Қоғам

Ақ халатылар ауылға бара ма?

Жоқ, сонда, апай районда бір терапевт жоқ па?!

Жоқ…

Онда неге жауып тастамайсыздар?

Жақсы жауып тастайық, онда сіздер қалаға барасыздар…

Бұл аудио erlanbekovan атты  желі қолданушысының жуықта Инстаграмм парақшасында жариялаған бейнежазбасынан алынды. Автор Күршім аудандық ауруханасына жүру-қозғалуы шектелген  баласымен бірге терапевт қабылдауына келіп тұрғанын, алайда бүкіл аудандық ауруханадан терапевт дәрігерді таппағанын айтып, өз жазбасын «Қашан медицина жөнге келеді?» деген жанайқайымен аяқтапты.

Бар ауылға бір дәрігер

«42-ші кабинетте деген (тіркеу орнындағылардың айтқаны бойынша) соң, барып кезегімді алып, 8.28-ге дейін күтіп отырдым, дәрігер келмеген соң қайта тіркеу бөліміне келдім, келсем 10-нан астам адам келіп тұр екен, барлығының іздегені терапевт дәрігер…» деп баяндайды әрі қарайғы жағдайды Күршім ауданының тұрғыны.

Бүгінде облыс тұрғындарының 34 пайызға жуығы, облыстағы барлық 726,7 мың тұрғынның 243 мыңдайы ауылдарда тұрып жатыр. Сонда алыстағы ауылдардан аудан орталығындағы ауруханаға ауырып- сырқап барғандар осылай дәрігер таба алмай діңкесі құрып жүрсе, ауылдағы 243 мың адамның, бала-шаға, жас-кәрінің жағдайы біз ойлағаннан да  мүшкіл болғаны ма?

Науқас баласын арқалап барған ана шарқ ұрып, шырылдамаса дәрігерге қарала алмай ма? Аудандық ауруханада мамандандырылған басқа дәрігер түгілі терапевтің жетпейтіндігі шешілмеген мәселе күйінде қала бере ме? Аты бар да, заты жоқ ауруханадан ауылдағы ағайынға қандай қайыр?

Аудандағы аурухананың қызметі көңіл көншітпейтінін айтып, реніштерін жазған бір топ ауыл тұрғынымен бірге bb_shynar атты желі қолданушысы да: «40/60 км қашықтықтағы ауылдан такси жалдап барсаң, оп болды, соп болдының әңгімесі! Жауапты ешкім жоқ, бәрі сүттен ақ, судан таза» депті.

Жауапты ешкім жоқ емес, бар. Бірақ сол жауаптылар мәселені шешіп жатыр ма? Ауылдарға қанша жерден медпункт, ФАП салғанмен, кадр мәселесі шешілмесе, дәрігер жоқ болса, ауылдағы дәрігерге жағдай жасалмаса, ауыл медицинасының қызмет көрсету сапасы қалай көтерілмек? Әңгіме сонда.

«2024 жылдың 26 наурыз күні таңертеңгі сағат 8.00-де Н.Ерланбекызы Күршім аудандық ауруханасына науқас баласына облыстық реабилитация орталығынан көмек алу үшін қандай құжаттар керек екенін білмек болып учаскелік дәрігерге келген. Соматика бөлімшесі арқылы қан талдаулары алынған.

Аудандык аурухананың емхана бөлімшесінде қазір төрт жалпы тәжірибелік дәрігердің орнына 26 наурыздан бастап екі дәрігер қызмет атқаруда. Өйткені бір дәрігерге шұғыл операция жасалса, екіншісі 26 наурыздан декреттік демалысқа кетті.

Сол күні дәрігер Анель Төлеуханова түске дейін Бурабай ауылында, түстен кейін аудандық ауруханада кабылдау жүргізді. Таңертеңнен түске дейін қабылдауда екінші дәрігер Т.Идаятова болды. Бірақ сол күні 8.30 бен 9.00 аралығында жүкті әйелді жатқызумен айналыскан дәрігер Т.Идаятова перзентхана бөлімінде болды. Н.Ерланбекызы сол кезде қабылдауға келіп, дәрігерді тоса алмаймын деп, бас дәрігердің қабылдауына науқастарды жинап алып келген және ұялы телефонмен кіріп, жасырын жазба жүргізген. Түсініктеме жұмысы жүргізілгенмен, шағым жасалатыны туралы айтып, тез арада дәрігердің қабылдауын талап етті. Перзентханадан келген дәрігер Т.Идаятованың қабылдауына жіберілді, реабилитация қағидалары туралы ақпарат берілді. 4 сәуірге жатуға жолдамасы 3 сәуір күні қолына берілді.

Дәрігерлердің жетіспеуіне байланысты екі жалпы тәжірибелік дәрігерге Күршім ауылындағы тіркелген тұрғындардан басқа А.Төлеухановаға алыстағы Маралды, Үшбұлақ, Қыстаукүршім, Бурабай, Теректібұлак, Қойтас ауылдарының, екінші дәрігер Т.Идаятоваға Қаратоғай, Ақши, Жылытау, Ақсуат, Аманат, Жолнұскау ауылдарының халқын  қарау, тексеру жүктеліп отыр.

Екі дәрігердің қай жерде қабылдау өткізіп, қызмет көрсетіп жатқанын пациенттерге дұрыс түсіндірмегені үшін емхананың аға медбикесі мен учаскелік медбикеге, тіркеу бөлімі медбикесіне ескерту  жасалды. Қабылдаулар кесте бойынша жүргізіліп жатыр. Дәрігерлік қабылдау кестесіне қосымша кардиолог, терапевт, бакалавр медбике енгізілді.

Кадрмен қамту мәселесі  бойынша жұмыс атқарылуда. Бүгінде бір дәрігермен келісім жасалды. 12 сәуірде Семей медицина университеті түлектермен кездесу өткізуге, жәрмеңкеге қатысуға тапсырыс жасалып қойды».

Терапевті таппай табандарынан таусылған аудан тұрғындарының шағымына, желідегі жазбасына орай Күршім аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Л.Шоқаева осындай жауап қайтарыпты. Маман тапшылығы мәселесін шешу үшін ауданда бір терапевтке бір емес, алыстағы бірнеше ауылдың жұртын қарау жүктелген.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының редакцияға берген ақпараты бойынша қазір (жыл басындағы жағдай бойынша) Күршім ауданына төрт дәрігер қажет.

Жаңа аудандардағы жағдай қалай?

Ал облыста жоқтан бар жасап, жаңадан құрылып жатқан аудандардағы ауруханалардың дәрігерлермен қамтылуы қалай? Жаңадан қүрылып жатқан аудандардағы медициналық ұйымдардың келешекте халыққа қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге қауқары бар ма?

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары А.Қапанованың айтуынша, жаңадан құрылған екі ауданды медициналық қызметпен қамту бойынша тиісті іс-шаралар атқарылып жатыр.

Жаңадан құрылған Үлкен Нарын ауданында барлығы 19 медицина нысаны: бір аудандық аурахана, үш дәрігерлік амбулатория, үш фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 медициналық пункт бар. Аудандық ауруханада тәулік бойы жұмыс істейтін 31 төсек, күндіз жұмыс істейтін 27 төсек ұйымдастырылған. 2023 жылы аудандық аурухананың перзентханасы босанудың үшінші деңгейінен екінші деңгейіне ауыстырылған.

Былтыр Үлкен Нарындағы аудандық ауруханаға барлығы алты медициналық қызметкер: дәрігер-реаниматолог, жалпы тәжірибелік дәрігер, оториноларинголог, психиатр-нарколог, екі фельдшер жұмысқа алынған.

Ново-Хайрузовка, Үш-Төбе ауылдарындағы медициналық нысандарға күрделі жөндеу жүргізу, Майемер ауылында медициналық пункт салу жоспарланып отырған көрінеді.

Былтыр өз алдына аудан болып құрылған Марқакөл ауданында қазір барлығы 6 863 адам тұрып жаста, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны – 1711, жасөспірімдер – 238. Осыдан 30 жыл бұрын бұл ауданда  27 мың адам тұрды дегенге кім сенеді? Аудан халқының саны аз болғанымен шекара шебіндегі, қияндағы Марқакөл ауданы тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамту – ауданды қайта құруда көзделген басты мәселенің бірі. Шекараны шегендейтін ауданды жан мен малға толтыру үшін дені сау ұрпақ керек, халықтың денсаулығы дұрыс болуы керек. Бүгінде Марқакөл дәрігерлік амбулаториясына тіркелген халық саны – 3113 адам,  Қарашілік ауылы бойынша – 139, Бұлғарыда – 46, Қаройда – 183, Ақжайлауда – 152, Қайнарлы ауылындап 158 адам тіркелген.

Ауданда күніне 103 адам қабылдай алатын диагностика, кеңес беру бөлімі бар. Марқакөл ауданының ауруханасын медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 18 дана жабдық сатып алынған. Жаңадан құрылған бұл ауданның медициналық мекемелеріне заманауи жабдықтар, мықты дәрігерлер, мамандар аса қажет.

Қазір ауылдық жерде тұратындардың көпшілігі мамандандырылған дәрігерге қаралу үшін, қарапайым ғана УЗИ-ге түсу үшін, ем алу үшін  облыс орталығына келіп жатады. Бірі білікті маман жоқ десе, бірі медициналық аппараттардың жоқтығын, қала берді аурухана ішінің суықтығын, енді бірі аудан дәрігерлеріне сенімсіз екендіктерін айтып жатады. Аналар босану үшін облыс орталығына барса, ел емделу үшін қалаға сабылып жатса, еншісіне бұйырған құрал-жабдықтармен жұмыс істей алатын білікті дәрігері жоқ болса ондай аудандық ауруханалардың барынан не пайда деген сұрақ туады тағы да.

Облысқа 138 маман қажет

2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыстағы медициналық мекемелерге 138 дәрігер қажет. Өскемен қаласына – 44, Риддер қаласына – 10, Алтай ауданына – 32, Шемонаиха ауданына – 9, Глубокое ауданына – 14, Катонқарағай ауданына – 10, Самар ауданына – 4, Күршім ауданына – 4, Ұлан ауданына – 7, Тарбағатай ауданына – 3, Зайсан ауданына 1дәрігер қажет.

Дәрігерлердің ішінде әсіресе, жалпы тәжірибелік дәрігерлерге (ЖТД) деген сұраныс жоғары. Аудандардағы, қалалардағы емханаларға 26 ЖТД керек. Акушерлік және гинекология бойынша – 12, педиатрия бойынша – 11, офтальмология – 9, неврология – 8, кардиология – 7, анестезиология-реаниматология – 7, отоларингология – 7, жалпы хирургия – 7, психиатрия – 6, реабилитология – 4, терапия саласы бойынша 4 дәрігер қажет.

– Жас мамандарды тарту үшін облыстың медициналық ұйымдарының басшылары қалалар мен аудандар әкімдіктерінің өкілдерімен бірлесіп Семей қаласының медицина университетінің түлектерімен кездесулер өткізеді. Бос орындар Enbek.kz сайтта орналастырылған. 2023 жылы облыс бойынша 68 дәрігер жұмысқа орналастырылды, соның ішінде Алтай ауданына бір дәрігер, Самар – 2, Глубокое – 1, Риддер – 8, Күршім – 1, Зайсан ауданына 1 дәрігер жұмысқа алынды. Сондай-ақ 2023 жылдан бастап «Семей медицина университеті» КЕАҚ-да жергілікті бюджет есебінен резидентурада 32 маман оқытылып жатыр.

Биылғы қаңтардан бастап Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 126 бұйрығымен ауылдық жерге келген жас мамандарға бюджеттік кредит мөлшері аудан орталықтары үшін 1500 АЕК-тен 2500 АЕК-ке дейін және ауылдық елді мекендерден тұрғын үй сатып алу үшін берілетін бюджеттік кредит көлемі 2000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

Осылайша, резиденттер, интерндер түлектері келгеннен кейін облыс бойынша 2025 жылдың соңына қарай аудандағы медициналық ұйымдарды дәрігерлік кадрлармен жасақтау жоспарлануда, – дейді денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары А.Қапанова.

Ақ халаттылар ауылға бара ма?

Биыл қаңтарда Парламент Мәжілісі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заң қабылдаған болатын. Осы заңға сәйкес, енді ауылға жұмыс істеу үшін баратын медицина қызметкерлеріне 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем берілмек.

Мәжіліс депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл норма медицина кадрларын ынталандыру және ауылдағы кадр тапшылығын жою үшін қабылданып отыр.

«Бұған дейін біз ауылға баратын жас дәрігерлерге біржолғы көтерме ақы береміз деп айтқан едік. Қазір біз сол уәдемізді орындап отырмыз. Заң қабылданды. Енді ауылға барған, медицина саласында істейтін жас маман біржолғы 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде (8,5 млн теңге) көтерме ақы алады», – деді Мәжіліс депутаты А.Аймағамбетов.

Бұл көтерме ақы қолданыстағы әлеуметтік көмектерге қосымша енгізіліп отырғанын атап өткен депутат: «Қазір «Дипломмен ауылға» бағдарламасы және тағы басқа көтерме ақы бар, оны ешкім алып тастаған жоқ. Сол көтерме ақының үстіне біз тағы бір жаңа көтерме ақыны енгізіп отырмыз. Медицина саласында істейтін мамандарды қолдау үшін, ауылдағы медицинаны дамыту үшін, ауылдағы кадр тапшылығын шешу үшін 100 ең төменгі жалақыға тең көмек береміз. Биыл оның мөлшері 9 миллион теңгеге жуықтайды», – деді.

Ауылға баратын дәрігерлердің еңбек өтілі ескерілмейді. Олар тек көтерме ақыны алғаннан кейін бес жыл сол ауылда жұмыс істеуге міндеттеледі.

Ауылды айтып отырмыз ғой, қаланың өзінде дәрігер жетпей жатыр. Бірсыпырасы зейнет жасындағылар. Аудандарда медицина қызметкерлерінің жұмыс істеуіне жақсы жағдай жасала ма? Дәрігерлерге беріледі деген 8,5 млн теңге көтерме ақы ауылға қарай баратын ақ халаттылардың санын арттыруға септігін тигізе ме? Оны келешек көрсетеді.

Осы айдарда

Back to top button