ТОПҰлттық рухани жаңғыру

АҚНАЙМАННЫҢ АРЫСЫ ҚОЙСАРЫ БИ

Тарих қойнауында қалса да, ертеден әңгіме болып, атадан балаға жетіп, ел аузында, жұрт жадында сақталып келе жатқан белгілі тұлғалар: жаудан беті қайтпаған батырлар, озық ойлы, әділ де көреген билер, от ауызды, орақ тілді шешендер қазақтың қай өңірінде де болғаны белгілі.  Ақнайманның  абызы, арысы атанған Қойсары би бәтуасымен қаншама дауды шешіп, бір елдің сөзін ұстай білген тарихи тұлғаның бірі.  Бүгінде ел ішінде қалың қауымның мүддесін қорғап, дүйім елге сүйеу болған сол атақты Қойсары бидің қайда жатқаны туралы аңыз да, әңгіме де көп.     

Серікболсын Садықов,  зерттеуші, қазақ көшпенділер мәдени мұрасының проблемаларын зерттеу институтының бұрынғы ғылыми қызметкері:

– Қойсары бидің басқа жақта емес, Күршім ауданының Қалғұты, Ақши ауылдары маңында жерленгенін карта арқылы таптық. Бұл  – 1907 жылы Батыс Сібір Омбы әскери топографтары сызып, түсірген үлкен масштабтағы әскери карта. Негізі, бұл карта 1820 жылы сызылып, 1860 жылы, 1890 жылы және 1907 жылы бірнеше рет толықтырылған. Картада белгіленіп, көрсетіліп тұрғандай, көне зират – Қойсары бидің зираты (суретте), бертін келе осы зираттың жанына оның ұрпақтары жерленген. Бір жерде неше зират тұрғаны да картада нақты көрсетілген. Бұл картаның аса құндылығы сонда, мұнда тек Қойсары бидің бейіті ғана емес, бұрынғы, ұмытылып кеткен, өзгеріп кеткен жер-су атаулары тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Алты сарының ішіндегі Бисары, Сұлукелердің, Қалғұтының, Сырымбеттің де зираттары нақты көрсетіліп, атттары жазылып, белгіленген. 1900 жылға дейін өмір сүрген сол кезде ру, ел ішінде белгілі болған басқа да бірнеше белгілі адамдардың зираттары, олардың ұрпақтарының қорымдары  бар. Осы карта бойынша Күршім ауданының Қалғұты, Ақши ауылдары маңына арнайы экспедиция жасап, «Майтерекское волостное правление», «Майтерекская волость» деп белгіленген аумақта көрсетілген Қойсары би бейітін таптық. Бейіттің өте көне, ерекше екені сырт көзге бірден байқалып тұр. Кірпіштері өте жұқа. Бұл жақта мұндай кірпіштен салынған басқа ешқандай зират жоқ, елге белгілі болған адамдікі екені анық. Кірпіштің өзгеше технологиямен құйылғаны да анық аңғарылып тұр. Кірпіштер аттың құйрық жалын араластырыла құйылған. Қойсары бидің жатқан жері, бейіті Ақши ауылынан бір шақырымдай жерде, Қалғұты өзенінің оң жағында ел аузында «Кормоцех» деп аталып кеткен жерде.

– Бала кезімде Ақши маңында қой жайып жүргенімде ауылдың үлкен қарттары осы мола басына жиі келіп «Қойсары би» атаның бейіті» деп құран оқып кететін. Есейгенде ауылдың үлкендерінің өзара әңгімесінен  Қойсары би Қытай жеріндегі керей мен ақнайманның жеті жылғы дауына барғаны, соны шешуге барған оқиғасы туралы   талай естідім. Сол екі ортада Қойсарының Байсары деген ағасының бәйбішесі Сұлуке ана Қойсары биді іздеп келіпті, алайда ол кісі Қытайдағы керей дауын шешуге  ұзақ жол жүріп кеткен екен» деген ел аузында бұрыннан келе жатқан әңгімелер есімде, – деп еске алады балалық шағында ауылдың ақсақалдарынан естіген Қойсары би төңірегіндегі әңгімелерді 83-тегі  қарт Тоқан  Белгібаев.

Мүжіліп, бір жағы құлап, шөгіп кеткенімен осы күнге дейін құламай тұрған Қойсары бидің зиратын айнала қоршап, жан-жағын тазалап, абаттандырған ақнайман елінің азаматтары енді қорым басына ескерткіш тас қоймақ ниетте. Әрісі шетелде, берісі Ақшиде жүрген би ұрпақтары «Қойсары би қорын» құрып, шаруаны бастап та кетіпті. Қорға Астанада тұратын Қойсары бидің ұрпағы, кәсіпкер Азат Қисанов бір миллион, Алғабас ауылындағы еңбек ардагері, 85-тегі  Шөкеев Мұқаған ата бір жылқы атап, тағы да басқа аудан, ауыл азаматтары жан-жақты қолдау көрсеткен.

– Туған ел, жер, ата-баба тарихын білу, құрметтеу –  ұрпаққа парыз. Қай тарихи тұлғамызды, бабамызды болмасын танып-білу кейінгі толқынның санасында патриоттық сезімді оятып, елі мен жерін, ұлтының тарихын құрметтеуге шақырады. Төл тарихты білуге деген құлшынысын арттырады. Қазіргі уақытта елдің, әсіресе кейінгі толқынның тарихты білуге, тануға деген ынтасы артып келеді. Қойсары би – ақнайман елінің қиын-қыстау кезеңінде ел бірлігін сақтап, жер, барымта, жесір дауын шешіп, даналығымен беделді, белгілі болған адам. Құнанбаймен,  Боранбай бимен араласып, ақнайман мен керейдің дауын шешіп Қытайға дейін барып, айлап-жылдап жатқан. Осыған дейін Қойсары бидің жатқан жері Семейдің Ақсуат өңірі жағында деп келдік. Балғазы Қабылов деген бауырымыз бұған дейін сол Семейдің Ақсуаты жақтағы Егіндібұлақ ауылы жаққа бірнеше рет барып та келген болатын, Қойсары бидің жатқан жері деп, басына белгі тас қойып, құрбандық шалып қайтқан еді. Алайда биыл көктемде ғалым Серікболсын Садықов хабарласып, сол жаққа асқа барып қайтқанын, ол жерде тек найман елінің Мұрын аталары жатқанын, ол жақта Қойсары бидің жерленгенінен ешқандай дерек, белгі жоқтығын жеткізді, сонымен бірге, біздің өтінішіміз бойынша, мұрағаттарды, деректерді қарап, мүмкін болып жатса, Қойсары бидің жерленген жерін табуға көмектесетінін айтты. Осылайша, ол азамат шілдеде Күршімге келіп, сол кісімен бірлесе осы өңірдегі көнекөз қариялардың әңгімесін естіп өскен, қазіргі күні Риддер қаласында тұратын Тоқан Белгібайұлы сынды ақсақалдардың естеліктеріне құлақтана отырып, ғалым алып келген ресейлік ескі карта арқылы бабамыздың жатқан жерін тауып отырмыз. Картада көрсетіліп тұрған Зайсан уезіне қарасты Майтерек болысы, яғни қазіргі Қалғұты мен Ақши маңы ақнаймандардың, қойсарылардың мекені болған. Картада осы жерде «м (могила) Койсары» деген белгімен Қойсары бидің зираты анық көрсетіліп, белгіленіп тұр, – дейді Нұр-Сұлтанда тұратын зейнеткер, ІІМ ардагері Кентай Алдырбай.

Кеңес дәуірінде ұлтымыздың, елдің, жердің щежіресі, тарихы жабулы күйінде қалып, айтылмай, айтылса жазылмай қалды. Шежіре білуді, тарқатуды өсиет, міндет деп өткен кеудесі күмбір, алтын сандық қаншама шежірешілердің, қарттардың сөзі кейінгілерге қалмай, сол күйінде өздерімен кетті. Қазақтың сан ғасырдағы қат-қабат, қилы тарихын, заманын зерттеуде, пікір қайшылықтары көп тұстарын зерделеуде тарихшыларымыздың алдында талай жұмыс тұр. Картадағы  «Қойсары би бейіті» деген белгі бидің өзінікі ме,  әлде оның ұрпақтарының бейіті ме, әлде кейін биге деген құрметпен ол кісінің есімі берілген басқа бір адамның бейіті ме, ол жағы жұмбақ. Олай дейтініміз, бұған дейін Қойсары бидің қай жерде жерленгені туралы Қазақстанға белгілі тарихшы, әдебиетші, шежіреші Қарпық Егізбаевтың баласы, Семейдегі Шәкәрім атындағы университеттің профессоры, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының академик М.Қозыбаев атындағы тарихи және әлеуметтік саяси зерттеулер ғылыми орталығының директоры, ғалым, Мұхтарбек Кәрімов 2010 жылы Didar газетіне жазған болатын. «Ел ағаларын естен шығармайық немесе Қойсары бидің жатқан жерін ұрпақтары біле ме екен?» деген мақаласында ғалым Қойсары бидің жатқан жері жайлы мынадай деректер келтіреді: «Сармырзаның ұлы Жолымбеттің жеті ұлының бірі Қуансейіт немесе Ақнайман. Шамалауымыз бойынша, Жолымбет те, оның баласы Ақнайман да шамамен XVII ғасырда өмір сүрген. Олардың мекен қылған жері қазіргі Атбасар (Арқадағы) жағы. Ақнаймандар да басқа мұрындар сияқты XVIII ғасырдың 60-жылдары қазіргі Тарбағатай (бұрынғы Ақсуат) жеріне келеді. Бірақ бұларды Аққаба, Қарақабаға қарай кеткен қожамбеттер шақыра беріпті. Ақыры мекендеп отырған Қарғыба, Базар жерінен олар Алтайға қоныс аударады. Ол кездегі ақнайман табының билігін ұстаған және елді Алтайға әкеткен Қойсары бидің ұлы Жолымбет деген кісі екен. Ақнаймандар бұрынғы Зайсан уезіне кіретін Мәйтерек болысын құраған. Ал Жолымбеттің әкесі Қойсары би біздің Ақсуат жеріне (қазіргі Абай облысындағы) ел Арқадан келіп қоныстанғаннан кейін қайтыс болыпты. Сол кездегі салт бойынша, қаракерейдің атақты адамдары өлсе, жол арасы қанша қашық болса да, Есіл-Нұра жағына, ата-баба қорымдарына апарып жерлеу тәртібі болған. Қайтыс болғандарды (белгілі адамдарды) бұрынғы атажұртқа апарып жерлеуге тағы бір себеп, бүкіл қазақ құрметтеген Қабанбайдың да сонда «от жаққан жерінде» жерленуі де болса керек. Қабанбайдың өз жерінде Есіл-Нұра (кейінгі Ақмола) өңірінде жерленгенін бұрынғылар да білген. Мәселен, атақты батыр, тоғас Байбарақтың, ел Шығысқа келгесін қайтыс болып, өзінің өсиетімен оны ұрпақтарының Қабекең жатқан Есіл-Нұраға, өз қорымдарына апарып жерлегені тарихи факт. Бүгінгі Жезқазғанның жеріндегі Телікөлдегі Байғананың және Тайатқан шұнақтағы Қаратайдың зираттарының болуы да біздің елдің Арқаны тапжылмай жайлағандығының куәсі. Қойсары би қайтыс болғанда, мәйітті сол қалыптасқан салт бойынша оның ұлы Жолымбет Есіл-Нұраға апарып жерлеуді ойластырыпты. Бидің мәйітін түйеге артып алып, Есіл-Нұраға кетіп бара жатқандар кешкілік Егіндібұлақ деген жерге еру боп, қонып шығыпты. Ертесімен жолға шығып бара жатқан кезде мәйітті артқан түйенің алдыңғы аяғы суырдың ініне кіріп шорт сынып кетеді. Осы жағдайдың басы-қасында болған атақты Боранбай би тұрып: «Енді Есіл-Нұраға мәйітті апарудың қажеті жоқ, осында жерлеу керек. Мына жағдайдың өзі тегін емес», дейді (ертеде мұндай жағдайды кездейсоқтық демей, Алладан келген белгі деп қараған.) Сол жерде бидің балалары ел ағасы Боранбай бидің айтқанын жөн көріп, әкелерін сонда жерлепті. Қойсары бидің зираты бұрынғы «Ленин жолы» совхозының жеріндегі Егіндібұлақ (Ақсуат ауданындағы) ауылынан алыс емес, «Марал бұлағы» деген жерде тұр. Бұл қорымда негізінен Боранбай бидің Қарабас деген ұлынан тараған ұрпағы жатыр (Қойсары бидің зиратын Қызылкесік ауылында тұратын соғыс ардагері Уәпиев Қадырмолда ақсақал және Төкенов Өмірбек деген азамат көрсетіп бере алады)».

Мақаланы жазу барысында ежелден ел аузында, жұрт жадында келе жатқан Қойсары би, оның қайда жерленгені жайындағы әңгімені тарихи тұрғыдан дәйектеп жеткізген Мұхтарбек ағаның өзімен де хабарластық. Ғалым бұл деректерді елімізге танымал шежіреші болған әкесінен, сол өңірлердегі көнекөз қарттардан алғанын жеткізді.  Өзі айтқан шежіреші, соғыс ардагері Уәпиев Қадырмолда ақсақал бұл күнде өмірден өтіп кеткенімен, Боранбай бидің тікелей ұрпағы, ғалымның Астанада тұратын шәкірттерінің бірі  Қыдырмолда Уәпиев айтып кеткен Қойсары бидің Боранбай би ұрпағы қорымында жатқаны туралы ежелден келе жатқан шежіре әңгімесін нақты баяндап бере алатынын айтты. Айтуынша, бірнеше адам жерленген қорымдағы  зираттардың алғашқысы Қойсары бидікі болуы мүмкін.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button