Қоғам

Апаттың алдын алу жұмыстары пысықталды

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаевтың төрағалығымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысында негізінен су тасқынына дайындық мәселелері сөз болды.

Газетіміздің осыған дейінгі санында хабарлағанымыздай, аймақ басшысының өкіміне сәйкес, 1 ақпаннан бастап Шығыс Қазақстанда су тасқыны кезеңіне жоғары дайындық режимі жарияланған болатын. Содан бері облысымыздың үлкенді-кішілі өзен-көліндегі жағдай тәулік бойы мамандар бақылауында. Облыста апаттың алдын алуға бағытталған өзге де жұмыстар қызып тұр. Соңғы ақпаратқа сенсек, жергілікті атқарушы билік органдарының күшімен 191 мыңнан астам текше метр қар шығарылыпты. Төтенше жағдай туындаған жағдайда құзырлы органның жеке құрамынан 1 719 адам мен 224 мотопомпа, 83 жүзу құралы, сондай-ақ 750-ден астам техника көмекке келуге әзір. Қажет болса апатпен күреске ТЖМ-на қарасты №68303 әскери бөлімінің азаматтық қорғаныс полкі де тартылуы мүмкін. Бұған қоса 29 мыңнан астам қап, 1,9 мың тонна инертті материал және 237 тонна жанар-жағармай дайындалып қойыпты. Сол сияқты ықтимал төтенше жағдай кезінде эвакуацияланатын халықты орналастыруға арналған 68 уақытша пункт сақадай сай тұр екен. Оларға бір мезетте алты жарым мыңнан астам адамды орналастыруға болады.

Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Арман Тоқанов өз баяндамасында Шығыс Қазақстанда су басу қаупі жоғары 71 елді мекен бар болса, бүгінге дейін жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде оның 15-іне төнер қатер жойылғанын хабарлады. Дәл қазір облысымызда мамандардың ерекше бақылауына алынған 46 елді мекен бар.

Белгілі болғандай, 2022 жылы су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасы аясында тоғыз жоба жүзеге асырылса, биыл тағы бесеуін орындау жоспарланып отыр екен.

Облыс басшылығы хабарлағандай, өңірдің өзендері мен су қоймаларындағы жарылыс жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражат бөлінген, қаңтар айының соңынан қауіпті аймақтарды авиовизуалды тексеру жұмыстары басталып кетті. Осы ретте, қазіргі уақытта облысымызда жіті бақылауды қажет ететін 131 гидротехникалық құрылыс бар екенін айтқан жөн. Бүгінге дейін оның 106-сы тексерілді, аталмыш бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда.

Сонымен қатар құтқарушылар облыс орталығындағы жеке сектор үйлерін аралап, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

«Қазгидромет» мекемесі облыстық филиалының басшысы Ләззат Болатқанның айтуынша, бір айда орташа температура нормадан 1° (норма –11-18°) жоғары, ал жауын-шашын мөлшері нормаға жақын (–8-21 мм) болады деп күтілуде.

– Облыста қар жамылғысының биіктігі – 14 пен 95 сантиметр аралығында. Таулы аймақтардағы қардың қоры қалыпты мөлшерден 1,4 есеге артық. Жалпы алғанда, аймақтағы гидрологиялық жағдай тұрақты. Су деңгейі шекті мөлшерден төмен. Өзендердегі мұздың қалыңдығы – 12 мен 75 сантиметр төңірегінде, – деп хабарлады маман.

Дегенмен, мамандар арқаны кеңге салуға еш болмайтынын ескертуде. Әсіресе, Алтай, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Тарбағатай, Ұлан мен Шемонайха аудандарындағы жағдайды жіті бақылауда ұстау қажет. Мұны жиынға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев та айтты. Ол облыстағы тасқынға қарсы жұмыстарды бәсеңдетпеу керектігін ескертіп, азаматтық қорғаныс қызметтері мен өзге де органдарға бірқатар міндет жүктеді.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button