Қоғам

Қант бағасы шарықтап тұр

Қант бағасы шарықтап тұр


Өскеменде қанттың бағасы қымбаттап, тұрғындардың қалтасына салмақ түсіруде. Жеміс-жидек пісіп, бағасы түсіп жатқанымен, қант бағасының шарықтап кетуі қарапайым тұтынушы үшін түсініксіз. Осыған дейін келісі 170 теңгеден сатылған қант қазір 400 теңгеден саудалануда.

Өскемендегі «Азия қант» пен «Цесна» сауда орталықтарында қант қоры мүлдем таусылған. Ал көтерме сауда орындарда бұл өнімді табу қиынға түсіп жатыр. Кей жерлерде болған күннің өзінде құны тым қымбат. Бұған дейін 5900-ден сатылған бір қап қант, 7300 теңгеге бір-ақ жеткен. Ресми деректерге сүйенсек, маусым айының соңынан бері қант бағасы 8,1 пайызға дейін өскен. Алайда, қаладағы қант саудалайтын кәсіпкерлердің сөзіне сенсек, шілденің жиырмасынан кейін өндіруші зауыттың жеткізу көлемі көбейіп, жағдай қалпына келеді.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жарқын Мұсағалиевтың айтуынша, бұл жағдай осы аптаның соңынан бастап реттеледі.

– Шілде айындағы қант қорының азаюына – тұтынушылар сұранысының артуы себеп болып отыр. Сондай-ақ, қалаға аталған өнімді тасымалдайтын зауыттың жеткізу көлемінің төмендеуі де әсерін тигізуде. Алайда, еліміздегі өзге өңірлермен салыстырғанда Шығыста қант тапшылығы қатты сезіліп жатқан жоқ. Алдағы уақытта қант дефицитін жою үшін 18 вагон қант әкелінеді. Мәселен, өткен аптада ғана жеке кәсіпкерлер үш вагон қантты көтерме сауда орындарында 250 теңгеден сатты. Ал осы бейсенбіде облысымызға 200 тоннаға жуық қант қоры жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Бұл өнімнің бағасын негізсіз өсірген делдалдар іздестіріліп, заң алдында жауапкершілікке тартылатын болады, – дейді Ж.Мұсағалиев.
Дүкен сөрелерінен кей күндері жоғалып кететін қант бағасының өсуін қала тұрғыны Күлзия Ибраева біріншіден, тосап қайнататын уақытпен байланыстырса, екіншіден, оған доллардың өсуі де әсер етті деп отыр.

– Бізде қант өндірісі аз болғандықтан, нарықты шетелдік өнімдер тол¬тырып жатыр. Шетелден әкелінетін азық-түлік доллармен саудаланады. Сондықтан қант бағасы қымбат. Өз басым жыл сайын екі немесе үш түрлі ғана тосап қайнатып аламын. Өйткені, осы уақытта қанттың бағасы өсіп, қалтаға салмақ түсіреді, – дейді Күлзия Ибраева.

Өскеменге қант ұнтағын жеткізушілердің бірі – «Өскемен қант» ЖШС-нің басшысы Мұрат Сағатовтың айтуынша, жыл сайын осындай жағдай орын алады.
– Жұртшылық шілде айында жеміс-жидектен тосап пен компот қайнатып алу үшін қантты 25-50 келіге дейін сатып алады. Бұл өз кезегінде өнімнің бағасының күрт өсуіне әкеліп соғады, – дейді Мұрат Сағатов.

Семейдегі азық-түлік дүкендерінде соңғы 10 күн шамасында дүкендерде қант бағасы 280 теңгеден 350 теңгеге дейін көтерілген. Қалалық кәсіпкерлік бөліміндегілердің айтуынша, бағаны көтеріп отырған қант зауыттары. Тағы бір мәселе, қант көп жерлерде дүкен сөрелерінен жоғалып кетіпті. Ал қазір жеміс-жидектің піскен уақыты, елдің бәрі қысқа түрлі тосап, қайнатпа дайындап, азықтарын қамдауға тырысып жатыр.

-Бұл жағдай ары кетсе бір апта ғана созылады,-деп түсіндірді қалалық кәсіпкерлік бөлімі бастығының міндетін атқарушы Бауыржан Юсупов,-қанттың бағасы қазір қатаң бақылауда. Бұл сөзбұйдаға салатын мәселе емес. Алыпсатарлыққа жол бергендерге шара қолданылады. Қант бағасының көтерілуіне байланысты кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жалғастыра береміз. Қазір Семейдегі қанттың орташа бағасы – 290 теңге шамасында. Қалаға тәулігіне 14 тонна құмшекер қажет. Бүгінде қалада 200 тоннадан астам қант қоры бар. Алдағы үш күнде тағы жеткізілмек.

Үкімет қаулысымен 27 түрлі азық-түлік өнімі әлеуметтік маңызы бар деп бекітілген. Оның ішінде қант та бар. Сондықтан үстеме ақы 10 пайыздан аспауы тиіс. Семейде қант көтерме саудасымен үш кәсіпорын айналысады. Жақында «Ақсұңқар» және «Спутник» ЖШС-леріне қант әкелінеді деп күтілуде.
Кәсіпкерлік бөліміндегі сауданы дамыту секторының меңгерушісі Айжан Хасенованың айтуынша, қаладағы қант көтерме саудасымен айналысатын үш мекеменің екеуінде қант қоры түгесіліп қалыпты. Әзірше бір ЖШС ғана 68 тонна қант жеткізген. Осы серіктестікке қала басшылығы әкелген қантты өзінің әріптестеріне беруді қоя тұрып, қала дүкендерінің сөрелерін толықтыруды сұрап отыр. Семейде қантты халыққа сататын 1,5 мың сауда нүктесі бар. Күн сайын 14 тонна қант сатылады.

-Біз Орталық Азия қант корпорациясы басшылығымен келіссөздер жүргіздік, онда біздің қалаға жеткізілетін 12 тонна қант дайын тұрғандығын айтты,-дейді Айжан Хасенова,- қалада көтерме саудагерлер қанттың келісін 260 теңгеден саудалап жатыр. Осыған жекелеген дүкендер 10 пайыз қосса, қанттың келісі мөлшері 290 теңгеден сатылуы керек. Талап бойынша, бөлшек саудадағы баға осы сомадан аспауы керек. Ал базарлардағы 340-360 теңгеден саудаланып жатқаны, осындай қысылтаяң уақытты пайдаланып, алыпсатарлардың қолдан жасап отырғаны. Қазір осының барлығын анықтап жатырмыз. Қанттың қымбаттауына Жамбыл облысындағы екі қант зауытындағы бағаның өсуі де әсер етіп отыр. Олардағы көтерме бағасының өзі – 250 теңге. Жамбыл облысынан қаламызға келгенге дейін 260 теңге болады. Бұл жерде 5-6 пайыздан артық қосылып отырған жоқ. Ал бөлшек саудада 10 пайыздан артық қосылмай, орташа алғанда 290 теңгеден саудалануы керек. Сонымен жүргізілген барлық келіссөздер нәтижесі бойынша Семейге жан-жақтан, яғни, қант қызылшасын өсіретін зауыттардан 408 тонна қант келеді деп күтіп отырмыз.

Ажар Сағатбекова
Раушан Нұғманбекова

Осы айдарда

Back to top button