Апаттың айтылмаған ақиқаты көп

Биыл Украинадағы Чернобыль атом электр станциясында болған апатқа 32 жыл толды. Жылжыған жылдар белесі ұмыттырғандай болғанымен, атом реакторында болған апаттың зардабын жоюға бүкіл кеңестік республикалардан жұмылдырылған азаматтардың есінде оның жаңғырығы күні кешегідей жаңғырып тұр. Өкініштісі, солардың басым көпшілігі өмірден ерте кетсе, көзі тірілерінің өзі денсаулығын түзетумен арпалысып жүр. Сондай жандардың қатарында Үржар ауданы, Тасарық ауылының тумасы, бүгінде облыс орталығында тұратын Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысушы Қажығали Байбатыр да бар.
Сағатына он бес минут қана жұмыс істеткен
Қажығали Мұқанұлы 32 жасында өз еркімен апаты Чернобыль салдарын жоюға 1987 жылы сұранып барады. Үржар ауданынан тоғыз адам, бұрынғы Семей облысынан 150 адам шақырылады. Сол тоғыздан қазір облыста төртеуі ғана қалған. Үш орыс жігіті Ресейге көшсе, екеуі қайтпас сапарға аттанған.
Барғанда станциядағы тура сол жарылыс болған төртінші блокқа қабырғалас орналасқан үшінші блокта, былайша айтқанда, тура жарылыс ошағының ішінде жұмыс істеуге түседі. Ондағы 20040 әскери бөлімнің химиялық қорғау жұмыстарын жүргізетін, қазақстандықтардан жасақталған полкінде қызмет етеді.
– Мен барғанда өзіміздің Ақсуаттың жігіттерімен бірге жүрдік. Қасымда Үржардан Елеукен Оразбаев деген жігіт болды (Толик дейтінбіз). Бір айға жуық сонда болдық. Күнделікті радиациядан қорғайтын киімнен бөлек мойнымызға радиация мөлшерін өлшейтін арнайы аппарат тағып жүреміз. Ол тәуліктік, апталық, айлық норманы анықтап көрсетеді. Оны зертханаға тапсырамыз, сол жерде жазып отырады. Себебі алынған радиациялық сәуле нормадан аспауы тиіс. Ота жасайтын хирург дәрігерлер қалай киінсе, біз де тура солай киініп жүрдік. Радиацияның бір жаманы әр жерге шашырап түседі екен. Мәселен, мына жерде болса, келесі жерде жоқ. Табылған жерін қоршап, ойып аламыз, тазалаймыз. Жұмыстан соң жуынып, шайынып, аппаратқа тұрамыз. Бір жеріміз қышып, радиациялық белгілер байқалса, қайтадан жуынуға кетеміз, қайта тексерілеміз. Одан соң отыз шақырымдық радиустық аумақтың ішінде орналасқан тұрып жатқан ауылымызға демалуға кетеміз. Ол жерде атом саласын зерттеуші ғалымдар да тұрды. Ауыл қаңырап бос қалған, дүние-мүлік түгел сол қалпында шашылып қалған. Милициялар келіп, бәрін мөрмен бекітіп кеткен. Халықтың бәрін құжаттарын ғана алғызып, автобусқа тиеп көшіріп әкеткен – дейді Қажығали аға.
Бір айдан соң оларды реакторға жақын орналасқан ауылдарға түскен зардаптарды жоюға жібереді. Радиация көп түскен жерлерді алдымен барлаушылар өлшеп, анықтап келеді, артынан бұлар кіріседі. Мысалы, үйлердің шатырларында, қоршауларында, терезелерінде тағы басқа жерлерде радиация белгілері байқалған болса, дереу әлгілерді ауыстырады. Дайын тұрған көліктер тиеп әкетіп, арнайы дайындалған орындарға (могильниктерге) көміп тастайды.
– Біз түскі бірге дейін ғана жұмыс істедік, оның өзінде берілген тапсырманы бір сағаттың 15 минутында ғана істейміз, 45 минут демаламыз. Демалыс орнында теледидардан басқа, дойбы, шахмат, түрлі газет, журналдың, құнарлы тамақтың, жеміс-жидектің бәрі бар. Асхана ортақ біз де, әскерилер де, ғалымдар да бір жерден тамақтанамыз. Азық-түлік жағы Қазақстаннан жеткізіліп тұрды.
Дегенмен, мұның бәрі тектен-текке жасалып жатпағанын, адамдар көп мөлшерде ағзасына радиациялық сәуле алып жатқанын, Чернобыльдегі апатқа негізінен адами фактордың қатысы болғанын ауылдан барған жігіттердің біразы сол жақтағылардың айтқан әңгімесінен біліп жүрді.
Техника шыдамаған соң, адамдарды салған
– Апаттың зардабын жоюға ең көбі Қазақстаннан 40 мыңдай, оның ішінде Семей, Шығыс Қазақстан облыстарынан мыңдаған адам тартылғанын білдік. Себебін өздеріңіз де біліп отырсыздар ғой. Артынан соны байқадық та. Біздер артынан бардық қой. Ал біздің алдымызда алғашқы лекпен Өскемен мен Семейдегі зауыттардан қаншама мың жұмысшы шақырылған екен. Алайда олар туралы мәліметтер еш жерде кездеспейді. Тек ресми цифр ретінде военкомат арқылы шақырылғандар тізімі ғана айтылады. Алғашқы күндерде жарылыс болған төртінші блоктың үстінен әскерилер тікұшақпен қорғасын төккен. Сонда радиацияға шыдас бермей, тікұшақтар адамдарымен бірген жерге құлаған. Артынан жапонның робот техникаларын іске қосқан, олар да істемей тұрып қалған. Содан кейін адамдарды салған ғой. Қаншама әскери техникалар, ұшақ, тікұшақтар апатты жоюға қатысқан соң, су жаңа күйінде іске жарамай, техникалар «зиратында» қалды, әлі жатыр. Мұның бәрі сол кезде құпия болды. Ал сол жарылған төртінші блоктың төбесін жауып, үстіне саркофаг салған да (төртінші блоктың төбесін жапқан қақпақ тәрізді құрылыс) осы Шығыстан барған жігіттер мен қыздар екенін көпшілік біле бермейді. Алайда бұл туралы архив деректері жойылған. Бұл туралы алғаш рет өзі де Чернобыль апатына қатысқан журналист, қоғам қайраткері Марат Жүнісбектің «Өлі қаланың тірі куәгерлері» кітабында жан-жақты баяндалған, – дейді Қажығали Байбатыр.
Солардың ішінде өзімен бірге жүрген Ғалым Рахымжанов, өзінің ауылдасы, полктің механигі болған ірі денелі жігіт Ғабит Құрманғалиев те бүгінде араларында жоқ. Ғабиттің отбасы Алматыда тұрады, артында екі ұлы қалған.

Аждаһаның зардабын әлі тартып келеді
Қажығали Мұқанұлы – негізі су шаруашылығының маманы. Аудандағы Егінсу қоймасында ұзақ жылдар қолтаңбасы қалған білікті инженер-гидротехник. Алайда ауылға қайтып оралғасын жұмысқа жарамай, он жылдай ауырады. Әйелінің көмегімен үйде қымыз ішіп, ұзақ емделеді. 1995 жылы денсаулығына байланысты үшінші топ мүгедектігіне шығады. Талай жігіттер, өзі де келе сап бермекші болғанда, намыстанып, мүгедектікті алмаған екен кезінде.
Жалындаған жас күнінде кеңестік идеологияның сұрқия саясатының жетегімен ажал апанының тура аузында үш ай жұмыс істеген оның бүгінде тапқан бар пайдасы – денсаулығын құртқаны мен үшінші топ мүгедектігі үшін алатын 75 мың теңге жәрдемақысы. Оның өзі ала-құла әртүрлі беріледі екен. Мәселен, ол алатын 75 мың теңге тек 1986-1987 жылдары қатысқандарға ғана беріледі, одан кейін төмендей береді. Ал Қажығалидың айтуынша, апаттың дәрежесінде отыз жыл өтсе де, ешқандай өзгеріс жоқ. Апаттың аты – апат. Ол Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысушыларға әлі де болса тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келе жатқанына қынжылады.
– Чернобыль апатын жоюға қатысқандардың жағдайы мәз емес, тиісті әлеуметтік қолдаулар жоқтың қасы. Бұрын пойызға, ұшаққа жеңілдіктер болған, қазір жоқ. Қайта Үржар ауданының қазіргі әкімі Серік Зайнулдинге алғысымыз шексіз, жылда басымызды қосып, жан басына 100 мың теңгеден көмек беріп келеді, биыл да шақыру алдық. Өзге аудандар да үлгі алса, – дейді ол.
Қажығали Чернобыльда үш ай істеген үлгілі қызметі үшін сол жақтың басшылығынан Алғыс хатпен марапатталып, бұл туралы Үржардағы су шаруашылығының басшылығына арнайы хат та келген. Ал 2012 жылы Украина президенті Януковичтің жарлығымен «Батыр құтқарушы» орденімен марапатталса, 2011 жылы Украинадағы Ауған соғысы ардагерлері мен чернобыльдік мүгедектер халықаралық одағы үйлестіру кеңесінің төрағасы В.Чухломиннің қолынан «Қызыл Крест» орденін алды. Бүгінде өмірлік жолдасы Рәзила екеуі Баян есімді бір қыздарын өсіріп, жеткізіп, одан туған жиен-немересі Ақнұр үшеуі Өскеменде тұрып жатыр.
– Болашақта Алакөл жағалауынан ауғандықтар мен чернобыльдіктерге арналған демалу-сауықтыру мекемесі ашылса, облыс орталығынан, қала, аудан орталықтарында ескерткіштер тұрғызылса, чернобыльдіктер өздеріне тиесілі қолдауларға қолы жетсе, билік басындағылар мәселелерімізді ескерсе, – дейді Қажығали Мұқанұлы.
Дәурен Аллабергенұлы