Қоғам

АПАТТЫ УЧАСКЕЛЕР ДЕР КЕЗІНДЕ АНЫҚТАЛАДЫ

АПАТТЫ УЧАСКЕЛЕР ДЕР КЕЗІНДЕ АНЫҚТАЛАДЫ

Облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасы жыл бойы облыс бойынша жолдың ақаулары себеп болған жол-көлік оқиғалары мен оның салдарынан қаза болып, жарақат алғандардың есебін және құқықбұзушылыққа жол бермеу бойынша әкімшілік полиция қызметі жұмысын қорытындылап отырады. Осы орайда, біз әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Мерхат Беспаевпен әңгімелескен едік.

– Мерхат Ақанұлы, тұрғындарды алаңдататын мәселелердің бірі – жол жағдайы. Осы орайда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылған іс-шараларға тоқталсаңыз.
– Өткен жылғы қараша-ақпан айлары аралығында облыста 112 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Осы оқиғалардың салдарынан 10 адам көз жұмған, 151 адам әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда апаттылық 2,5%, қаза болғандар саны 47% төмендеді. Ал жарақат алғандар саны 9% артты. Талдаулар көрсеткендей, бұл апатты жол оқиғаларының барлығы дерлік жүргізушілердің абайсыздығынан, жол ережелерін сақтамаудан орын алған. Апаттардың тек біреуіне ғана жолдағы ақаулар қосымша себеп болған.

Жол апаттарын төмендету мақсатында басқарма қызметкерлері тұрақты түрде ЖКО топографиялық талдауын жасайды. Мұнда автожолдар мен көше-жол тораптарындағы апаттық-қауіпті учаскелер анықталады, есеп жүргізіледі. Қазіргі уақытта облыс бойынша есепте 479 апаттық-қауіпті учаске бар.
Облыс әкімдігінің қолдауымен қаражат бөлініп, 147 апаттық учаске жойылды. Ортақ қолданыстағы автомобиль жолдарының күзгі комиссиялық тексеруін жүргізуді ескере отырып, 2016 жылы орта және күрделі жөндеу аясында техникалық жағдай бойынша апаттық-қауіпті учаскелерді жою бойынша орындар белгіленді.

– Жол қозғалысын қадағалау барысына инновациялық технологияларды пайдалану енгізілді. Осы автоматты түрде құқық-бұзушылықты анықтау жүйелерінің көмегімен қанша жол қозғалысы ережелерін бұзушылық анықталды?
– Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, жыл басынан бері жүргіншілер қатысуымен 57 ЖКО тіркеліп, екі жүргінші қаза тапса, 60 әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Әр бесінші жол оқиғасы жүргінші кінәсінен болса, қалғаны 46 жол апаты жүргізушілердің жол ережесін бұзу салдарынан орын алған.

Қаңтар-ақпан айларында облыстағы тәртіп сақшыларымен жол қозғалысына қадағалау жүргізу кезінде 26 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзушылық анықталған. Заңның қаншалықты қатаңдатылғанына қарамастан көлік құралын мас күйінде басқарып жүрген жүргізушілер де аз емес, осы аталған кезеңде осындай 442 бұзушылық, белгіленген жылдамдық тәртібін асыра жүрген 1311 жүргізуші анықталды. 491 жүргізуші көлік жүргізу куәлігінен айырылды. 4272 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Құқық бұзушылық жасағандары үшін салынған айыппұлды мәжбүрлі түрде өндіру бойынша 77 жүргізуші 1-ден 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды. Айыппұлды өндіру 55 % құрады.

– Облыс бойынша жол қозғалысын қадалау мен басқа да құқық-бұзушылықты анықтауда бейнекамералардың көмегі тиіп жататыны белгілі. Қалада қанша бейнебақылау камералары бар?
– Бейнекамералардың көмегімен тек жол қауіпсіздігі саласындағы ғана құқықбұзушылық емес, қоғамдық орындарда да орын алған басқа құқықбұзушылықтар анықталады. Тек Өскемен қаласында 103 бақылау камерасы орналасқан. Бұл бейнетехникаларының жалпы қаламызды қауіпсіздендіруге, азаматтардың заңды құқығын сақтауға үлесі шексіз.

Қазіргі уақытта Өскемен және Семей қалаларында процессингтік орталығы бар автоматтық режимде жұмыс атқаратын жол қозғалысы ережелерін бұзушылықты анықтаудың 2 қосарланған жүйесі жұмыс атқаруда. Облыс орталығында 12 және Семей қаласында бес фото-бейнебелгілеу камералары орнатылған.

Өскемен қаласының көше-жол тораптарында «Интеллектуалдық қиылыс» жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйелерімен ЖЖҚ бұзушылықты белгілеу бойынша функцияларды біріктіретін жол қозғалысын бақылау жүйесінің бес интеллектуалдық бірлігі бар. Олар Абай даңғылы – «Гавань-Защита» айналмалы автожолы, Сәтпаев даңғылы-Жібек Жолы көшесі, Қазақстан көшесі-Мыза көшесі, Тәуелсіздік даңғылы-Абай даңғылы, Пограничная – Ярославская көшесі автожолдарында орналасқан. Жыл басынан «Интеллектуалдық қиылыстар» жабдықтары арқылы 930 құқықбұзушылық анықталып, 166 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.

-Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Ақгүл Атудинова

Осы айдарда

Back to top button