Қоғам

Ақпараттық пойыз жолға шықты

Тәуелсіздікке – 25 жыл

Ақпараттық пойыз жолға шықты

Облыс орталығындағы «Защита» теміржол стансасынан «Реформалар табысы – ұлт бірлігіне бастар жол» атты ұранмен аудандар мен қалаларға арнайы құрамдағы ақпараттық пойыз шықты.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған акция аясында ұйымдастырылған бұл шара «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ Шығыс Қазақстан жол бөлімі филиалының «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымының бастамасымен биыл кең ауқымда өткізіліп жатыр. «Нұр Отан» партиясының бастаған жобасына Риддер, Аягөз, Зырян аудандарының әкімдіктері қолдау көрсетіп отыр. «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ филиалы жобаны жүзеге асыру үшін арнайы вагон бөліп, Зырян, Риддер, Семей қалалары мен Аягөз ауданына жіберілді. Аталмыш акция аясында аудан, қалаларды аралайтын арнайы пойыздың құрамында «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ Шығыс Қазақстан жол бөлімі «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымы, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері және кардиолог, эндокринолог, офтальмолог, хирург сынды медицина қызметкерлері бар.
– Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған акция бастау алып, пойыз баратын аудандарды, қалаларды аралаймыз. Дәрігерлер барған жердегі халықтың денсаулығын тексеріп, тиісті ем-домдарын қолданады, дәрі-дәрмектерін тағайындап береді, – дейді қан тамыр хирургы Арман Алмазұлы.
Сонымен қатар, дәрігерлерден басқа қабылдау комиссиясының мүшелері аудан, қалалардағы халыққа Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауын түсіндіріп, алда атқарылатын жұмыстармен таныстырады. Үш күнге созылған акция аясында арнайы ақпараттық пойыз Риддер, Серебрянка, Зырян, Аягөз қалаларында және төрт станцияда, бір разъезде тоқтап, халықты қабылдады. Сондай-ақ, Елбасы Жолдауын түсіндіріп қана қоймай, тұрғындардың да ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button