Ақсақалын тыңдаған ел адаспайды
Байырғы бабалардың «кешегінің артымыз, бүгінгінің қартымыз» деп отыруының астарында терең мағына, мән бар. Бүгінде бұл сөзге лайықты әрекет етіп, игілікті іс атқарып жүрген қарттарымыз баршылық. Солардың бір шоғыры ретінде Өскемендегі Жібек маталар комбинаты (ЖМК) ықшам ауданында тұратын ақсақалдарды атауға болады.
Жалпы ел аузында Жібек маталар комбинаты ауданы атанып кеткен 19-шағын аудан бүгінде қарқынды дамып келеді. Шағын ауданның өркендеуінде ақыл-кеңесін айтып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ортақ іске жұмыла атсалысып жүретін аға буынның да үлесі бар.
Қазір мұнда 80 мыңға жуық халық тұрып жатыр, соның 3700-і зейнеткер болса, 260-ы тыл ардагері. Ауданда жеті мектеп, 135 сауда орны жұмыс істеп тұр. Оған қоса мейрамхана, монша, банк сияқты тұрғындарға қызмет көрсететін жекеменшік субъектілер де бар.
Осы орайда қала әкімдігінің ақсақалдарға қолдау көрсетіп, ақыл-кеңесіне жүгініп, қоғамдық іс-шараларға қатыстырып отыратынын айта кеткен жөн. Қала әкімдігінің пәрменімен 2019 жылы ЖМК ауданынан ақсақалдарға үш бөлмелі кеңсе берілді. Кеңсе іші заман талабына сай безендірілді. Оған дейін ардагерлер ұйымы бір бөлмелі кеңседе отыратын. Осы бір қуықтай ғана бөлмеде үнемі бас қосып тұратын қарттарымыз әрбір істі ауызбіршілікпен атқарып, қалада өтетін кез келген шараға атсалысып жүрді. Сол дәстүр әлі де үзілген жоқ. Кеңсеміз кеңейіп, үш бөлмелі даңғарадай ғимаратқа айналғанда ақсақалдар балаша қуанды. Жаңа кеңсеге көшіп, көңілдері көншіген замандастарым шабыттанып, бұрынғы атқарып жүрген қоғамдық жұмыстардың ауқымын кеңейтіп, ширата түсті.
Зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізуін қамтамасыз ету, егде жастағыларды қоғамдық өмірге белсенді тарту жөнінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма бергенін білеміз. Бүгінде бұл тапсырма Шығыс өңірінде, оның ішінде Өскеменде тиянақты орындалып жатыр деуге болады. ЖМК қариялары қазір әсте белсенді. Кеңсеге жиналып алдағы болатын іс-шараларға жоспар құрады, жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты ойларын ортаға салып, арасында шахмат, дойбы ойнайды.
Осы аудандағы О.Бөкей кітапханасының филиалына бас сұғып, газет-журнал оқиды. Кітапханадағы шахмат, тоғызқұмалақ ойнайтын оқушыларға ақыл-кеңестерін айтып, бағыт-бағдар беруге де уақыт табады.
Жалпы, мұндағы ардагерлер кеңесінің мүшелері күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, сол бағытта жұмыс істеуді әдетке айналдырған. Мысалы, Президенттің халыққа Жолдауы, мемлекеттік идеология, қоғамдағы өзекті тақырыптар ақсақалдардың назарынан тыс қалған емес. Былтыр ардагерлер кеңесінің жұмыс тәжірибесін насихаттау мақсатында қалалық семинар өтіп, кеңес жұмысына жоғары баға берілгенін атап өткен орынды. Әсіресе ардагерлердің қаладағы білім мекемелерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, ұрпақ тәрбиесі бағытындағы жүйелі жұмысы көпке үлгі болып отыр. Айталық, ЖМК ауданындағы №44, 45 мектептердің ұжымымен ардагерлер кеңесінің арасында берік байланыс орнаған.
Сондай-ақ жуықта құрылған облыстық Ақсақалдар мектебіне мүше болып жөн білетін, айтары бар бірқатар қариямыз қабылданды.
– Бұл ақсақалдарымыз ұрпақ тәрбиесіне көп үлес қосып жатыр. Өмірлік мол тәжірибесі, ақыл-кеңесі арқылы жастарды елін, жерін сүюге, мемлекетшіл болуға үйретіп, адамгершілік құндылықтарды насихаттап келеді. Қоғамдық жұмыстардан да шет қалмай, қалада өтіп тұратын іс-шараларға үнемі атсалысып жүреді, – деген Өскемен қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Манарбек Мұхамеджанов шағын аудандағы ардагерлер кеңесінің жұмысына оң бағасын берді.
Былтыр «Халифа Алтай» мешітінің қолдауымен 10 ақсақал қасиетті Түркістан қаласына барып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат етіп қайтты. Сондай-ақ Астанада өткен форумға қатысып, өзге өңірлерден келген ақсақалдармен тәжірибе алмасып келді. Осының барлығы жүйелі жұмыстың жемісі деуге болады.
Аталған ардагерлер кеңесіне мүше қарттарымыздың барлығы дерлік өмір мектебінен өткен, аузы дуалы, сөзі уәлі жандар. Көбі ұзақ жыл мектепте ұстаздық еткен, директор болған тұлғалар. Атап айтсақ, Н.Серьянов, А.Солтанғалиев, Б.Сағиев, Ф.Науқанбаев, Қ.Аусарбаевтар білім беру саласында жемісті еңбек еткен. Сол сияқты ішкі істер органында қызмет еткен И.Абиханов, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Е.Бәкімбаев, спорт ардагері Ж.Иқанбаев қатарлы ақсақалдар да ұрпақ тәрбиесіне өз үлестерін қосып жүр.
Иә, айта берсек атқарылып жатқан игілікті істер, ойға алған бастамалар аз емес. Ардагерлеріміз қоғамның дамуына атсалысып келеді. Ақсақалдың ақылын тыңдаған ел адаспас, ақсақалы ақылды болса ұлттың ұпайы түгел болмақ.
Әлібек Нұрмұхамедов,
ардагер ұстаз