Руханият

Ақындардың есебінде жоқ ақын

Аягөз аудандық кітапхана үйінің оқырмандар залында бір тамаша кеш өтті. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп хакім Абай айтпақшы, маңдайдағы қос жанарынан айырылған зағип ақын Мақсұтқан Көсеубаев ағамыз  жұртшылықты жауһар жырларымен сусындатып келе жатқан жан екенін көпке паш етті. Бұл күні жасы 70-ке келген Мақаңның «Жүректен шыққан сырларым» атты өлеңдер жинағының тұсаукесері өтіп, оған аягөздік жырсүйер қауым куә болды.

Аягөз аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жандос Амановтың мұрындық болуымен өткен шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Гүлшара Жағыпарқызы, қоғамдық кеңес мүшесі Айтқазы Қасымжанов, «Мөлдір Сана», «Аягөз жаңалықтары» газеттерінің редакторлары Бақытөмір Шалғынбай мен Ермек Дайырбаев қатысып, зағип ақын жайлы, оның жарық көріп отырған өлеңдер жинағы туралы ой толғады. Жандос Ілиясұлы Мақсұтқан ағамызға аудан әкімі Сейілбек Ысқақовтың Алғыс хатын табыстап, иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Кітапханашы А.Жұматаева Мақсұтқан Көсеубаевтың өмірбаянымен таныстырып, өлеңдерінен үзінділер оқыды. Өлең өлкесіне ат шалдырып жүрген атасының жауһар жырларын жинақтап, баспаға ұсынған ақынның келіні Жазира Билялова екен.

Жалпы, зағип ақын Мақсұтқан өлеңдерінің қарапайымдылығы мен шынайылығы өз оқырманын тәнті етеді. Мысалы, «Өзім туралы» деген өлеңінде:

«Мақсұтқан да ауылда қой бағып жүр,

Өлең жазсам ба деп ойланып жүр.

Күндіз-түні көргені қой болған соң,

Өлеңінің ішінде қойлары жүр», – деп өзінің саналы ғұмырын қой бағумен өткізіп келе жатқанын өкінішпен өлең жолдарына айналдырса, ары қарай осынау киелі өнердің «кесірінен» ұйқы мен күлкіден айырылғанын тілге тиек етеді:

«…Есенғали емеспін, Есенин де,

Ақындардың мен жоқпын есебінде.

Бірақ кейде кеудемді жалын кернеп,

Ұйықтай алмай шығамын төсегімде», – деп налиды. Қым-қуыт тіршілікте осының бәріне қолды бір сілтеп, қалаға, өнерсүйер қауымның, ақын-жазушылардың ортасына қосылғысы келсе де бір сәт ойлана келіп, өзін былай деп жұбатады:

«…Бірақ та мен даламды қимаймын ғой,

Безерген бетон үйге сыймаймын ғой.

Далада ерте тұрсам, гүріл емес,

Шырылын бозторғайдың тыңдаймын ғой».

Табиғатпен біте қайнасып өскен ақынның жан сырын түсініп, өлең жодарының шынайылығына сенесің. Ол өзін биік таулармен теңестірмей, ауыл маңындағы қарапайым ғана «Көгілдір» деген төбеге теңейді:

«…Қысқа ғана ғұмыр өтеді де кетеді,

Биік таулар ақынға әсер етеді.

Асқақтамай Алатау мен Алтайдай,

Көгілдірдей болсам маған жетеді», – деп толғайды.

Зағип ақын Мақсұтқан Көсеубаевтың жасы 70-ке келгенде жарық көрген пышақтың қырындай ғана өлеңдер жинағының оқырман қауымнан өз бағасын алар күн жақын…

Тұсаукесерге жиылған қауым кеш соңынан кітаптың шығуына мұрындық болған журналист-жазушы Бақытөмір Шалғынбайға, аудандық зағиптар қоғамының төрайымы Құралай Елшібековаға, орталық кітапхананың директоры М.Әбділдинаға  ризашылықтарын білдірді.

                                                                Берікхан Тайжігіт

Аягөз ауданы

 

 

Осы айдарда

Back to top button