Қоғам

Аққыз

Айнала аппақ. Ақ шаңқан автобустың ішінде жүрегі алып-ұшып келе жатқан Аққызға мынау өмір кіршіксіз аппақ нұрдан жаралғандай болып көрінеді. Қойын қалтасындағы дипломын киімінің сыртынан қайта-қайта қолымен сипап қояды.

– Мен – дәрігермін. Мен енді адамдарды емдеймін. Адамдарға бақыт сыйлаймын.
Тәтті қиялға беріліп кеткен Аққыз ауылға қалай жеткенін де байқамады. Жүргіншілерге лық толған автобус ауылдың ұзыннан-ұзақ жалғыз көшесімен ызғытып келіп, дүкеннің алдына тоқтай қалды. Автобустан түскен Аққыз айналасына тамсана қарап, туған ауылының жұпар ауасын құмарлана жұтты.
Таңғы сегізде құжаттарын алып, ауылдың ортасындағы медпунктке келгенде тағы да аппақ дүниеге тап болды. Айнала аппақ. Мұнтаздай таза бөлмелерден кіршіксіз тазалықтың лебі еседі. Аппақ үстел, ақ жаймалар, ақ дәкелер… Ақ халат киген апайы жылы шыраймен қарсы алды. Бұл апайды осы ауылдың бала-шағасына дейін жақсы таниды. Өзі де осы апайындай дәрігер болсам деп армандайтын еді. Енді, міне, бірге жұмыс істейді. Аққыз апайының айтқандарын мұқият тыңдап, аппақ дүниенің ішінде алғашқы жұмыс күнін бастап та кетті.
Ақырын-ақырын ай күндерді, жыл айларды ауыстырды. Аққыз тәжірибелі дәрігерге айналды. Алғашқы жылдары ауыр тигені рас. Шалғай ауылда ауырып қалғандарды аудан орталығын қойып, кеңшардың орталығына жеткізудің өзі бір күш. Кеңшардың бір отар қойын, өзінің бала-шағасын алып, таудың қуысына барып жатып алған шопандардың айы-күні жетіп, аузы-мұрнынан шығып отырған келіншектерін ауылға түсіру одан да азап. Бар болса техникамен, жоқ болса ат шанамен алып түсесің. Жол ортада кіндігі қиылғандар қаншама. Аққыз бап талғамады. Күн-түн демеді. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін жұмысының қыр-сырын меңгеріп, елдің алғысына бөлене берді. Апайы зейнеткерлікке кеткенде, өзі сол кісінің орнын басты. Бір кездегі өзіндей өрім жасты көмекші етіп алып, бар білгенін соған үйрете берді.
Күндегі әдетінше үш құлыншағының бетінен бір-бір сүйіп, жұмысқа бет алған Аққыз жолай кездескен көршісінен бір жаманат хабар естіді. Кеше ғана тыныштандыратын дәрі егіп, аудан орталығынан жедел жәрдем шақыртып, салып жіберген жас жігіт қайтыс болыпты. Құдандалы болып келетін туыстарына ашып айтпағанымен, жігіттің ауруы дендеп кеткенін сезіп еді. Жұмысына кіріп, көмекші қызға мән-жайды түсіндірді де, қаралы үйге тартты.
Көше езіліп жатыр. Көктемдегі күн көзі қарды еріткенімен, көшенің батпағын кептіруге дәрмені келмеген. Басқан аяғың батпаққа езіліп, артқа сырғиды. Аққыз аяғын батпақ қылмайын деп, әр жерді таңдап басып, әрең жетті.
Сыртта жиылып тұрған адамдармен амандасты да, үйге кірді. Үйдің іші азан-қазан жоқтау. Әлі бас құрап үлгермеген баласынан айырылу кімге оңай тиер дейсің. Аққыз әйелдер жоқтап отырған бөлмеге кіруі мұң екен, төрде отырған осы үйдің жамағайыны оқты көзімен қарап бұған шап ете қалды.
– Не бетіңмен келдің мұнда? Ұлымызды жалғыз инемен қатырдың ғой…
Қақ маңдайдан біреу періп кеп жібергендей болды. Бірауыз сөз жүрегін шаншып өтіп, миына барып шақ ете қалды. Көзі қарауытып кетті. Маңайындағылар басу айтып жатты, енді бірі ащы запыран төгіп жатты. Ешқайсысын естіген жоқ.
Дүние қара түнекке айналып бара жатты. Үйіне қалай жеткені есінде жоқ. Тек миында жалғыз сұрақ. Мен бе? Адамдарға тек қана өмір сыйлаймын дегенім қайда? Неге? Не үшін?
Қара түнектен тұншығып кеткен жүрек жарық іздеп жанталасады. Аққыз түпсіз тұңғиықтан шыға алмай қатты қиналып кетті. Жалғыз ауыз сөздің салмағы жаншыған жас жанының не істеп, не қойғаны өзіне ғана аян. Бір кезде жаны аппақ құсқа айналды да пыр етіп жарыққа қарай ұша жөнелді. Міне, тағы да аппақ дүние. Бұл енді мәңгілік.

Бейімбет Болаев
Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button