ҚоғамТОП

Ақбас сиырдың арғы тегі Шығыста сақталған

Қазақтың ақбас сиырының арғы тегі Шығыста сақталған. Оны өңірдегі «Багратион-2» шаруа қожалығы өсіріп отыр. Етті әрі сүтті болып келетін бірегей тұқым осы шаруа қожалығының брендіне айналмақ.

Облыстағы мал өсірумен айналысатын ірі шаруа қожалықтарының бірі – Багратион. Қожалық етті, сүтті ірі қара, жылқы мен қойдан бөлек марал өсіреді. Тоқсаныншы жылдардың басындағы тоқырауда Василий Воропай басқарған «багратиондықтар» қазақтың ақбас сиырының тұқымын сақтап қалған.

– Қазақтың ақбас сиыр тұқымын алу үшін 1926 жылдан бастап жұмыстар жүргізіле бастаған. Көп жылдық еңбектің арқасында біздің табиғатқа бейімделген тұқым қалыптасып, 1949 жылы құжат түрінде бекітілді. Нағыз қазақтың ақбас сиырының тұқымы тек осы жылдары алынған. Қазір біздің қожалықта ақбас сиырдың ең алғашқы гені сақталған, – деді «Багратион-2» басшысы Василий Воропай.

Оның айтуынша, қожалық мың бас сауын сиырға арналған қыстық қора салған. Қазір онда 214 ақбас сиыр өсіріліп жатыр. Алдағы уақытта оның санын мыңға дейін жеткізу көзделген.

Сонымен қатар шаруа қожалығы ақбас тұқымның «Багратион» типін өсірмекші.

– Қазақтың ақбас тұқымының «багратиондық» типін өсіруді қолға алмақпыз. Бұл алдағы бір-екі жылда бітетін жұмыс емес. Көп іс атқару керек. Сондықтан оны алдағы 5-7 жылға межеледік. Өзіміздің тұқымды жетілдіріп, ет өндіру бағытына күш қоспақпыз. Ақбас сиыр тұқымы етті болып, сол қасиетін жоғалтпай сақтап қалуымыз керек. Біздің шаруа қожалығы негізінен сүтті, етті ірі қара, марал, жылқы және қой өсірумен айналысады. Бүгінде 800 бас сиыр мен бордақыда тұрған 550 бас бұқа бар. Мыңнан аса марал өсіріп отырмыз. Етті ірі қара бойынша герефорд тұқымын сатып алдық. Бұл тұқым қазақтың ақ  бас сиырының арғы тегі саналады, – деді «Багратион-2» қожалығы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Әнуар Жұманов.

Аталмыш кәсіпорын өндірістің аяқталған циклімен ерекшеленеді, яғни төрт түлікті өсіріп, одан алынатын шикізатты еліміздің түкпір-түкпіріне дайын өнім түрінде жеткізіп отыр. Ал дайын өнім сапасының жоғары болуына мал күтімінің де әсер ететіні даусыз. Бұл қожалықта қызмет ететін малшылардың барлығы дерлік ауыл тұрғындары.

– Мектеп бітіре салып осында жұмысқа кіргенмін. Қожалықтың құрылуынан бастап, өсу жолында еңбек еттім. Әкем шопан болған. Мен жылқышымын. Жастық шағымда ауылға бармай осы жерде түней беретінмін. Өзімді демалыста жүргендей сезінетін едім. Үйленгеннен кейін үй іші, бала-шаға деп жұмыс кестесін өзгерттім, – деді малшы Жұмабек Сәдуақасов.

Шаруа қожалығындағы төрт түліктің күтіміне ерекше көңіл бөлінген. Мұнда еңбек ететін малшының әрқайсының өзіне тиесілі міндеті бар.

– Мен шаруа қожалығына әскерден келгеннен кейін кірдім. Тоқсаныншы жылдардан бері осында малшы болып еңбек етемін. Мұнда әр адамның өз міндеті бар. Бірі жаңа туған төлдерге қараса, бірі бұқаларға, ал енді бірі малдың жеміне жауапты. Бәрі өз жұмысын тиянақты атқарады. Ұжым ұйымшыл. Мен сиырлардың жемшөбіне жауаптымын. Жұмысым өзіме ұнайды. Ірі қараның күтіміне барымды саламын. Себебі оның беретін өніміне біздің еңбек тікелей әсер етеді, – дейді малшы Руслан Кенжеханұлы.

Мал бағу оңай шаруа емес. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін ата кәсіпті өркендетуде айрықша үлес қосып отырған осы кісілер.

– Осы ауылдың тумасымын. Мектеп бітірген соң жұмысқа кірдім. Жастайымнан жылқыға құмар едім. Қазір оларды баптап, сауынға көмектесемін. Жұмысым өзіме ұнайды. Табиғат аясында өзімді демалыста жүргендей сезінемін. Бос уақытымда маралдарға да қараймын, – дейді жылқышы Ратмир Елемесов.

Шаруа қожалығының тағы бір ерекшелігі – маралдар. Ел аумағынан, ішінара шетелден келетін туристерді қызықтыратын өнім түрі де осы жерде өндіріледі. Қожалықтағы мал шаруашылығы бөлімінің басшысының айтуынша, бұл – Шығыстағы марал өсірумен айналысатын ең үлкен қожалықтың бірі.

– Бізде мыңнан астам марал өсіріледі. Қазір мұнда шамамен 350 бастай марал қалды. Қалғаны жайылымда. Оларға мейлінше еркіндік беріп, мазасын алмауға тырысамыз. Ал бұл жердегі жануарлар шипажайға келушілерге арналған. Бізде ең жақсы панты өнімі дайындалады. Шипажайға келушілерге арналып әр күннің емдік жоспары да әзірленген, – дейді Әнуар Жұманов.

Жалпы шаруа қожалығының тасы өрге домалап, ісінің ілгері басуында малшылардың еңбегі ерен. Осы ретте 2021 жылдан бастап елімізде малшылар күні тойлана бастады.

«Shopan ata» ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың бастамасымен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жолданып, соның нәтижесінде маусым айының екінші жексенбісі ресми түрде «Малшылар күні» деп бекітілген болатын. Осыған орай облыс орталығында мал шаруашылығы саласының үздіктері марапатталған болатын. Облыстық драма театрдың сахнасында өткен мерекелік іс-шараға шаруа қожалықтарының басшыларынан бастап, мал дәрігерлері, малшылар мен сауыншыларға дейін жиналды.

– Биыл бірінші рет үздік малшыларды салтанатты түрде марапаттау рәсімін ұйымдастырып отырмыз. Мұнда тек басшылар ғана емес, қарапайым қызметкерлер де марапатқа ие болды. Негізгі еңбек солардікі. Олар ыстық-суыққа қарамай осы саланың дамуы жолында тер төгіп жүр. Еңбек бағалануы керек. Жалпы облыстағы мал шаруашылығы саласының болашағы зор. Себебі мал өсіруге керектінің барлығы біздің өңірден табылады,– дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қажыбекова.

Мал шаруашылығында маман тапшы

Бүгінгі таңда елімізде 5,7 миллион бас ірі қара малы болса, оның 483 мыңы, 26 миллионнан астам бас ұсақ малдың 717 мыңы, 4,6 миллион бас жылқының 234 мыңнан астамы Шығыста өсіріліп жатыр. Дегенмен ата кәсіппен айналысуға ниетті жастар жылдан-жылға азайып бара жатқаны жанға батады. Қазақстандық шаруаларды алаңдатып отырған да осы кадр тапшылығы мәселесі. Статистикалық деректерге сүйенсек, облыста ғана 4 мыңға жуық маман жетіспейді. Мал дәрігері, агроном, механизаторлар ғана емес, малшы, шопан, сауыншылар да тапшы. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2030 жылға қарай ауыл шаруашылығы саласында жұмысшы тапшылығы 200 мың адамға жететін көрінеді.

Ресми деректерге сүйенсек, кейінгі бір жылда облыста мал басы 3% өскен. Ал маман тапшылығы мәселесін шешу үшін ең алдымен, осы мамандықтардың өкілдеріне деген көзқарасты өзгерту керек.

– Малшылар мен шопандарды екінші сортты азамат деп қарауға болмайды. Сондықтан қазір өз ұсыныстарымызды дайындап жатырмыз. Ол үшін тиісті сертификаттар бере отырып, ветеринария және малтану негіздері бойынша курстарды енгізу қажет. Ал аттестациядан өткен қызметкермен келісімшарт жасалған, құжат тиісті органдарда тіркелген жағдайда жұмыс беруші жалақыға қосымша субсидиялар төлеуге міндетті. Қауымдастық өкілдері де ауыл шаруашылығы қызметкерлерін ерте зейнеткерлікке шығаруды көздеп отыр. 55 жаста, қауіпті өндірістегі жұмысшылармен теңестіріледі, – дейді Қазақстан фермерлер қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Самат Қыдырмолда.

Осы айдарда

Back to top button