ТОП

АҚҚАЙНАРДА ЕРТЕ САҚ ДӘУІРІНІҢ ҚОРҒАНДАРЫ ТАБЫЛДЫ

Ағымдағы жылдың маусым айының ортасынан бері  Аққайнар ауылының маңында “Алтай – Тарбағатай қола дәуірінен ерте орта ғасырға дейін” жобасы аясында “Шу” қорымында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде.

Зерттеліп жатқан археологиялық нысан Аққайнардың  солтүстік-шығысқа қарай төрт шақырым жерде орналасқан. Қазба жұмыстарына дайындық бір жыл бұрын басталған.  Қорғандар орналасқан жердің топографиялық түсірілімін зерттеу тобы 2021 жылы жүргізген, зерттеу барысында елуден астам қорғандар бар екендігі анықталған.  Олардың кейбірі, өкінішке қарай, бастапқы қалпын жоғалтып, мүлдем жойылған. Ғалым-зерттеушілердің  пайымдауынша, бұл қорымдар ерте дәуірдің өзінде  тонауға ұшыраған.

Аққайнардағы археологиялық қазба жұмыстары  елімізге белгілі ғалым-зерттеуші, археолог Зейнолла Самашевтың жетекшілігімен өтуде.

–  «Алтай – Тарбағатай қола дәуірінен ерте орта ғасырға дейін»  ғылыми жобасы  облыс әкімі Даниал Ахметовтің арнайы тапсырмасымен жүзеге асырылуда. Барлық жұмыс барысына  Зейнолла Самашев жетекшілік етеді. Біз сол кісінің зерттеу топтарының бірі боп табыламыз. Шығыс Қазақстан аумағында қазір осындай 7-8 топ  жұмыс жасауда.

Шу қорғандары   оңтүстік-батыс Алтай жотасының етегіндегі Шу  өзеннің оң жағалауында орналасқан. Қорғандар аумағында тау өзендерінің кеуіп қалған арналары бар, кейіннен  бұл ор-жыралардың пайда болуына әкеліп соққан, сондықтан,  тарихи ескерткіштің  сол  қалпында сақталуына кедергі келтірген.

Көлемі жағынан қорғандар онша биік емес, көбі уақыт өте келе жермен бірге тегістеліп қалған.  Жерлеу ескерткіштерін салу кезінде тау жыныстары мен өзен тастары пайдаланылған.  Қорымдар орын тепкен аумақта көбінде мал жайылғандықтан, көптеген қорғандардың  тұтастығы бұзылған. Олардың көпшілігі дөңгелек пішінді, биіктігі кемінде 0,4-0,5 метрді құрайды.  Кейбіреулерінің төбесінде  үйінді жоқ, – дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археология, этнология және мұражайтану кафедрасының оқытушысы,  ғалым-зерттеуші  Бауыржан Бесетаев.

Айта кету керек, Б.Бесетаевпен бірге зерттеу тобына ҚазҰУ аға оқытушылары Ғани Омаров пен Сымбат Сағындықова да жетекшілік етеді.  Жалпы, археологиялық қазба жұмыстарына 20-дан астам адам тартылған. Олардың көпшілігі археология мамандығында оқитын студенттер мен жас  зерттеушілер болып табылады.

Қазіргі уақытта қазба жұмыстары 8 нысанда жүргізілуде.  Зерттеушілердің айтуынша, қалған қорымдарға қазба жұмыстары  әзірге жүргізілмейді.   Қорғандар ерте сақ дәуірінің кезеңіне, яғни, біздің заманымызға дейінгі 4-5 ғасырларға жатады.

–  Әр қорым арнайы  нөмірленген.   Зерттеу жұмыстары  №9 қорғаннан басталды. Қорғанның сыртқы құрылымы бұзылған, біздің ойымызша, ол тоналған.  Бұл қорған жартастың жанында орналасқан. Қорымның солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыс бөліктері опырылып құлаған және бастапқы құрылымы  сақталмай қалған.   Қорған өзеннің оң жағалауында 20 метр жерде орналасқан. Жанында басқа да қорымдар бар. Қорғанның биіктігі 0,3 метр, диаметрі 7 м. Қорған құрылысына түрлі диаметрлі тастар пайдаланылған, тастардың орташа ұзындығы 25-30, ал  биіктігі 8-14 см құрайды.  Қорған атап өткеніміздей, ертеректе тоналған деп отырмыз, осы нысанның жоғарғы  қабатынан  керамикалық ыдыстардың қалдықтары табылды.

Жерүсті құрылысының құрылымдық ерекшеліктерін анықтау үшін 8*8,5 метр көлемінде қазба жұмыстары жүргізілді. Зерттеу барысында аталған нысан  төрт секторға бөлінді,  ені 20 см құрайтын  С-О және Б-Ш осінің  бағыты бойынша екі жиек қалдырылды.

Жалпы алғанда, қазіргі уақытта археологиялық нысанға қазба жұмысын жүргізу  барысында оның  шеңбер тәріздес  құрылымнан тұратындығы анықталды. Ескерткіштің орталық бөлігі өлшемі 2*2 метр болатын ашық алаңнан тұрады.

Келесі қазба жұмысы жүргізілген № 32 қорған да жоғарыда аталған тәртіппен зерттелді. Бұл қорым пішіні жағынан басқа қорғандарға қарағанда ең үлкені болып табылады. Оның диаметрі 18*19, биіктігі 0,5 метрді құрайды.  Қазба барысында қоршаулы қорған табылды, –  деп түсіндірді  Бауыржан Бесетаев.

Қазба жұмыстарының қорытындысы бойынша археологиялық 8 нысанда  адам сүйектерімен бірге қыш ыдыстар және сол кездегі күнделікті тұрмыста  пайдаланған басқа да заттар табылды.

–  Алтай ерте кезеңде көші-қон үдерісінің  үлкен орталығы болып саналған.  Алтай бүкіл көшпелі өркениеттің бастауы деуге болады.   Мұнда біздің ата-бабаларымыз – сақ тайпалары  өмір сүрген. Олардың өзіндік бірегей өркениеті, мәдениеті, мемлекеттік басқару жүйесі болған-ды.   Бұлай деуімізге, қазіргі таңда  көптеген тарихи фактілер дәлел бола алады. Кейбір шетелдік әріптестеріміз көшпелілердің өркениеті жоқ деп санайды. Егер көшпелілердің өркениеті болмаса, онда сол кезден жеткен жәдігерлеріміз қайда қалды, олар  біздің  заманымызға  қалай жетті?  Бұл бүгінгі күні сақ кезеңінде, үлкен  өркениеттің болғандығы  даусыз  екендігінің айқын әрі бұлтартпас дәлелінің белгісі. Біздің заманымыздың өзінде, жаңа технологиялар ғасырында сақтардың металлургиямен айналысып, жоғары сапалы зергерлік бұйымдар дайындаудағы  технологиясы әлі күнге дейін үлкен сұрақ тудырып, толыққанды  ашылған жоқ.   Сондықтан біздің ежелгі бабаларымыздың қаншалықты  мықты  этнос болғандығын біз бүгін сеніммен және мақтанышпен айтуымыз керек, –  дейді  зерттеуші-ғалым Ғани Омаров.

Аққайнардағы қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін табылған археологиялық жәдігерлерге  толыққанды әрі жіті  зерттеу жұмысы жүргізілмек.

  Тимур Смағұлов

Катонқарағай ауданы.

 

 

Осы айдарда

Back to top button