Қоғам

Ақындардың Алтайға сапары

Алтайдың тамаша табиғаты, терең тарихы, аңызға толы даласы, аспанмен таласқан таулары кімді болсын өзіне тартып тұрады. Әсіресе әсершіл шығармашылық адамдары көбірек атбасын бұрады. Сондықтан да болар, жаз болса жұрт Алтайға ағылады. Соңғы жылдары бұл өлкенің туристік әлеуеті де артып келеді.

Алтайға атбасын бұрғандар Өскеменге табан тіреп, ерке Ертістің жағасына ат шалдырып кетуі заңдылық. Соның бір дәлелі осы бағытта сапарлай шыққан ақындардың бір шоғыры облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында кездесу өткізді. Алты алашқа танымал ақын Сұраған Рахметұлы, Ықылас Ожай, Талапбек Тынысбекұлы қатарлы қаламгерлер  жұртты жырмен сусындатып, кездесуді кестелі сөз, көркем оймен көмкерді. Жұрт қаламгерлердің шығармашылығына қатысты сұрақтар қойып, емен-жарқын пікір алмасты.

– Өскемен өзге ұлты көп қала деп ел айтқанымен, өзімізді  жатсынбайтын қала ғой. Қаншама бауыр-қарындастарымыз осы өңірде тірлік жасап, мағыналы ғұмыр кешіп жатыр. Ертістің жағасы шығармашылыққа шабыт беретін жер. Сондықтан да жиі-жиі келіп тұруға асығамыз, – дейді қаламгер Сұраған Рахметұлы.

Осылай деп ой өрбіткен ақын кітапхана қорына «Қаламұш әлем», «Түске оранған күз» қатарлы кітаптарын сыйға тартып, құрметпен қарсы алған шығармашылық ұжымға алғысын айтты.

Ал алаштың аманатын арқалап жүрмін деген Ықылас Ожай өзінің жалпақ жұртқа танымал «Аманат» әнінің жазылуы туралы оқырмандармен ой бөлісті.

– Бұл әннің жазылуында өзіндік мақсат бар. Бұл ән біржағы прагменттік талпыныс. Себебі, біздің елдің әнұраны туралы  өз ойым бар. Мен Шәмші мен Жұмекеннің шығармашылығына шек келтіріп отырған жоқпын. Әнұран деген жалынды, рухты, адам жанын тебірентіп жіберетіндей болу керек еді. Бұл әннен мен іздегенімді тауып, рухтана алмаймын. Сондықтан да өз басым болашақта бұл ән өзгерер деп ойлаймын. Заман озар, жастардың ойлау қабілеті озар, сол кезде қазіргі жалаң сөздің керегі шамалы болып қалуы мүмкін. Біз оған ерте бастан дайындалуымыз керек. Осы «Аманат» әні біздің әнұран қалай болуы мүмкін деген сана түкпіріндегі сұраққа прагмент ретінде жазылған дүние. Әйтпесе, менің алпыс екі тамырымнан сөз сорғалап тұр, әнім әнұранға айналуы керек деген сөз емес. Жалпы әр нәрсеге ұмтылыс, талпыныс керек ғой, – дейді ақын Ықылас Ожайұлы.

Осыдан кейін кездесуге келген жұрт «Аманат» әнін тыңдап бір серпіліп алды. Ал осындай орамды ойдың соңын ақын Талапбек Тынысбекұлы этнографиялық жырымен жалғастырып, бұл жолғы сапарының жайын тілге тиек етті.

– Қазақта «атаңның басы бар ма?» дейтін сөз бар. Алтайдың арғы бетінде атамыздың, бергі бетінде әкеміздің басы болғандықтан бұл өлкеге жиі келіп-кетіп тұрамыз. Сапар барысында сіздермен жолығып, рухани кездесуде болғанымызға қуаныштымын. Өскеменде өлең оты лаулай берсін, –  деді ақын.

Осылайша, өлең-жырмен өрнектелген жыр кеші ән-күймен жалғасып, оқырман көңілін бір сергітіп тастады.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button