АҚШ-тан келген студент қазақша үйреніп жүр
Қазақ-Американ еркін университетіне жыл сайын шетелден студенттер келіп, қазақ, орыс тілдерін үйренеді, білімдерін жетілдіреді. Биыл да оқу орнымызға қазақ тілін меңгергісі келетін дарынды студент келді. Ол – АҚШ-тағы Сиетл қаласының тұрғыны Истен Куглар.
Былтыр күзде Истен өз университетінде қазақ тілін оқи бастаған, себебі оны Орталық Азия қызықтырады екен. Қазақ тілі сабағында ҚАЕУ-де ағылшын тілінен сабақ берген Джо Уилсонмен танысады. Ол студенттің қазақша оқуын ұйымдастыруға көмектесіпті. Осылайша, жас жігіт біздің университетті таңдаған.
Студент менің қазақша қойған сұрақтарыма қазақ тілінде жауап берді.
– Мен үшін қазақ тілі өте қиын. Грамматикасы күрделі, кей сөздер тым ұзақ. Көп адамдарға менімен орысша сөйлесу оңайырақ. Дегенмен, тырысып жүрмін, қазақ тілі – әдемі, келешекте оның кең тарайтынына сенемін, – дейді Истен. – Ал Өскемен туралы айтсам, шаһар көрікті, табиғаты керемет, адамдары ашық әрі қонақжай екен. Алғашқы күннен бастап мені мұнда жылы қарсы алды.
Келешекте Истен елімізде тұрып, еңбек еткісі келеді. Бір жылдан кейін университетті бітірген соң жұмыс іздемек. Арманы – Орталық Азияның барлық елдерін аралау.
Нұрсұлтан Төлеу, студент