Қоғам

Ақпарат саласының үздіктері марапатталды

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күні өңірдің ақпарат саласында еңбек етіп жүрген тілшілер қауымына облыс әкімінің дипломдары мен Алғыс хаттары табысталды.

Билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналған бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі қашан да маңызды екені рас. Әсіресе, Шығыстың журналистері қай кезде болмасын ақпаратты жедел таратумен, объективтілігімен және де парасаттылықпен ерекшеленетіні белгілі. Ақпарат айдынында қалам тербеткен журналистердің осы еңбегі биыл да аймақ басшылығы назарынан тыс қалмай бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ерекше аталып өтті. «Ертіс концерт» ғимаратында ұйымдастырылған салтанатты жиында өңір дамуына үлес қосып жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері облыс әкімдігі мен бірқатар басқармалардың түрлі марапаттарына ие болды.

Жаңалық пен жақсылықтың жаршысы бола білген шығысқазақстандық журналистердің еңбегі өңірдің әлеуметтік және экономикалық өмірінде ерекше рөл атқаратынын алға тартқан облыс әкімінің орынбасары Азамат Мұхамедчинов журналистерді облыс әкімінің атынан құттықтады.

– Бүгінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Еліміз Тәуелсіздік тарихындағы маңызды кезеңге аяқ басты. Береке мен бірліктің, халқымыздың белсенділігі арқасында біз Жаңа Қазақстанның берік іргетасын бірге қалаудамыз. Жаңа реформалардың мәні мен маңызын түсіндіріп, ақпараттық қолдау білдіріп жүрген облыстағы барша журналистерге алғысымызды білдіреміз, – деді Азамат Мұхамедчинов.

Мерекелік жиын барысында облыстың журналистика саласында еңбек етіп, өңір дамуына үслес қосып жүрген бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне облыс әкімдігінің дипломдары мен басқармалардың Алғыс хаттары табысталды. Жиын барысында «Шығыс ақпарат» медиахолдингіне қарасты бірқатар ақпарат құралдарының қызметкерлері түрлі марапаттарға ие болды.

Атап айтсақ, ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша жарияланымдарға байланысты «АгроШЫҒЫС» номинациясы бойынша облыс әкімінің сыйлығына дипломына DIDAR газетінің тілшісі Азамат Темірбеков, әлеуметтік желідегі облыс туралы үздік материалдардың «Шырайлы Шығыс» номинациясына «Рудный Алтай» газетінің тілшісі Татьяна Кравченко, видеооператорлар мен фототілшілерге арналған «Объективтегі өмір» номинациясына SMM бөлімінің графикалық дизайнері Мәди Ахметов ие болса, облыс әкімінің Алғыс хатын шолушы маман Дастан Рақымғалиев, «Ақ бұлақ» газетінің редакторы Дәулет Әбілқасымов пен SMM бөлімінің қызметкері Лола Тухтаева алды. Сондай-ақ DIDAR газетінің тілшісі Мейрамтай Иманғалиева облыстық мәдениет басқармасының, Altaynews.kz сайтының редакторы Юлия Чернявская облыстық білім басқармасының Алғыс хаттарына ие болды.

Бұдан бөлек, журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында облыстық «Рудный Алтай» газетінің ұжымы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының ұйымдастыруымен өткен «Парасат» конкурсында баспа құралдарындағы үздік материал номинациясына ие болып, дипломды газет редакторы Ольга Шабалинаға Сенат спикері Мәулен Әшімбаев   табыстады. Осы ретте ақпараттық салада кәсібилік танытып жүрген «Рудный Алтай» газетінің ұжымын осындай жоғары марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз.

Айзере Сұлтан

Осы айдарда

Back to top button