ҚоғамТОП

Ақбауырдың етегінде қала болған

Археология

 

Кейінгі үш жылда Ақбауыр археологиялық кешенінде сақтардың алғашқы қоныстары зерттеліп жатыр. Онда ежелгі адамдардың отырықшы да болғанын, егіншілік және металлургиямен шұғылданғанын да көруге болады. Қазба жұмысының барысын көруге барған облыс әкімі Даниал Ахметовке белгілі археолог Зейнолла Самашев ежелгі өндіріс ошағын таныстырып, оның қалай жұмыс істегенін де түсіндіріп берді.

Ежелгі фабрика

– Көптен бері санамызда сақтар атқа мініп шапқылап, көшіп-қонып жүре берген деген біржақты ой қалыптасқан ғой. Біз оны жоққа шығаратын кереметтей 20 шақты қоныс таптық. Мәселен, бірінші қоныста олар шахта әдісімен қалайы кенін шығарған екен. Онда кішкентай кен сақталып қалғанын, процесс кезінде тастардың күйгенін байқауға болады. Еңбек құралдарын да таптық. Осы орайда айта кету керек, сақтардың кен алу технологиясының өзі ерекше болған. Шұңқырға от жағып, үстіне мұздай суық суды құйып жібергенде таудың тасы жарылып кетіп отырған. Оны отты ұңғылау деп атаймыз біз, – дейді археолог Зейнолла Самашев.

Оның айтуы бойынша, тағы бір қоныста сақтар тағам түрлерін өндіріп отырған. Сол орыннан табылған көптеген пеш, дәнүккіш және дәнді дақылдардың қалдығы – соның айқын дәлелі. Бұл қонысты шағын фабрика деп атауға болады.

– Осы қоныстардың бүкіл желісі бір хронологиялық кезеңге, біздің дәуірімізге дейінгі 11-9 ғасырларға жатады. Жалпы алғанда, Ақбауыр тауының етегі үлкен қала болып шықты. Біз енді бұған қатысты «прото-қала» деген ұғымды енгізе бастадық, – деді археолог.

Тақта отырған хан

Зейнолла Самашевтың жетекшілігімен «Алтай-Тарбағатай қола дәуірінен ерте орта ғасырға дейін» жобасы бойынша облыстың бірнеше аймағында қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биылғы жоспар Ұлан ауданының аумағындағы Ақбауыр археологиялық шағын ауданына негізделген. Дегенмен Тарбағатай ауданындағы Елеке сазынан да ерекше жәдігерлер табылып жатыр. Жәдігерлерді археолог өзімен бірге Ақбауырға алып келген екен.

– Елеке сазындағы қаған кешенінде (біздің заманымызға дейінгі сегізінші ғасыр – автор.) қағандардың денесін жағып жіберетін болған. Міне, біз сол жерді тауып алдық. Ең бір кереметі, онда қойылған заттардың ішінде екі алтын салпыншақ болды. Онда тақта отырған хан бейнеленген екен. Біз бұрын тақтың бар екенін білетінбіз, бірақ оның қандай болғанын, қалай әшекейленгенін білмейтінбіз. Міне, біз соған көз жеткіздік. Бұл – көне түркі дәуірін зерттеушілердің алдында үлкен жаңалық, – дейді Зейнолла Самашев.

Табылған қоныстардың онға жуығын аралап шыққан облыс әкімі бұл жаңалыққа таңғалғанын айтты.

– Кейінгі жас ұрпақ Отанының тарихы тым арыда жатқанын танып білуі керек. Мына жерде бізден бұрын мекендеген адамдар тау-кен ісімен де, егіншілікпен де айналысып, биік өркениетке жеткенін көріп отырмыз. Олар дәл қазіргі біз секілді диқан, металлург, кенші деп бөлінгенге ұқсайды. Демек, ата-бабаларымыз арлы-берлі көшіп-қонып қана жүре бермей, әр нәрсенің жөнін білген деген сөз. Бұл – мақтаныш. Ендеше, біз мына тарихи аймақты әуелі өз ұрпағымызға, сосын туристерге таныстыруымыз керек. Қоныстардың төбесін әдемілеп жауып, кешен қылып, туристік нысанға айналдыруымыз қажет, – деді Даниал Ахметов.

Анықтама:

Елеке сазындағы тастан салынған үлкен ғибадат – еске алу ғимараты екі құрамдас бөліктен тұрады. Жоғарғы жағы кесілген пирамида түріндегі ғибадатхана және оған іргелес лабиринт бар. Тастан салынған ғимарат қирандыларын зерттеу жұмыстары былтыр басталды.
Ескерткіш Батыс Түрік қағанаты қағандарының бірінің құрметіне салынған. Болжам бойынша оның денесі осында жерленген.

Бұған дейін осы жерден басы сынған қағанның мүсіні табылған. Ол қазір Ұлттық музейде сақтаулы тұр.
Жақында археологтар көптеген қару-жарақ пен ат әбзелдерін тапты. Салтанатты костюмде әшекейлер мен ою-өрнек жапсырмалары бар.

Безендірілген белдік кездеседі. Мұндағы әшекейлердің кей жерлері күйген, балқып кеткен.
Сонымен қатар ғибадатхана түбіндегі айналасы қоршалып, өртенген жердің маңайынан тұтқалары бар қола ыдыс, тостаған және басқа да заттар табылды. Осы заттар арасында алтын
тағында отырған қағандардың суреті бар екі алтын алқа ерекше қызығушылық тудырады. Тақтың оң және сол жағында тізе бүккен қызметшілердің суреті бейнеленген. Кейіпкердің
өрілген шашы мен киім бөлшектері анық көрінеді. Суреттердің бірінен қаған бетінің кескінін көруге болады.
Тарихшылар мен археологтар ежелгі түркілердің көркем мәдениеті мен сәндік-қолданбалы өнерінің осы бір туындылары император бейнесінің иконографиясын, сондай-ақ мемлекеттік атрибутиканың бұрын-соңды белгісіз бөлшектерін-зооморфтық безендірілген шынтақшасы бар тақтың құрылысын, тәждердің түрлерін егжейтегжейлі көрсететін көрнекті дереккөзі болатынын айтады.

Бұл – ортағасырлық жаңа тарихи дереккөз. Ол қағанаттың әлеуметтіксаяси құрылымын, діни көзқарастарын, сот рәсімдерін және басқа да мәселелерге қатысты сұрақтарға жауап береді.

Табылған материалдар түркі этностарының тарихы мен мәдениетінің
түрлі аспектілерін зерттеумен айналысатын әлемнің түрлі елдері мен ғылыми
орталық зерттеушілерінің қызығушылығын тудыратыны күмәнсіз.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button