Руханият

Қанипаның әлеміне терең бойлады

Қанипаның әлеміне терең бойлады

Өскеменге республикамыздың түкпір-түкпірінен жас өрендер жиналды. Жанарлары жалт-жұлт еткен осынау өрімдей ұлдар мен қыздар асқақ Алтайдың бауырындағы осынау шаһарға аты аңызға айналған әйгілі ұстаз Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиадаға келіпті. Сөйтіп, «Ертіс концерт» орталығында дүбірлі доданың алауы жағылды.

Залда жиналған оқушылар мен ұстаздар қауымы ең алдымен Қанипа Омарғалиқызының өмірі мен шығармашылығына арналған бейнефильмді тамашалады. Иә, қазақтың Хан апасы атанған Қанипа Бітібаеваның бүгінгі биігі кешегі ерен еңбегінің арқасы екені сөзсіз. Қасиетті қазақ тілінің бүкіл құнарын шәкірттерімнің бойына қалай сіңірсем деп, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеген қарапайым мұғалім келе-келе ұлағатты ұстазға айналды. Ана тілінің абыройын асқақтатты. Талай мықтыны мойындатып, талай талай биікті бағындырды. Осылайша ұстаз есімі бүгінде аңызға айналды. Өмірден өзі кеткенімен, артында өлмес ізі қалды. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының облыстық білім басқармасымен бірлесе өткізіп отырған республикалық олимпиада осымен бесінші рет ұйымдастырылды. Олимпиаданың мақсаты – оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен білімдерін тереңдету және жетілдіру, оқушыларды ұлттық мәдениетті, дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу, патриотизмді, зияткерлік пен және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Олимпиаданың ашылу салтанатында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының зертхана меңгерушісі Зәуре Аманова сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Қанипа апайдың қазақ тілі мен әдебиетіне қосқан үлесі өте зор. Ол – ұлағатты ұстаз. Бүгін апайымыздың өзі жоқ болса да залда оның көзін көрген бауырлары, шәкірттері, әріптестері мен өзі қызмет еткен мектебінің ұжымы отыр. Олимпиада – барлығымызға ортақ. Ұстаз есімін ұлықтауға арналған осынау білім сайысының мерейі әрқашан да биіктей берсін, – деген З.Аманова биылғы олимпиаданың ерекшелігіне де тоқталды. Биыл C.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры М.Төлеген Бітібаева атындағы олимпиаданың бес жылдық мерейтойына орай грант бөліпті. Сайыста бағы жанып, ең жоғары ұпай жинаған оқушы осы грант иесі атанбақ. Сондай-ақ З.Аманова облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділоваға, өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының директорының міндетін атқарушы Гауһар Рахымжановаға, дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының директоры Жамбон Ұшақбаевқа Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиаданы ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін білім және ғылым вице-министрі Э.Суханбердиеваның Алғыс хатын табыс етті. Өз кезегінде Сайрангүл Жұмаділова да сөз алып, қатысушыларға ақ жол тіледі.

«Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте» деп Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, сіздердің әрқайсыларыңыз бір бір тұлғасыздар, тілдің жанашырысыздар. Қай жерде, қай ортада болсаңыздар да сіздердің ана тілінің мәртебесін жоғары көтеретіндеріңізге сенемін, – деді С.Жұмаділова.
Оның айтуынша, министрліктің бұйрығыменен биыл облыстан келетін оқушылардың саны артқан екен. Осынау олимпиадаға өткен жылдары жүзден артық оқушы ғана қатысса, биыл 208 үміткер бақ сынауда. Олардың барлығы да өз аймақтарындағы іріктеу айналымынан өтіп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанғандар.

Олимпиаданың қазылар алқасы да білікті мамандардан құралған. Олардың қатарында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Фаузия Оразбаева, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жанат Әскербекқызы, Назарбаев университеті қауымдастығының профессоры Эльмира Оразалиева, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті қауымдастығының профессоры, ф.ғ. кандидаты Болатхан Сарбасов, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің факультет деканы Қуаныш Ерғалиев, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Қарлығаш Құрманғалиқызы және басқалар бар. Ашылу салтанатында қазылар алқасының атынан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Фаузия Оразбаева сөз алды.

– Бүгін бір ерекше, тарихи күн. Өйткені Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиада елді танудың, өлкені танудың, жалпы қазақтың ұлы даласын танудың әлемі. Сондықтан да осындай үлкен әлемді тануға мүмкіндік жасаған облыс әкімдігіне, білім және ғылым министрлігіне, «Дарын» орталығына, облыстық білім басқармасына ерекше ризашылығымды білдіремін, – деді ғалым.

Осылайша Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиада бесінші рет алауын жақты.
– Мен олимпиадаға қатысу мүмкіндігіне ие болғаныма өте қуаныштымын. Өзімді де, қарсыластарымды да жеңістің шыңынан көргім келеді, – дейді Алматыдағы дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған республикалық қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектептің 9-сынып оқушысы Аяулым Абаева

Мейрамтай ИМАНҒАЛИ

Осы айдарда

Back to top button