Қоғам

Апталық аясында өткен жарыстарға 650 мыңға жуық адам қатысты

Апталық аясында өткен жарыстарға 650 мыңға жуық адам қатысты

Облысымызда 10-17 тамыз аралығы спорт апталығы деп жарияланған болатын. Кеше осыған байланысты облыс орталығындағы Амфитеатрда «Салауатты ұлт – саламатты ұрпақ» деген ұранмен бұқаралық гимнастикалық жаттығулар, жер-жерде түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылып, Өскемендегі Жекпе-жек сарайында аудан-қалалардан келген спортшылардың басын қосқан I аймақтық форум болып өтті.

Мұндай сайыс облысымызда
алғаш рет өткізіліп отыр

Кеше Өскеменнің іргесіндегі Винное ауылында бейімделген ат спорты бойынша мүмкіндігі шектеулі балалар арасындағы бірінші ашық турнир жалауын көтерді. Турнирдің ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ адам ресурстарын басқару және еңбекақы жөніндегі басқарушы директоры Серік Әбденов пен Парламент Мәжілісінің депутаты Николай Кузьмин қатысты. Естеріңізге сала кетейік, осыдан екі жыл бұрын аталмыш елді мекенде құны 180 млн. теңгені құраған үлкен ат спорты манежі салынған болатын. Қазір мұнда иппотерапия мен бейімделген ат спортынан мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтыруға арналған жаттығулар өткізіледі. Балалармен арнайы нұсқаушылар мен психологтар жұмыс істейді. Осы мақсатта Мәскеуден бір топ ғалымдар келіп, біздің мамандарға арнайы семинарлар да өткізген-ді.
Біздің өңірде мұндай жарысты алғаш рет өткізуге «Ақ Тай» мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау қоры мұрындық болыпты. Жарысқа жерлестерімізбен қатар Ресейдің Новосібір, Новокузнецк, Барнаул және Кемерово қалаларынан келген барлығы 30 шақты жас спортшы қатысты.
Жарыстың ашылуында аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ мұндай спорт жарыстары мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтырып, ел қатарлы етуге маңызы зор екенін атап өтті.
– Осыдан екі жыл бұрын Парламент Мәжілісінің депутаты Николай Кузьминнің ұсынысымен Винноеда облысымызда, тіпті, республика көлемінде баламасы жоқ ат спортына арналған манеждің құрылысын бастаған болатынбыз. Мұндай алып ғимаратты салуға облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөлінгенін білесіздер. Осының бәрі өзіміздің балаларға арналып жасалып отыр. Өйткені, бізге олардың қасымызда аман-сау ойнап-күліп жүргенінен артық бақыт жоқ. Енді атқарылған шаруа тым болмағанда бір баланы аяғынан тік тұрғызуға көмектессе, соның өзі қуаныш. Бұдан былай балақайларымыз заманауи манежде жаттығуға мүмкіндік алады, – деген облыс әкімі жылына манежді күтуге 90 млн. теңгедей қаражат жұмсалатынын ерекше назарға алды.
Жарысты ұйымдастырушылардың айтуынша, манежге келіп, ат спортымен айналысамын деушілердің қатары барған сайын артып келеді. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, былтыр иппотерапия көмегіне 80-ге жуық мүмкіндігі шектеулі бала жүгінсе, биыл олардың саны жүзден асып жығылады.
Турнирдің ашылуында сөз сөйлеген «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ адам ресурстарын басқару және еңбекақы жөніндегі басқарушы директоры Серік Әбденов биылғы жарыстың ұйымдастырылуына компания бюджетінен 38 млн. теңге бөлінгенін атап өтсе, Парламент Мәжілісінің депутаты Николай Кузьмин қазір Үкіметте қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызмет туралы заң жобасы әзірленуде екенін назарға алды.
– Қазір мұндай заң жобасы дамыған елдер қатарына кіретін Ресейдің өзінде жоқ. Осының өзі мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға қандай зор көмек көрсетіліп келетінін аңғартса керек. Жалпы, бүгінгі турнирге келіп тұрған және бұған дейін келіп кеткен ресейлік қонақтар дәл мұндай манеж Мәскеуде де жоқ екенін айтып, таңданыстарын жасыра алмаған еді, – дейді ол.
Жарысқа ресейлік делегацияны бастап келген Римма Воротникованың да аузынан соны естідік. Ол Қазақстанда, әсіресе, ел Шығысында ат спорты қарқынды дамып келетінін айтып, біздің спортшылармен және жаттықтырушылармен тәжірибе алмасуға қашан да әзір екендерін жеткізді.
Турнирдің салтанатты ашылуынан кейін ұйымдастырушылар атынан жарысқа қатысушы Диас Ескермесов пен Әйгерім Құмарбекова сияқты бір топ балақайлар облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ пен өзге де мәртебелі меймандарға алғыс хаттар тапсырды. Бұдан кейін кезек жарыстың өзіне де келіп жетті. Винное ауылында жалауын көтерген осынау дода екі күнге жалғасатынын атап өткен жөн. Осы уақыт ішінде жас спортшылар «жұмыс жолы», қадаларды айналу сияқты жарыс кезеңдерінде өзара мықтыны анықтайтын болады.

Саңлақтарымызға құрмет көрсетілді

Спорт апталығы аясында облыс орталығындағы Жекпе-жек сарайында аймақтық спортшылар форумы болып өтті. Аталмыш жиынға облысымыздың түкпір-түкпірінен жүздеген спортшы келіп қатысты. Салтанатты жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев сөз сөйлеп, спортты жандарына серік еткен барлық шығысқазақстандықтарды спорт күні мерекесімен құттықтады.
– Елімізде тамыз айының үшінші жексенбісінде Спорт күні атап өтілетінін білесіздер. Осыған орай, бүгін Өскемендегі Жекпе-жек сарайында жерлес спортшыларымыздың басын қосып отырмыз. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ өз сөздерінде спорт дені сау ұлт тәрбиелеп қана қоймай, елдің атын әлемге танытатын дүние екенін айтып келеді. Сондықтан жастарымызды дені сау, салауатты және еліміздің намысын қорғар, көк Туын көкке көтерер патриот етіп тәрбиелеу – басты міндет екенін естен шығармауымыз қажет. Соңғы жылдары облысымызда көптеген спорт нысандары пайдалануға беріліп, спорттың бұқаралық сипат алуына жол ашылуда. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Барлықтарыңызды осынау кәсіби мерекелеріңізбен құттықтауға рұқсат етіңіздер, – деген Ермек Көшербаев форумға қатысушы бірқатар спорт ардагері мен халықаралық додалардан жүлдесіз қайтпай жүрген саңлақтарымызды, сондай-ақ, спорт тақырыбында қалам тербеп жүрген журналистерді алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Форумда сонымен қатар, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбай 2014 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстың қорытындыларымен таныстырды. Басқарма басшысы өз сөзінде биыл Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтетін 17-інші жазғы Азия ойындары мен Қытайдың Нанкин қаласында өтетін жасөспірімдер арасындағы екінші жазғы Олимпиада ойындарына дайындық барысы туралы да айтып өтті.
– Оңтүстік Кореяға облысымыздан 29 адам барады. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Жалпы, спортшыларымыздың әлемдік додалардан тыс қалмай, қатысып, жүлдегер атануы – міне, біздің басты мақсаттарымыздың бірі осы. Әрине, облысымыздағы бұқаралық спортпен айналысушылардың қатарын арттыру міндеті де күн тәртібінен түспек емес. Алдағы уақытта Өскеменде Елбасы жүлдесі үшін халықтық спорт ойындары өткізілмек. Сондай-ақ, «Тур де Өскемен» веложарысын өткізуді де жоспарлап отырмыз, – деген басқарма басшысы спорт апталығы аясында облысымызда 1300-ден астам спорттық жарыс өткізіліп, оған 650 мыңға жуық адам қатысатынын айтты. Сондай-ақ, аймақтың барлық елді мекеніндегі үш мыңнан астам спорттық нысанда ашық есік күндері ұйымдастырылатыны белгілі болды.
Спорт күніне орай ертемен Өскемендегі Амфитеатрда «Салауатты ұлт – саламатты ұрпақ» атты акция да ұйымдастырылды. Акцияға қатысушылар ашық аспан астында таңғы жаттығулар жасап, жерлестерін салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Аталмыш іс-шараға екі мыңнан астам адам қатысқанын айта кеткен жөн.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button