Антына адал азамат
Ойлап отырсам, адам баласы дүниеге келгеннен бастап, қартайғанша түрлі себептермен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің алдында талай болып, бір үміт, бір күдік сәтті бастан кешіреді екен. Осындай өмір мен өлім белдескен тұстағы дәрігер қауымының жанкешті тірлігіне риза боласың. Әркім барымен базарлайды демекші, дәрігерлердің де адал еңбек, өз кәсіби біліктілігімен емделушілер арасында алғысқа бөленіп жүргендері қаншама?
Кез келген ата-ананың тіршілігіндегі көрген қызығы мен білген жақсылығының ең бағалысы, аса қымбаттысы – перзент.
Нәрестені аман-есен дүние есігін ашуға көмектесіп, ата-анасынан, әжесінен алғыс алудың өзі бір ғанибет!
Ақ халатты абзал жан, риясыз еңбегімен құрметке бөленіп жүрген Тарбағатай аудандық ауруханасының перзентхана меңгерушісі, гинеколог-дәрігер Мырзабеков Бауыржан Мырзабекұлына өзімнің бес немеремнің дүниеге келуіне көмектескені үшін өз атымнан, әулетімнің атынан аналық жүрегімнен шыққан алғысымды білдіремін.
Тұңғышымыз Арлан 9-сыныпта, Фатима 6-шы, Фатиха 2-ші сыныпта оқып жүр. Арслан – балабақшада, Арыс – қаңтардың 24-і дүниеге келді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, осындай ақпейіл жанды неге үлгі тұтып, мақтаныш етпеске?!
Бауыржан Мырзабекұлы Ақжар ауылының тумасы,1979 жылы дүниеге келген. Өскемен медколледжін, Семей медициналық университетін бітірген. Теориялық білімін практикамен ұштастыра білген, адамгершілігі мен парасаты, білімі мен біліктілігі жоғары, ар-ожданы таза, ертелі-кеш ерінбей елі үшін еңбек етіп, халықтың алғыс-сауабын арқалаған ақ халатты абзал жан.
Осы ауруханада фельдшер, бас дәрігер қызметтерін атқарған.
Литваның Вильнюс қаласында, Израильде акушер-гинеколог мамандығы бойынша білімін жетілдірген мықты маман. Соңғы он жыл ішінде көрші аудандар Зайсан мен Ақсуат перзентханаларына барып, әйелдерді босандырып, күрделі ота жасап жүр. Денсаулық сақтау министрлігінің мақтау грамотасымен марапатталған. Емнің басы – жылы сөз. Аурудың кабинетіне кіргеннен бастап қас-қабағына қарап, жан дүниесіне үңіле сыпайы да қарапайым сөзге тартып, нағыз дәрігерлерге тән жайдарлы мінезі кім-кімді болса да өзіне тартады.
Теориялық білімін шынайы өмірде кәсіптік біліктілікпен ұштастыру, дәрігерлік істің сан қырлы қиындығына төзу, тынымсыз күндер мен арпалысқан түндерді науқас жандармен бірге өткізу – ерен еңбекті қажет ететіні сөзсіз шындық.
Бауыржан ертелі-кеш әйелдердің денсаулығын қорғап, тынымсыз еңбек етіп, жанға дауа қылып, жүрекке жылу құйып жүрген антына берік азамат.Үлгілі отбасының отағасы, екі баланың әкесі, зайыбы – ұстаз. Еңбегің жанып, еліңе, халқыңа еңбегің сіңе берсін, Бауыржан!
Альмира Құрманбекқызы, зейнеткер
Тұғыл ауылы,Тарбағатай ауданы.