COVID-19 Медиация

Ақ желеңді періштелер

      Облыс орталығында COVID-19 пандемиясы кезінде алғы шепте жүріп, ерен еңбегімен көзге түскен бір топ медицина қызметкерлеріне  «Ақ жол»  демократиялық партиясы атынан «COVID19 Жанқиярлық үлесі үшін» естелік медальдары салтанатты түрде табыс етілді. 

Салтанатты шараға Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Берік Дюсембинов,  партия хатшысы Асылхан Қожахметов және «Ақ жол» партиясы облыстық филиалының төрағасы Талғат Құрманғалиев қатысты.

Марапатталғандардың қатарында індетпен күресте жанкештілік танытып, қиын сәтте науқастардың қасынан табыла білген жас та болса тәжірибелі дәрігерлер мен медбикелер, жүргізушілер бар. Әлемді жайлаған жұқпалы вируспен күрестегі олардың әрқайсысының үлесін халықтың өзі  бейбіт күнгі батырлыққа теңеп, дәрігерлерді ақ желеңді періштелер атап кеткендерін білеміз.

 

Мысалы, Өскемен қаласындағы облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың инфекционист-дәрігерлері  Анар Бекжанова пандемия басталған сәттен бастап осы уақытқа дейін  коронавирус індетін жұқтырған 320 науқасқа, Екатерина Бухарина 300  пациентке  білікті  көмек көрсетті. Науқастарға дер кезінде жетіп, оларды оқшаулауда, індеттің таралуына жол бермеуде жедел жәрдем қызметінің орны ерекше болғаны белгілі. Марапатталғандардың қатарында облыстық жедел жәрдем стансасының дәрігері Гүлжанат Бейсембаева, фельдшер Александр Мышеловский, жүргізуші Ринат Ягудин, Семей жедел медициналық көмек стансасының дәрігері Жамал Майханова бар. Жамал Темірханқызы тәулігіне 20-25 шақыртуға дейін барған. Төтенше жағдай қалыптасқан кезде облыс орталығындағы №4 қалалық аурухананың пульмонология бөлімшесінде күндіз-түні алғы шепте болған медбике Назымгүл Баяқбаеваның еңбегі де ескерусіз қалған жоқ.  Карантин кезінде жағдайы ауыр науқастарды өңірдің кез келген елді мекенінен Семей, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына тасымалдауда облыстағы медициналық авиация қызметінің жетекшісі Рафаиль Халитовтің ұйымдастырушылық қабілеті мен біліктілігі, шұғыл шешім қабылдай білуі талай жанның өмірін сақтап қалды. Семей №3 қалалық емханасының бас дәрігері Найля Альменева, Семей инфекциялық ауруханасы директорының емдеу жөніндегі орынбасары Эльвира Исабаева жағдайы ауыр науқастарды қажетті дәрі-дәрмекпен, оттегі аппараттарымен қамтамасыз етуде, стационардың жұмысын тиімді ұйымдастыруда қажырлы еңбектерімен көзге түсті. Облыстық ана мен бала орталығының бір топ дәгігерлері : бас дәрігері Ермек Омарбеков, анестезиология, реанимация және интенсивті терапия бөлімінің меңгерушісі Александр Патрин, неонотолог Жұлдыз Абулова, эндокринолог Гюзаль Көпірбаева және медбике Светлана Степанова ковидпен ауырғандармен күнделікті бетпе-бет келіп, инфекциялық стационарда уақытпен санаспай жұмыс істеді.

   -Еңбегімізді еленіп жатқаны қуантады.  Өткен жылы белгісіз індеттің алдында бәріміз дәрменсіз болып көрінгенбіз. Алайда медицина қызметкерлері бұл шайқаста жалғыз болған жоқ. Бізді қаншама қарапайым жандар, басшыларымыз қолдап, шамалары келгенше жағдай жасауға тырысты. Дәрігерлер үшін барлық науқастар бірдей, ұлтына, саяси көзқарасына, атағына қарамай, білімімізді аямай, барлығына да қол ұшын беруге, ауруын бір сәт болсын жеңілдетуге жанымызды салдық. Бізді солай оқытып, үйреткен. Өз ісімізге адал болып қала береміз, – деді Семей №3 қалалық емханасының бас дәрігері Найля Альменева.

Ақ желеңді жандарды құттықтаған  «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Берік Дюсембинов,  облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Ермек Омарбеков, қоғам белсендісі Татьяна Чернышова жылы лебіздерін білдіріп, қызметтеріне табыс тіледі.

Айна Ескенқызы

Фото суреттер: Тілеубек Шаяхмет

 

Осы айдарда

Back to top button