Қапты қайдан аламыз дегізбейді

«Бизнестің жол картасы-2020», «Ақ ниет», «Еңбек», «Нұрлы жер», «Өндіріс», «Даму-аймақтар» және «Төменгі көміртектік дамудың тұрақты қалалары». Бүгінгі күні облыс кәсіпкерлері басқа мемлекеттік бағдарламаларды қоспағанда тек «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы ғана осындай жеті бірдей бағдарламаның қолдауын көріп, көмегін пайдаланып, кәсіпкерлігін өркендете алады.
Кеш батып, кәсіпорын жұмысшылары үйлеріне қайтуға жиналып жатқанымен, тоқыма цехының зырылдаған станоктары сәлден соң қайтадан өз ырғақтарына көшеді. Қаладағы қап шығаратын «ТЕМПпро» ЖШС-нің жаңа өндірісі үсті-үстіне түсіп жатқан сұранысты қамтамасыз ету үшін қазір осылай үш ауысымда жұмыс істеуде.
Өскемендік «ТЕМПпро» ЖШС «Даму» қоры арқылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша банктен алған несиесінің сыйақы мөлшерлемесін мемлекеттің субсидиясымен төлеп жатыр. Несиге сатып алған құрал-жабдықтармен полипропилен қаптарын шығарып жатқан мұндай кәсіпорын елімізде екі-үшеу ғана, облыста жоқ. Аймақтағы ұн-құрама жем комбинаттары, жарма өндірушілер, тамақтарын, өнімдерін қапқа салып шығаратын басқа да кәсіпорындар былтырға дейін мұндай полипропилен қаптарды қымбаттаған доллар бағамына жол шығынын қоса төлеп, Ресейден сатып алып келген. Қап шығаратын жаңа өндіріс енді оларға қапты қайдан аламыз дегізбейтін болды. Мұнда айына 1,5 миллион, жылына 15 миллионнан астам қап тоқылып шығарылуда.

Зауытқа жұмысқа тұрған 75 өскемендік қыз-келіншек те осындай жұмыс орнының ашылғанына, тұрақты еңбекақы алып жатқандарына разы-хош. Өскемендік Жанар Әбілмәжінова кәсіпорынға енді ғана орналасып, оқушы болып тәжірибе жинақтап жатыр. «Жүгіріп» бара жатқан жіптерді шатастырмай, рет-ретімен бағыттап, қалт жібермей қарап тұру қол еңбегін қажет ететін іс. Жанар жаңа кәсібіне төселіп қалыпты. Кәсіпорынның коммерциялық директоры Марина Акенева айтқандай, қап тоқу цехын мамандармен қамту біраз қиындық тудырған. Тоқыма өнеркәсібінен хабары жоқ жұмыссыздардың бәрі осында келгеннен кейін, оқушы болып, тәжірибе жинақтату арқылы үйретіліп жатыр.
Зауыт өндіріске қажетті шикізатты Павлодардағы мұнай-химия зауытынан алып отыр. Ұсақ түйіршікті пропилен ұнтақатарынан алдымен пленка, одан соң жіп шығарылады. Жіп -жіңішке ол жіптер сарт-сұрт еткен тоқыма станокатарында үлкенді-кішілі қапқа айналып жатыр. Қаз- қатар тұрған 20 тоқыма станогында тоқылып шығарылған дайын қаптар қатталып, бұл жерден басу цехына түсіп, бір бүйіріне өндірушілердің компьютерлік бағдарламамен әзірленген арнайы сауда белгілері басылып шығарылады.
Бір кездері полипропилен қаптар қаптап Ресейден бізге келіп жатса, енді «Темппро» есе қайтарып, оларды көрші елге саудалап жатыр. Новосибирск қаласының өндірістеріне сатылып жатқан Өскеменнің қаптары болашақта Махачкалаға дейін барып қалуы мүмкін. Қазір кәсіпкерлер ол жақпен де байланыс орнатуды көздеп, қимылдап жатыр.
-Ақ қаптар тамақ өнеркәсібіне арналып шығарылуда, сарғыш қаптар – техникалық,-дейді зауыт директорының өндірістік мәселелер жөніндегі орынбасары Андрей Ахметьянов.- Осындай қуатты кәсіпорынды ашу үшін «Даму» қоры арқылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен субсидия және кепілдік алып отырмыз. 59 миллион көлеміндегі несиеміздің 14 пайыздық сыйақы мөлшерлемесінің 7 пайызын осы мемлекеттік бағдарламамен беріліп жатқан субсидия арқылы төлеп жатырмыз. Бұл бізге үлкен, нақты қолдау болды. Несиелік қаржыға кәсіпорынымызды жаңа да қуатты құрал-жабдықтармен жабдықтадық.
БАСПАНА САЛУШЫЛАРҒА ДА СУБСИДИЯ БЕРІЛЕДІ
«Даму» аймақтық қоры ұйымдастырған пресс-турда «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы, «Ақ ниет», «Еңбек», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары бойынша қор арқылы несие алып, өндірістерін дамытып жатқан бірнеше нысандарда болдық.
Бизнес тренерлердің айтып жүргеніндей, бизнеске қолайлы, қаржы салуға тиімді деген үш бағыт: білім, демалыс және тамақ. Қашанда қай ата-ана да баласына білім беруге құштар. Осыны әріден ойлаған педагог Ольга Сысоева ең әуелі талай жылдық тәжірибесіне сүйеніп, одан соң «Даму» қорының қолдауына сүйеніп «Академия успеха»-«Жетістік академиясы» орталығын ашқан. Аталған жеке тұлғаны дамыту орталығын ашу үшін ол «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша банктен 20 млн. теңгедей несие алып, оған көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатынан ғимарат сатып алыпты. Қазір кәсіпкер өз арманын жүзеге асыруға алған несие қаржысының 19 пайыздық сыйақы мөлшерлемесінің 7 пайызын мемлекеттік субсидиямен қайтарып жатыр.

Балаларды төрт жасынан бастап 50 білім беру бағдарламасы бойынша 32 бағытта оқытып, үйретіп жатқан «Жетістік академиясының» бағдарламалары мектептікінен бөлек екен. Мұнда күніне 150-200 бала келеді. Бұл жерге келген бала телевизор мен компьютердің алдынан кетіп, роботтехникасы, ағылшын, орыс, қазақ тілі, кибермектеп сыныптарынан білім алып, ментальді математика, шешендік, шеберлік сияқты толып жатқан өнер, ғылым түрін үйренуде. Әрі педагог, әрі кәсіпкер болып қос тізгінді қатар ұстаған Ольга: « «Көз қорқақ, қол батыр», бүгінде кәсіпкерлікпен айналысуға үлкен мүмкіндік бар, соны пайдалану керек екеніне көз жеткіздім. Белімді буа кіріскен бизнесім жақсы жүріп жатыр,» деп басқаларға қарап жүрмей, қарекет етуге кеңес берді.
Қалада жаңадан ашылған өндірістердің бірі – Өскемендегі «Milano cakes» кондитерлік цехы да «Даму» қорының қолдауымен мемлекеттік бағдарламаға қатысып отыр. Цех иесі Ахмет Алпсой банктен құрал-жабдық сатып алуға алған 8 млн. теңге несиенің 17 пайыздық сыйақы мөлшерлемесінің 7 пайызын мемлекет есебінен бөлінген субсидиямен қайтаруда.
Облыс орталығындағы «TerraSport» фитнес клубтары желісі орталықтарының көбеюіне де «Дамудың» игі ықпалы тиіпті. «Иванова Ольга» ЖК «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы алған несие қаржысына шаһардың тағы бір жерінен жаңа фитнес орталығын ашқан. Кәсіпкер келіншек фитнес клубының қызметін келушілерге ыңғайлы етіп ұйымдастыруға көңіл бөліп отырғандығын баса айтты. Осындай өзгеше бизнеспен айналысып жатқан Ольгаға да мемлекеттен субсидия бөлініп жатыр.

Анжела Маслова, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры облыстық филиалының директоры:
-Қор арқылы кәсіпкерлер, тұрғындар «Бизнестің жол картасы-2020», аймақтық деңгейде жергілікті әкімдіктермен бірге қаржыландырылатын «Ақниет», «Даму-аймақтар», «Өндіріс», жеке тұрғын үй құрылыстарын салушыларға арналған «Нұрлы жер», «Еңбек» жаппай кәсіпкерлікті дамыту және еңбек өнімділігін арттыру», табиғи ресурстарды, энергияны үнемдеуге бағытталған «Төменгі көміртектік дамудың тұрақты қалалары» бағадарламаларына қатысып, кәсіпкерліктерін бастап, дамыта алады. Ауыл, қала кәсіпкерлері, тұрғындары кез келген уақытта «Даму» қоры филиалына хабарласып, көмегіне жүгіне алады.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қазір құрылыспен айналысатын бизнесмендерге де аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй салуға субсидия беріліп жатыр. Жекеменшік немесе көпқабатты тұрғын үй салуға қатысушы кәсіпкердің банктен құрылысты жүргізуге алған қаржысының сыйақы мөлшерлемесінің 7 пайызын мемлекет төлейді. Осы бағдарламамен несие алған «ВОСТОК-КЛИО» ЖШС Өскеменде көпқабатты тұрғын үй салып жатыр.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге аса бастағаннан бері аймақта 993 жоба бағдарламаға қатысқан, оның 32 пайызы – ауылдық жерлердегі кәсіпкерлердің жобасы.
Биылғы 11 айда кәсіпкерлермен 10 млрд. теңгенің 109 жобасын субсидиялауға келісім жасалып, оларға 1 349 млн. теңге субсидиялық қаржы төленген. Бизнесмендердің жобаларын субсидиялауға 2018 жылы республикалық бюджеттен 2 млрд. теңгеден астам, облыстық бюджеттен қосымша 150 млн. теңге қаржы бөлінген.
Жанаргүл Мұқатай