Қоғам

Ақпарат құралдарымен байланысқа айрықша мән берген жөн

Ақпарат құралдарымен байланысқа айрықша мән берген жөн

Облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың төрағалығымен облыстық ішкі саясат, дін істері, жастар саясаты мәселелері басқармаларының өткен жылды қорытындылап, биылғы мақсат-міндеттерді айқындаған есептік жиыны өтті.
– Елбасы өзінің биылғы кезекті 18-інші Жолдауында мемлекетіміздің темірқазығына айналатын ұлттық идеяны ұсынды. Ғасырлар бойы бабаларымыз аңсаған «Мәңгілік ел» идеясын жария етті. Бүгінгі есептік жиында біз де өткенге көз жүгіртіп, зерделеп, ұлттық идеяны ұйтқы ете отырып, алдағы атқарар жұмысқа үлкен жауапкершілікпен кірісуіміз керек, – деп сөзін бастаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ербол Нұрғалиев былтырғы жұмыстар «Қазақстан-2050» Стратегиясын негізге ала отырып атқарылғанын атап көрсетті.
Басқарма басшысының айтуынша, өңірдегі әлеуметтік шиеленістердің алдын алу және жою бағытында қоғамдық-саяси жағдайға үнемі мониторинг жүргізіліп, қордаланған проблемалар бойынша талдау жасалып отырған. Бұл орайда облыстық қоғамдық кеңестің, оның ішінде қалалар мен аудандарда құрылған дәл осындай ұйымдардың тындырымды істері атап өтуге тұрарлық. Әсіресе, Тарбағатай, Шемонайха аудандарының, Өскемен, Семей, Риддер, Зырян қалаларындағы кеңестер-дің белсенді қызметі қуантады.
Нақты дерекке жүгінсек, былтыр қоғамдық кеңестің 36 отырысы, сондай-ақ, ТҮКШ, экология, денсаулық сақтау, жастар саясаты секілді мәселелер бойынша жұмыс-сарапшы тобының 19 жиыны болған.
Кейбір аудандар мен қалалар әкімдіктерінің тиісті деңгейде жұмыс жүргізбеуінің салдарынан былтыр БАҚ өкілдерінің қатысуымен болған рұқсат етілмеген іс-шаралардың саны 2012 жылмен салыстырғанда екі есеге өскен.
Облыс Әкімінің орынбасары аудандар мен қалаларда болған рұқсат етілмеген қарсылық акциялары туралы жергілікті жердегі жауапты орындардан емес, құқық қорғау қызметкерлерінен немесе БАҚ өкілдерінен хабар келіп түсуі өкінішті жайт деп түсіндіріп, бұл бағыттағы әкімдіктердің, тиісті басқарма мен бөлімдердің әрекетіне мүлдем көңіл толмайтынын жеткізді.

Ұлттық идеяға қатысты бірде-бір ұсыныс жоқ

Басқарма басшысы Ербол Нұрғалиев баяндамасында азаматтық қоғам институттарымен серіктестік байланыс нығая түскенін, оларды қаржы-лық қолдау айтарлықтай артқанын, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан жобаларды жүзеге асыру жөнінде көптеген ұсыныстар берілгенін, «Туған жерге – тағзым» акциясы арқылы шамамен 5 млн. теңгеге жуық 1020 жоба орындалғанын, ауылдық ҮЕҰ үшін 5 шағын жоба қолданыс тапқанын айтты.
Алайда, облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ҮЕҰ-дармен жүзеге асып жатқан жұмыстардың нәтижесіздігін айтып, аудандар мен қалалар әкімдіктерінің облыстық, республикалық БАҚ-тармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істемейтіндігін, жарияланған сын материалға тұщымды жауап берілмейтінін сын тезіне салды.
– Біздің облыс ҮЕҰ-дармен керемет жұмыс істеп жатыр деп мақтанғанда алдыға жан салмайсыздар, бірақ шын мәнінде солай ма? Егер солай болса, Президент Әкімшілігінің дерегі бойынша ҮЕҰ-дармен нәтижелі жұмыс істегендер тізімінде біздің өңір неге жоқ, басқа облыстар бар? Меніңше, мұның жауабы екеу ғана. Оның бірі ішкі саясат басқармасы Президент Әкімшілігіне тиісті ақпараттарды бермейді, Астанамен дұрыс жұмыс істемейді немесе «бізде бәрі жақсы деген» өтірік сөз, – деп сынға алған Жақсылық Омар жоғарғы жаққа кез келген ақпаратты ұсынғанда, бейне және аудио жазбаларын қоса тапсыру қажеттігін ескертті.
Сонымен қоса, облыс Әкімінің орынбасары жергілікті БАҚ өкілдерімен өткізілген көптеген семинарлар мен тренингтердің нәтижесіздігін қатаң сынады. Елбасының «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын насихаттауға қатысты аудандар мен қалалардан осыған дейін бір де бір ұсыныстың болмауы жергілікті жердегі идеологияға жауапты адамдардың нашар атқарған қызметі деп атап көрсетті.
Аудан-қалалардың республикалық және облыстық БАҚ-тармен тығыз қарым-қатынаста әрекет етпеуінің салдарынан өңірдегі көпшілік игі істер мен жағымды жаңалықтар жалпақ жұртқа жетпей жататынына қынжылыс білдірген Жақсылық Омар ағымдағы жылы осы мәселені мықтап қолға алуды тапсырды.
Өткен жылы этномәдени бірлестіктермен ұлтаралық қатынастарды бекіте түсу мақсатында біраз істер орындалыпты. Оның ішінде Ресейдің Татарстан, Алтай өлкесі, Түркия, Қытай елдері өкілдерінің қатысумен жүзеге асқан саяси-мәдени байланысты дамытуға орайластырылған іс-шаралар аймақтың абыройын арттырып қана қоймай, экономикалық тұрғыдан тиімділігін де дәлелдегені рас.
Ішкі саясат басқармасының басшысы өзінің есептік баяндамасында Елбасының халыққа Жолдауы мен мемлекеттік бағдарламаларды халық арасында насихаттау, түсіндіру жұмыстарын белсендіру, БАҚ-пен сындарлы байланысты жалғастыру, отандық сандық спутниктік телеөнімдермен өңірдің елді мекендерін барынша қамту, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне жете көңіл бөлу сияқты алда тұрған міндеттерді де айтып өтті.
Жиында «Қазақстан» РТРК-ның облыстық филиалының директоры Арсений Дүйсенов бүгінгі таңда Семейде «Қазақстан-Өскемен» телеарнасы көрсетпейтінін, бұл мәселені шешуге ықпал етуді сұрады.

Облыс мешіттерінде имамдар тапшы

Облыстық дін істері басқармасының басшысы Манарбек Мұхамеджанов өзінің баяндамасында дін қызметкерлерінің жетіспеушілік мәселесіне үлкен мән берді. Оның ұсынған ақпараты бойынша, өткен жылдың басында өңірдегі 21 мешітте тұрақты имам болмаса, ағымдағы жылы олардың саны 31-ге жеткен. Бұл имамдардың еңбекақысын, біліктіліктерін арттыру, мешіттердің коммуналдық шығындарын төлеуге арналған қаржыны жинақтау мақсатында барлық қалалар мен аудандарда қоғамдық қорлар құру мәселесін тудырады.
Баяндамашы сонымен қоса, террористік және экстремистік бағытты ұстанған деструктивті ағымдардың алдын алу, олардың жолына тосқауыл қою, халықтың діни сауатын арттыру үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, миссионерлік қызметтерді заң арқылы қатаң бақылауға алу мақсатында жүзеге асырылған ауқымды істерге тоқталды.
Манарбек Мұхамеджанов ақпараттық-түсіндіру шараларының сапасын арттыру үшін бұрынғыдай мұғалімдер мен дәрігерлерден, студенттерден, оқушылардан тұратын аудиториялардың орнына стратегиялық маңызы бар теміржолшылармен, кеншілермен, мұнайшылармен, кәсіпорын қызметкерлерімен, кеденшілермен, түрмедегі сотталғандармен кездесулер өткізу өзінің оң нәтижесін бергенін мәлімдеді.
Осы орайда ол барлық деңгейдегі ақпараттық-насихат жұмыстарына мешіт имамдары мен орыс православиелік шіркеу қызметкерлерінің қосқан үлестері қомақты екенін айтты.
Биыл ақпараттық жұмыстардың жаңа, креативті формалары енгізілмек. Мәселен, аудандар мен қалаларды аралайтын «рухани керуен» құрамына дінтанушылар, ғалымдармен бірге ұлттық құндылықтарымызды паш ететін ақын-жыршылар, термешілер кіріп, қазақтың әдеби мол мұрасы арқылы дәстүрлі дінімізді насихаттау жоспарда бар. Одан бөлек, Елбасы Жолдауларында айтылған дін мәселелеріне қатысты кешенді тапсырмаларды іске асыру және мемлекеттік-конфессиялық қатынастардағы жағымды үрдістерді қолдау мақсатында үлкен жұмыстар атқарылмақ.
Сол сияқты есептік жиын барысында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев баяндама жасап, өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Болашаққа бағдарланған жоба-жоспарлармен бөлісті.
Басқарма басшысының деректеріне ден қойсақ, өткен жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша 11 әлеуметтік жоба іске асырылған. Электронды еңбек биржасы арқылы 1800 адам жұмыспен қамтылып, жас кәсіпкерлер ұсынған 16 бизнес-бастама мақұлданған.
Жиынды қорытындылай келе облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жастар арасында (басым бөлігі балалар үйлерінің тәрбиеленушілерімен жасалғандар) қылмыстық әрекеттердің азаймай тұрғанын, өңірдегі мектеп бітіруші түлектер арасында Ресейдің жоғары оқу орындарына түсетіндер қатары көбейіп келе жатқанын сынға алды.
– Мектеп бітіруші түлектердің біразы басқа елдерге кетіп жатыр. Біз сонда 11 жыл бойы мемлекеттің қаражатына оларды не үшін оқыттық? Тегін білім алған соң, ертеңгі күні өзге елдің экономикасына жұмыс істесін деп оқыттық па? Бұл мәселені шешуді қолға алу керек. Жастардың білім алғаннан кейін тиісті қызметпен қамтылуын қадағалау қажет. Оларды тек акцияларда, мерекелік шараларда ғана еске алмай, жастармен күнделікті жұмыс жүргізген дұрыс, – деп сөзін түйіндеген облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жиында қаралған өзге проблемаларға қатысты нақты тапсырмалар берді.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button