Өнегелі өмір

Ақсудан шыққан Жүрімбек ғалым

Дәурен Аллабергенұлы

Жұмыста отырған едік, басшылығымыз шақырып Фрунзе Жақсылықов ақсақал іздеп отырғанын айтып, әлдене айтпағы бар екенін жеткізді. «Есімі елге жақсы таныс, бүкіл саналы ғұмыры халыққа кіршіксіз  қызмет етумен әйгіленген, бүгінде жасы тоқсаннан асып кеткен ел ағасы не үшін іздеді екен» деген ойдың жетегінде ағамыз тұратын Жібек маталар комбинаты ықшам ауданын бетке алдық. Есіктен ағаның өзі мен қызы Сәуле апайымыз қарсы алды.

      – Кел, жоғарылат. Сендерді шақырған себебім, мен туралы жазсын деп емес, – деп күлді ардагер. Алаңдамаңдар, мына құлақ аздап естімей қалғаны болмаса, денім сау орынша жүріп жатырмын. Didar мен туралы сексен беске толғанда да, былтыр 90 жылдық мерейтойымда да әдемілеп жазды ғой. Ол үшін үлкен ризашылығымды білдіремін. Ендігі ретте, сендерге бүкіл саналы ғұмырын еліміздің гидрогеология саласына арнап өткен білікті ғалым, қарапайым еңбек иесі, Ұлы Отан соғысының ардагері, құдам Жүрімбек Сыдықов жайлы айтып бергім келіп отыр. Өзі болса, қарапайымдылығының арқасында өмір бойы «мен осындай ғалыммын» деп ешбір мақтанбастан 2018 жылы өмірден өтіп кетті. Менің күйеубалам да өмірде жоқ.  Енді ол жөнінде айту, еңбегін насихаттау біздерге аманат болып қалғандай көрініп тұрады, сені сол үшін шақырдым, – деді Фрунзе Елғазыұлы әңгіменің ұзақ болатындығын аңғартқандай, қасындағы орындықты нұсқап.

Фрунзе аға алдын ала дайындалған екен, бірден ширақ сөйлеп, ғалым құдасы жайлы жазылғандарды алдыма жая бастады. Дайындалған буклеттерге, газеттегі мақалаларға көз жүгірттік. Аға әңгімесін бастады, біз бастан-аяқ жазып алдық.

Соғыстан соң ғылымға ден қойды 

Көрнекті гидрогеолог ғалым, гидрогеохимия ғылымының негізін қалаушы, екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР ҰҒА академигі Жүрімбек Сыдықов 1922 жылы 23 қыркүйекте қазіргі Алматы облысының Ақсу ауылында, шаруа отбасында дүниеге келген. Жастайынан жетімдік тауқыметін тартқан ол 1940 жылы Ақсу ауылында қазақ орта мектебін бітіреді. 1940-1944 жылдары әскер қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1944 жылы бірнеше рет жараланып, соғыс мүгедегі ретінде майданнан оралған соң 1944-1949 жылдары Қазақ  Тау-кен институындағы геологиялық барлау факультетінің  студенті атанады. Міне, сол сәттен бастап, талантты ғалымның ғылым жолындағы өмірі басталады.

 Атап айтсақ, 1949-1959 жылдар аралығында Ұлттық Ғылым академиясының геология ғалымдары иниститутының аспиранты және кіші, кейін аға ғылыми қызметкері болса, 1952 жылы Геология-минерология  ғылымдарының кандидаты атанды.

Ж.Сыдықов аспирантурада оқумен қатар ғылымдағы алғашқы қадамын Текеліде, Жезқазғанда, Солтүстік Каспий бойында, Маңғыстауда   бастап, 1952 жылы кандидаттық диссертация қорғаумен қорытындылады.

1965 жылы геология-минерология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. 1968 жылы оған гидерология мамандығы бойынша профессор атағы берілді. 1980 жылы Қазақстан Республикасы ұлттық ғылым Академиясының кореспондент мүшесі, 1989 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының академигі болып сайланды. 1991 жылы Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген ғылыми қайраткері деген  құрметті атақ берілді.

Мол су қорларын табумен айналысты 

Жүрімбек Сыдықұлы  көп жылдар бойы Орталық-Батыс, Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс Орталық Қазақстан аймақтарында жер асты суларын іздеп, барлау, табиғи және қолданылуға жарамды қорларын анықтау, көп мөлшерлі  жер асты тұщы және минералды (шипалы, ыстық, тұзды) сулар қорын тиімді пайдалану жолдарын зерттеумен айналысты.

Сонымен қатар ұзақ жылдар бойы академик У.Ахмедсафинмен бірге гидрогеологиялық карталар жасалатын жерлерді зерттеді. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы қатынас жолдары орындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, әр аймақтың жерасты суларының экономикалық дамуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға тигізетін әсерін, ресурстарын қорғау  бағытындағы зерттеу жұмыстарын басқарды. Арал және Каспий теңіздері алаптарындағы жерасты ағынының шаруашылықты игеруге байланысты өзгеруін  болжау теориясы  мен әдістерін негіздеді. Арал, Каспий, Балқаш алаптарының бұзылып кеткен экологиялық жағдайларын жақсарту жолдарын негіздеді.

Көрнекті ғалымның осындай ел үшін еткен еңбегі ескерілмей қалған жоқ. 1993 жылы Алматы облысының Ақсу ауданы өзінің туған Ақсу кентіндегі орта мектепке Жүрімбек Сыдықұлының есімі берілді (қазіргі Ақсу ауданы І. Жансүгіров кенті). Ол “Халықтар достығы”, бірінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және жиырмаға тарта медальдар мен, Одақтық көрменің екі қола медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, академик Қ.Сәтпаев атындағы сыйлықтың иегері (1980). Ғалым 35 монографияның, өз саласы бойынша 720 жұмыстың авторы. Бұдан бөлек, 124 есебі және карталары тағы бар.

Мемориал тақта орнатылды

Академик  2018 жылы 19 желтоқсанда 96 жасында өмірден озды. Алайда аты өшкен емес. Өзінің есімі берілген білім ордасы жыл сайын Жеңіс күнінде, өзге де атаулы күндерде еске  алу шараларын өткізіп келеді. Аталған мектепте академиктің мұражайы жұмыс істеп тұр.

Жақында осы сәуірдің басында Жүрімбек  Сыдықұлы өзі негізін қаласып, ұзақ жыл қызмет еткен Алматыдағы гидрогеология және геоэкология институты қабырғасына есімі қашалған мемориалды тақта орнатылды. Ұйымдастырушылар Жүрімбек Сыдықовтың Қаныш Сәтбаев, Уфа Ахмедсафин, Натай Кенесарин сынды танымал ғалымдардың ізбасары болғанын атап, ғалым хақында жылы естеліктер айтты. Аты берілген мектептен делегация арнайы келіп қатысты.

Мемориалды тақта Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті жанындағы У.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институтының қабырғасына орнатылды. Мұнда Жүрімбек Сыдықов өмірінің 70 жылға жуығында жұмыс істеген. Тірі болса биыл жүз жасқа толар еді. Бүгінде ғалымның артында қалған мол мұрасын Алматыда тұратын өмірлік жолдасы Маймуна Хакимқызы мен балалары насихаттап жүр. Ғалымның хаты өлмейді деген осы да.

– Міне, менің айтайын дегенім осы еді. Мен де, құдам да өз заманымызда тек елге адал қызмет етуді ғана ойладық. «Ұлық болсаң, кішік бол» қағидатын ұстандық. Арымызды кірлетпей ұстап, өз пайдамызға соқыр тиын да алмадық. Ол да жастайынан жетім өскен. Жүрімбекпен де сол жыл сайын демалыста Алматыдағы Қарғалы шипажайына барып жүргенде танысып, отбасы болып араластық, кейін бұл достық  балаларымыздың арасында жалғасты. Кейін зейнетке шыққаннан кейін  балаларым айтады ғой, «Әке, қанша жыл қанша жерде бастық болсаңыз да, өзіңізге     бір машина алмапсыз ғой. Енді міне, бәріміз жаяу жүрміз» деп. Сол кезде ғана рас екен-ау деп ойланып, үнсіз қалғаным бар. Бірақ біз ондайды қажет етпедік, – деп әңгімесін аяқтады Фрунзе ақсақал.

Дәурен Аллабергенұлы,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Өскемен қаласы

Осы айдарда

Back to top button