз жөнінде терең ойланса дейміз» деген еді. Шығыс жұрты ойлана жүріп жұмыстарын ойдағыдай жүзеге асырды.
Атқамінерлер алдымен осыған дейін назардан тыс қалып келген Құнанбай қорымын жаңғыртуды қолға алды. Семей –Қарауыл трассасынан 18 шақырымдай қашықтықта жатқан Құнанбай қорымына барар жолға асфальт төседі. Құнанбаймен қатар жатқан ұрпақтарының басына құлпытастар қойды. Қорым маңына өрнекті төсеніштер төселіп, демалатын алаңқайлар жасалды. Осылайша, енді Ақшоқы да туристер ат басын бұратын орынға айналды.
Тойға дайындық барысында Сырт Қасқабұлақты да сырт айналып өтпеді. Осыған дейін балдыр басып жатқан бұлақтың көзін ашып, көпшілік көріп қайтатындай көрікті орынға айналдырды. Тарихи орынға айналған таза бұлақ шөліңді басса, ондағы гранит тастарға өрнектелген қара сөздер рухыңды асқақтатады.
Жыр меккесі – Жидебай да түгелдей жөндеуден өтті. Көп жылдан бері жөндеу көрмеген қос кесененің көркі жаңарған. Ең бастысы, бірінші қабаттағы айналмалы бос орын бүгінгі күні тіршілік көзін ашқан. Ат шаптырым аумақ дала кемеңгеріне арналған дала музейі іспетті көрінеді. Қос кесененің айналасы ақық тастармен абаттандырылған. Әр жерге қойылған мрамор, гранит тастарға Абайдан қалған асыл сөздер ойылып жазылған. Осыған дейін аспан астында ашық жатқан амфитеатр хрусталь шынымен күмбезделе көмкерілген.
Қарауыл қайта гүлденді
Адамзаттың Абайын іздеп барар адамның ат басын бұрар бір нүктесі – Қарауыл. Бұл Абайға қарата айтылар ауыр сынды арқалап, ауыртпалығын көтеріп, шарапатын да көріп отырған ауыл. Ақын тойы қарсаңында ауыл бір жасарып қалды деуге болады. Көне ғимараттардың көпшілігі күрделі жөндеуден өтті. Одан тыс ғылым мен білімнің алғашқы ошағы саналатын 300 орындық жаңа мектеп салынды. Жаңа оқу ғимараты Назарбаев зияткерлік мектебінің стандарттарына сай роботты техника, ІТ технология, мультимедиялық журналистика, виртуалды шындық кабинеттерімен жабдықталған. Мектеп маңайына шынар ағаштары отырғызылып, шағын архитектуралық формалар қойылған. Жаңа мектеп жас буынға жасалған ерекше сый болды.
Бірқанша бос тұрған көппәтерлі тұрғын үйлер жөндеуден өтіп, жаңа үйлер салынды. Бас ақынның тойы қарсаңында баспана мәселесімен қатар басқа да мәселелер шешімін тапты. Жарты ғасырға жуық уақыт жөнделмеген су құбырлары жөнделіп, ауыл түгелдей таза ауызсумен қамтылды. Суы мен ауасы дертке дауа, денге шипа болған өлкеде жанға сая боларлық саябақ та салынды. Жаңа саябақ жастардың серуен құратын саялы орнына айналған. Мереке күндері саябақтың ішінде мәдени-рухани шаралар өткізуге негізделген. Одан тыс балалар ойын алаңы да бар. Бұл Қарауылдағы қонақ қыдыртуға арналған көрікті орындардың қатарына қосылды.
Жөнделген жолдардың қатарында Қарауылтөбе жолы да бар. Жол бойына жарықтандыру жүйесі орнатылған. Мәдени-бұқаралық, спорттық шаралар өткізілетін ипподромның ат шабатын жолдары тегістелген. Дала сахнасы қайта жаңарып, көрермен отыратын трибунаның сыйымдылығы 500 адамға дейін артты. Қарауылтөбеде «Абай 175» жазуы түнгі уақытта жанып тұратындай етіліп, үлкен әріптермен жазылған. Осылайша, Абай туған өлкенің жүйрік атына да, жырға құмар халқына да қам жасалды. Жақсы атаның аруағы жебеген Жидебей мен Қарауыл жұрты той қарсаңында қайтадан бір гүлденді. Қысқасы, Қарауылда қыруар іс атқарылып, тойдан тобықтай болсын пайда тиді.
Семейге де серпін берді
Абай өлеңін оқып, өмірінен тағылым іздегендер Семейге соқпай кетпейді. Сондықтан да торқалы тойға орай Семейде де бірқатар шаруа атқарылып, игілікті іс-шаралар өтті. Семей шаһарының туристік инфрақұрылымын арттыруға бағытталған бірқанша жұмыстар іске асты. Ақынның өмір жолы және шығармашылығымен байланысты тарихи-мәдени жәдігерлер орналасқан нысандар жөндеуден өтті. Той қарсаңында жалпы саны 71 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды. Сол қатарда жөндеуден өткен Семейдегі Абай драма театры да бар. Көп жылдары бойы жөндеу көрмеген театрдың заман талабына сай келбеті жаңарған.
Дүбірлі тойды өткізуге пандемия пәрмен бермеді. Алайда ақын туған өлкеге Ел Президенті ат басын бұрып арнайы келіп қайтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласында айтулы абайтанушы ғалымдармен кездесу өткізді. Абайтану ғылымына өлшеусіз үлес қосқан 11 адамға мемлекеттік награда мен Алғыс хаттар табыстады. Ақын тойы барысында атқарылған істермен танысқан Президент «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» деп аталған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты.
Семей халқы тойға рухани тұрғыдан да толассыз еңбек етіп, зор үлесін қосты. Жыл сайын дәстүрлі түрде жарық көріп келе жатқан «Абай әлемі» кітаптар сериясы биыл Абай жылына арналды. Бұл жоба бойынша үш жыл ішінде 43 мың таралыммен 50 кітап шығарылды. Сонымен қатар «Жидебайдың жұлдызды даласы» атты жоба шеңберінде фотоальбом жарық көрді.
Бас ақынның тойына басқа облыстар да үлесін қосып, Семей қаласының гүлденуіне қол ұшын созды. Өскемен қаласында да той қарсаңында өзгеше істер атқарылды. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында «Абайтану» ғылыми-зерттеу институты ашылды. Ол жерде оқушылар мен студенттерге арналған сүбелі еңбектер орналастырылған. Оқушыларға арналған «Абайтану» элективті курсы енгізіліп, білім мекемелерінде әлеуметтік кабинеттер ашылды. Ал абайтанушы ғалым Айжан Картаеваның Абайдың қара сөздерін балаларға түсіндіруге бағытталған «Дананың сөзі – ақылдың көзі» атты түсіндірме кітабы жарық көрді. Мұны той қарсаңында рухани қорға қосылған орасан зор үлес деп білген жөн.
Қызырбек Дүргінбайұлы