Руханият

Ақ түйенің қарны жарылған күн

Қазақ тіліндегі көптеген тұрақты сөз тіркесінің түп төркіні төрт түлікпен тамырлас өрбиді. Сондықтан да болар, мал шаруашылығына негізделе айтылатын мәйекті һәм мазмұнды сөз тіркестерінің қатары көп. Соның бірі – «ақ түйенің қарны жарылған күн» деп келетін дағдылы тіркес. 

Бабаларымыз төрт түлікке табиғат заңдылықтары негізінде зерделей қарап, сол арқылы мифті, философиялық, мәдени танымдар мен ұғымдар қалыптастырған. Мысалы, малды қу шыбықпен, от көсеген немесе қабығы түскен қу ағашпен айдауға тыйым салған. Бұл – бабаларымыздың малдың сүті қайтып кетеді деген нанымынан қалыптасқан тәртіп, табиғат заңдылығымен астасқан түсінік. Осылай қалыптасқан дала заңдылықтары әрбір түлік малға қатысты да айтылып, тұрақты сөз тіркестеріне айналып отырған. Соның ішінде түйе малын символ еткен түйдек-түйдек тіркестер де көбірек айтылады. Мысалы, епсіздікке қатысты «Түйе үстінен сирақ үйітіп», «Түйе үстінен ит қапқан», «Жақсы туған баланың атасы жаман болса да, төрде отырып сый табар, жаман туған баланың атасы жақсы болса да, түйе үстінен ит қабар» дейтін тіркестер бар. Ал жағымсыз һәм дөрекі мінезге қатысты «Бір күн бие, бір күн түйе», «Сөзі түйеден түскендей» деп айтып жатамыз. Молшылық пен қуанышқа тап болсақ, «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің», «Ақ түйенің қарны жарылған күн болды-ау» деп лепіреміз. Осы қатардағы «Ақ түйенің қарны жарылған күн» деген тіркестің түп төркінінде қазақтың үлкен салт-дәстүрі жатқанын көбіміз аңғара бермейміз.

Баяғы жаугершілік заманда ел мен жер үшін соғысқа аттанған азаматы аман оралған жұрт үлкен қуанышқа кенелген. Осы қуанышты жалпақ жұртқа жария етудің бір жолы осы ақ түйенің қарнын жарудан басталыпты. Сұрапыл соғыстан азаматының аман оралғанын естіген ауыл үлкендерінің бірі өрісте жүрген ақ түйенің қарнына пышақ шаншып жібереді. Қабырғасына тікендей қадалған пышақтан жаны шыға боздап безілдеген түйенің дауысы ен даланы жаңғыртады-мыс. Оны көрген жұрт сұрастыра-сұрастыра қуанышқа кенелген ауылға жиналады. Осылайша, ауылда қуанышты той басталады. Міне, осы күнді қазақ «ақ түйенің қарны жарылған күн» деп атап кетіп, бұл сөз кейін молшылық мәндегі мәйекті сөз тіркесіне айналып кеткен.

Қуанышты тілекке қатысты тағы бір сөз тіркесі «үйірімен үш тоғыз» деп келеді. Бұл сөз – әуелгіде қазақтың аталық малына қатысты айтылғын астарлы ұғым. Оның астарында үйір салу, тұқым сұрыптау мәселесі жатыр. Мысалы, үйір салғанда бір айғырға тоғыз биеден деп бөлген. Бура, қошқар сияқты басқа да аталық малдарды да дәл осылай бөліп отырған. Бұл ғасырлар бойы мал баққан бабаларымыздың тәжірибесінен өткен дүние болуы керек. Бір үйірге тоғыз бие қосудың түп төркінінде сапаны сақтау мәселесі жатыр. Тіпті бірыңғай қаракөк, шұбар, күрең, құла деген сияқты түстерді негіздеп те үйір салған. Осы үш тоғыз ұғымы кейін келе құн төлеу мәселесінде тіл ұшына ілініп, сұралатын құнның көлеміне қарай үйірімен үш тоғыздан айдатып отырған. Мысалы, аса үлкен сый-құрмет жасағанда, сонымен қатар құн төлетіп, ерекше айып-жаза тарттырғанда тоғыз-тоғыздан атап көрсетіп, межелік өлшем етіп белгілеуді қалыптастырған. Одан бөлек жат жұрттық деп жаратылған қыздың жасауына да тоғыздан айдатып отырған. Осылайша, «үйірімен үш тоғыз» тіркесі үнемі айтылатын мәнді сөзге айналған.

Алтай Ғали-Асқар

 

 

Осы айдарда

Back to top button