Қоғам

Анна мен Әйгерім алдына жан салмады

Анна мен Әйгерім алдына жан салмады


Мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгерген этнос жастарын және орыс тілін жетік меңгерген қазақ жастарын анықтау мақсатында ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқарма «Тіл-парасат» атты республикалық байқаудың облыстық кезеңін өткізді. Облыстық деңгейдегі дүбірлі шара Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналды.

Байқауға аудандар мен қалаларда өткен іріктеу сайыстарынан бас жүлдені иеленген 18-22 жас аралығындағы 15 үміткер қатысты. Олардың 8-і орыс тілі білгіріне қатысқан қазақ жастары болса, 7-еуі қазақ тілінің білгірі үшін бақ сынасқан орыс жастары болды. Байқау ережесіне сәйкес, алғашқы кезеңде үміткерлер берілген үш тақырыптың біріне эссе жазып, жұптасып диалог құрап, түрлі жағдаяттық сұрақтарға жауап берсе, екінші кезеңде орыс тілі білгірлері тыңдалым мен орыс тілінің лексикасы мен грамматикасына арналған тест сұрақтарын орындады. Сондай-ақ, қазақ тілі білгірлері де қазақ тіліндегі тыңдалым мен қазақ тілінің лексикасы мен грамматикасына арналған тест сұрақтарына жауап берді. Ал сайыстың соңғы кезеңінде үміткерлер прозалық, поэзиялық жанрдағы түрлі шығармаларды нақышына келтіре мәнерлеп орындаудан сайысқа түсті.

Жалпы, сайысқа қатысушылардың ешқайсысы да аянып қалған жоқ. Әркім өз әлінше өнерлерін көрсетіп, тіл байлығын, білімін ортаға салды. Олардың тілді білсем, еркін сөйлесем деген талпыныстары мен таудай талаптарының өзі мақтауға лайық. Мысалы, сайыста Ұлан ауданының намысын қорғаған Ильсия Бугуеваның ұлты орыс болғанымен Ұлы даланың тілінде еркін сөйлеуді армандайды.

– Менің ана тілім – орыс тілі, бірақ мен үшін қазақ тілі де анна тілім секілді, өйткені менің достарым қазақтар, – дейді ол ерекше бір мақтанышпен.
Сөйтіп, қазақ тілін меңгерген орыс жастары арасындағы сайыстың қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен Өскемен қаласының атынан қатысқан Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дің өмір тіршілігінің қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау мамандығының 1-курс студенті Анна Раздомина 1-орынды иеленіп, «қазақ тілі білгірі» атанды. Ол сайыстың үш кезеңінің тапсырмаларынан ең жоғары балл жинап, қатарластарынан озып шықты. Екінші орынды ұландық Ильсия Бугуева, ал үшінші орынды риддерлік Наталья Макарова еншіледі.

Ал орыс тілін жетік меңгерген қазақ жастары арасында өткен сайыста күршімдік Әйгерім Әшірбекова «орыс тілі білгірі» атанды. Күршім ауданында ағылшын тілінің мұғалімі болып еңбек етіп жүрген Әйгерім сауатты эссе жазуымен, мәнерлеп оқу шеберлігімен әділқазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Ал екінші орынды өскемендік Балжан Абылқанова, үшінші орынды Аягөз ауданынан келген Арайлым Бейсекова иеленді.

«Тіл-парасат» байқауының облыстық кезеңіне қатысқан жеңімпаздардың барлығына арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді. Қазақ тілінің білгірі Анна Раздомина мен орыс тілі білгірі атанған Әйгерім Әшірбекова енді алдағы республикалық байқауда облыстың намысын қорғайтын болады.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button