Анталия емес, Алакөлге ағылатын күн жақын

Иә, дәл солай. Көп ұзамай бұған көздеріңіз жетеді. Әлгі бір «Қай қала? Анкара ма, Анталия ма? Айға ма?..» деп шырқалатын әндегідей, Антальяға аңсары ауып тұратын ағайындарымыз енді Алакөлге ат басын бұрып жатса, таңғалмаңыз. Ол үшін айдынды көлдің жағасында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Естеріңізде болса, былтыр облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ жұмыс сапарымен Алакөлде болғанда, ондағы демалушыларға қызмет көрсету сапасына көңілі толмайтынын білдірген. Соған сәйкес бұл жөнінде мемлекеттік комиссия құрылып, нәтижесінде өрт қауіпсіздігі, қоғамдық тамақтану орындарындағы антисанитарлық жағдай және басқа да көптеген кемшіліктер анықталған болатын. Қордаланған проблемаларды шешіп, Алакөлді аймақ мақтанышына айналдыру мақсатында өткен жылы алғаш рет бюджеттен 500 млн. теңге қаражат бөлінген.
– Облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа жолдар жөнделіп, жарықтандыру жүргізіледі. Сондай-ақ, жағажай, арбат, автобекет абаттандырылып, автотұрақ жасалады. Бір гектар жерге демалыс саябағының құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Одан бөлек полиция және медициналық пункттер салу, көшелерге бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары да қолға алынады. Көл маңында спорттық және аттракциондары бар балалардың ойын алаңдары салынады, – дейді аудан әкімі Серік Зайнулдин.
Ауылдық округтер жағалауды тазалады
Бүгінгі таңда Алакөлдің маңайын абаттандыру бойынша тиісті жұмыстар басталып та кетті. Өткен сенбіде ауданымыздың барлық ауылдық округтерінің атсалысуымен үлкен сенбілік болды. Ортақ іске медицина, білім, мәдениет саласының қызметкерлері, мемлекеттік мекемелердің мамандарынан құралған жиыны мыңға жуық адам белсене қатысып, көл жағалауында тазалық жұмыстарын жүргізді.
Сонымен бірге, Алакөл маңайын көгалдандыру мақсатында 3500 әртүрлі тұқымды (моцуда, терек, қарағай, әк, қызыл шәңгіш, сірке ағаштары) көшеттер отырғызылды. Алдағы уақытта он мың дана түрлі гүлдер егілмек. Бұл гүлдер мен көшеттер тамшылатып суару әдісі бойынша өсірілетінін де айта кеткен жөн.

Таяуда Алакөл жағалауына облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов жұмыс сапарымен келіп, атқарылған жұмыстарды көрді. Аудан басшысы Серік Зайнулдин биыл іске асырылатын жеті жобаны таныстырды.
Солардың бірі – бір гектар жер теліміне орналасатын, жалпы сметалық құны 157,0 млн. теңгені құрайтын демалыс саябағы. Жоба бойынша саябақ айналасы қоршалып, онда фонтан салынады, тротуар тақталар төселіп, би алаңы, шағын футбол мен волейбол алаңдары, балаларға арналған ойын алаңқайлары, сауда орындары, биотуалеттер болады. Сол секілді көгалдандыру және жарықтандыру жұмыстары қарастырылған. Қазіргі күні бас мердігер «Еңбек-Семей» кәсіпорнымен келісімшарт жасалып, дайындық жұмыстары басталған. Алакөлді аралаған облыс әкімінің орынбасары демалыс саябағына тал отырғызып, арбатқа арналған жерді және жағажайды көрді. Мамандардың айтуынша, осы күні бас мердігер Мақаншы коммуналдық кәсіпорны құрылыс материалдарын жеткізуде. Мұнда 3D форматтағы брусчаткалар, шойын шамшырақтар орнатылады. Арбаттың жалғасына да қаржы қарастырылып, онда арнайы декинг материалы қолданылмақ.
Талапты бұзғандар табыссыз қалады
Облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында «Айгерім» демалыс үйінде үлкен жиын өтті. Отырыста демалыс үйлерінің иелерімен жасалған меморандум негізінде абаттандыру жұмыстарын жүргізу, демалыс орындары мен үйлердің арасындағы тротуарларды, дүкендердің ауласындағы су құбырларын, асханаларды талапқа сай жүйеге келтіру, жалпы нысандардың сыртқы архитектуралық көріністерін қалыпқа келтіру мәселелері сөз болды. Оған қоса абаттандыру кезінде бекітілген сызбаға сәйкес сапалы құрылыс материалдарын қолдану жағы да назардан тыс қалған жоқ.
– Демалыс аймағындағы барлық нысандар санитарлық-эпидемиологиялық, өртке қарсы, архитектуралық талаптарға сай болуы керек. Бұл үшін меншік иелері демалыс үйлерінің қоршауын жөндеп, абаттандыру, көгалдандыру, қасбеттерін өңдеу сияқты жұмыстарды жүргізуі тиіс. Осы мақсатта былтыр күзде жеке кәсіпкерлік нысандары иелерімен меморандумдар жасалып, тиісті жұмыстар нақтыланған. Алайда, бұл жұмыстардың орындалуы нашар. Сол себепті жоғарыда аталған талаптарға сәйкес келмейтін демалыс орындарына биылғы маусымда қызмет көрсетуге рұқсат берілмейтінін атап өткім келеді, – деп түсіндірген аудан әкімі Серік Зинабекұлы облыс басшылығынан кейбір мәселелерді шешуге ықпал етуді сұрады.
Олар: жеткілікті электр қуатымен қамтамасыз ету. Айталық, жаз маусымында электр энергиясы жетіспегендіктен, жарық қайта-қайта сөніп қала береді. Қосымша трансформатор қажет.
Сонымен қатар, Алматы тарапынан Жалаңашкөл арқылы келетін демалушылар легі көп болғандықтан, «Жалаңашкөл» теміржол стансасынан Алакөлге дейінгі 68 шақырым жолға жөндеу жүргізілсе.
Шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері болса, Алакөлдегі ауызсу проблемасын көтеріп, кәріз жүйелерін тарту, моторлы қайық пен скутерлерге арнайы орындар бөлу, арбаттың жанындағы демалыс үйлеріне көліктердің қатынауына мүмкіндік туғызу, Барлық-Арасан ауылына баратын 17 шақырым жолды жөндеу секілді түйткілдерді тілге тиек етті.
– Бұл мәселелер күн тәртібінде тұр. Әзірге санитарлық тазалық жұмыстарына «Алакөл-Тазалық» мекемесі жауапты. Жағажайды таза ұстау мақсатында қосымша техникалар алынып, жұмысшылар қатары тағы 70 адаммен толықты. Моторлы қайықтар мен скутерлерге арнайы орындар қарастырылады. Ал арбат арқылы тек шаруашылық көліктер ғана жүреді. Демалушыларға рұқсат қағаздар беріліп, олар көліктерін көлден кететін уақытта ғана шығара алатын болады. Ары-бері жүруге рұқсат жоқ. Алдағы уақытта Алакөл демалыс аймағы ашылады деген бейнероликтер «Қазақстан», «Хабар» және «31 арналарынан» көрсетіле бастайды, – дейді Серік Зайнулдин.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов жағалаудағы барлық демалыс орындары талапқа сай болуы қажеттігін ескерте келе, Жалаңашкөлден Алакөлге дейінгі тасжолды жөндеу мәселесі қарастырылатынын айтты.
– Электр желісінің дұрыс тартылуын қадағалаймыз. Шағын және орта бизнес өкілдеріне айтарым, бұл жерде сіздердің кәсіптеріңізді тоқтатайық деген бізде мақсат жоқ. Әрқайсыларыңыз демалыс орындарыңызды тәртіпке келтірсеңіздер, сіздер үшін де, демалушылар үшін де жақсы болмақ. Әрине, санитарлық және басқа да талаптар орындалуы тиіс. Сіз боп, біз боп бір-бірімізді дұрыс түсініп, Алакөлді дамытуға қолдан келгенше үлесімізді қосайық. Көрікті жерлерімізді ірі туристік аймаққа айналдырсақ, туризм саласында бәсекелестік пайда болып, сапасы да арта түседі. Нәтижесінде өзімізді қойып, сырттан шетелдік туристерді көптеп тартатындай мүмкіндікке қол жеткіземіз, – дейді облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов.
Расымен, егер бөлінген қыруар қаражат мақсатты игеріліп, жоспарланған жұмыстар дер кезінде орындалатын болса, биылдан бастап Алакөлге қарай ағылатындар қатары арта түспек. Іргемізде Алакөл тұрғанда, анау алыстағы Анталияны қайтеміз…
Зухра Нұржанқызы.