Анықтамаларды ауылынан алады

Ауыл тұрғындарын алысқа сабылтпай, қажетті анықтамалар мен құжаттарды жергілікті жерде алуға деген мүмкіндік Күршім ауданының Құйған ауылында да жасалған.
«Ашық әкімдік» алаңында есеп берген Құйған ауылдық округінің әкімі Мұхамедкәрім Құсайновтың айтуынша, ауылда ашылған өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы барлық заманауи құрылғылармен жабдықталған көрінеді.
– Өткен жыл көлемінде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы арқылы 325 электронды анықтама алынды. Сондай-ақ 84 жеке тұлғаға электронды цифрлық қолтаңба алуға көмек көрсетілді, – дейді ауыл әкімі.
Бұдан бөлек, былтыр округ әкіміне ауыл тұрғындарынан жер телімдерін сұрау бойынша келіп түскен 16 өтініш оң шешімін тапқан. Жеке қосалқы шаруашылықтардың бар екенін білдіретін және отбасы мүшелері туралы анықтамаларды алу қызметі де осы бұрыш арқылы көрсетілген.
Былтыр Құйған ауылдық округінде барлығы 57 ауыл тұрғыны жұмысқа орналасса, оның ішінде «әлеуметтік карта» бойынша ашылған жұмыс орындары 33-ті құрайды.
Азамат Темірбеков