Ақындар зияткерлік мектепке барды

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ақындар оқушылар және ұстаздар құрамымен кездесті.
«Замандастар жырлайды» желілік жобасының қонағы болған Қазақстан Жазушылар одағы Семей өңірі филиалының төрағасы, “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, “Есімің сенің”, “Қарашықтағы құбылыстар” жыр жинақтарының авторы Мерей Қарт бастаған Әлішер Қыдырбек, Темірлан Темірбай, Ерболсын Қасымбек сынды жергілікті ақындармен өткен кездесу руханиятқа арналды. Поэзия, ақындық өнер, бүгінгі қазақ әдебиеті жайлы орамды ой айтылған кеш мектеп оқушыларына ерекше әсер етті. «Зияткерлік мектептің шақыртуын қуанышпен қабылдадық. Бұл білім ошағы шәкірттерінің жан-жақтылығы қызықтырады. Бүгінгі кездесу барысында олардың арасынан жас ақындар шығып, өз шығармаларын оқып таңғалдырды. Ал біз әдебиеттің адам өмірінде алар орны жайлы білгенімізбен бөлістік. Рухани кеш – жас толқынның өміріне аз да болсын азық болардай әсер қалдырғанына сенімдімін» – дейді Мерей Қарт. Іс-шара барысында ақындарға түрлі сұрақтар қойылып, ойындар ойналды. Поэзияға жаны құмар бір топ оқушы қонақ ақындардың өлеңдерін жатқа оқыды. Соның ішінде орыс сыныптарында білім алатын өзге ұлт өкілдерінің өлең оқулары кімді болмасын тамсандырмай қоймады. Тағылымы мол іс-шараның соңында Мерей Қарт өзінің “Қарашықтағы құбылыстар” өлеңдер жинағын ізбасар іні-қарындастары Шыңғыс Тоқанов пен Айым Ережепбаевға тарту етсе, шәкірттер қолынан шыққан қолөнер бұйымын мектеп директоры Бағдан Қайыржанов ақындарға естелік ретінде сыйлады.
Қуаныш Рахметоллаұлы, Семей.