Қоғам

Апатты жағдайда тұрған үйлер жаңартылады

Азамат Темірбеков

Алдағы төрт жылда облыста апатты жағдайда тұрған 24 көппәтерлі тұрғын үй қайта жаңартылады.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Рамазановтың айтуынша, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы апаттық жағдайдағы үйлерді бұзып, олардан азаматтарды көшіруді көздейді.

– Бүгінгі күні облыс бойынша апатты жағдайда тұрған 63 көппәтерлі тұрғын үй тіркелген. Өскемен қаласында 38, Семей қаласында 22, Риддер, Курчатов қалалары мен Глубокое ауданында бір-бір үйден бар. Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасына сәйкес 2022 – 2025 жылдар аралығында өңірде 24 көппәтерлі тұрғын үй реновациялауға жатады, – дейді Нұрлан Рамазанов.

Қазіргі уақытта Риддер қаласының әкімдігімен реновациялау бағдарламасы бекітіліп, Өскемен, Семей қалаларының әкімдіктері осындай бағдарламаны әзірлеуде. Қоса кетсек, бүгінгі күні облыста жалғыз тұрғын үй апаттық деп танылып, кезекте тұрған азаматтар саны 375 адамды құрайды.

Осы айдарда

Back to top button