Апатпен алысқан сарбаздар
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының №5518 әскери бөлімінің сарбаздары мереке қарсаңында марапатқа ие болды.
Көктемгі аласапыран уақытта Өскемен шетіндегі қарғын судан зардап тартқан халықты құтқару үшін аталмыш бөлімнің сарбаздары жұмылдырылған болатын. Нақты айтсақ, үшінші рота екінші батальон жауынгерлері.
– Біз ол кезде Красин кенті мен Аблакет ауданындағы су басқан үйлерден адамдарды алып шыққан едік. Сосын арналарды тазартып, судың басын бұрып ағызғанбыз. Көшелерге құм толы қаптар да төседік. Бұл жұмыс бірнеше күнге жалғасқан болатын, – деді сарбаз Данияр Мұсажанов.
Данияр Алматы облысының тумасы екен. Өзінің айтуынша, Отан алдындағы борышын өтеп жүргеніне 10 ай болыпты.
– Қазіргі уақытта, шынын айтайық, күн санауды бастап кеттім. 60 күннен кейін туған жерге қайтамын. Бұл сөзіме қарап, басқаша, яғни үстірт ойлап қалмаңыз. Елге барған соң, әскери қызметке орналасуды ниет етіп отырмын. Себебі осында өткен 10 ай ішінде көп нәрсені көзбен көріп, көңілге түйдім. Мысалы, су құрсауынан егде тартқан кісілерді құтқарып, олардың батасын алғанымызда, кеудемді мақтаныш сезімі кернеп, ел алдындағы жауапкершіліктің батпан жүгі де иығыма түскенін сезінген болатынмын. Әскерге бару дегеніміз – ел алдындағы атқарар міндетіңнің әліппесі ғана екен, – дейді Данияр.
Сарбаздарды «Нұр Отан» партиясы Өскемен қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Майраш Екібасова құттықтады.
– Сіздердің арқаларыңызда қала халқы қауіп-қатерден аман қалды. Қашан да осы беттеріңізден таймаңыздар, азаматтар, – деп сөз бастаған ол Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов сынды даналар сөзінен мысал келтіріп, жалынды-жалынды сөздер айтты.
Біз әңгімелеп отырған осы жайдың барлығы «Ертіс концерт» орталық мәдениет үйінің ұжымы даярлаған концерт барысында болған еді. Бұл концерттің ерекше өткендігін сарбаздардың «айхайлаған», «пай-пайлаған» көтеріңкі дауыстарынан-ақ байқауға болатын. Әсіресе «Байжігіт» ұлт аспаптар оркестрі домбырашыларының күй тартысы жас батырлардың арқасын қоздырғаны анық-ты. Әлгі көтеріңкі дауыстардың еселей шыққан тұсы – осы.
«Төремұрат» күйімен басталған тартыс «Терісқақпаймен» жалғасып, «Бөгелекте» бөгеліп, «Сарыарқаға» ұласып кете барған…
Жасын Қалибек