Қандай мамандықтарға сұраныс көп?

Облыс әкімдігінің Контакт орталығында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенковамен тікелей байланыс өтті.
– Биыл мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуда жұмыс берушілер үшін мемлекет тарапынан қандай жеңілдіктер бар?
– Облыста 56 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тіркелген. Олардың барлығы төсекке таңылған немесе мүгедек арбасында отырған жоқ. Жарымжан жандардың кез келгені жұмыс істеуге құқылы. Тек оларға қолайлы жағдайлар туғызу керек. Мысалы, біз басқармаға қызметке мүгедек арбасында отырған қызды алдық. Ол үшін оның қозғалуына ыңғайлы жағдайларды жасап бердік. Бүгінгі таңда мемлекет осындай ерекше жандарға жұмыс орнын ашу үшін арнайы субсидия бөліп отыр. Елбасы биылғы 5 қазандағы Жолдауында кембағал жандарға кедергісіз келешекке жол ашу жөнінде қадап айтты. Биыл жұмыс берушілерге мүгедек арбасында отырғандар мен көзі нашар көретіндерге жұмыс орындарын жабдықтауға қаражат қарастырылған. Ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 73 арнайы жұмыс орнын жабдықтау үшін 10 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Кәсіпорындар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық бірлестіктері арасында жұмыс орындарын ашуға байланысты жұмыстар жүргізілуде. Мүгедек арбасында отырған бір қызметкердің жұмыс орнын қолайландыруға 300 мың теңгеге жуық ақша бөлінеді. Бұл ыңғайлы жұмыс үстелін алуға, ғимаратқа еркін кіріп-шығуына мүмкіндік туғызуға жұмсалу керек. Субсидияны алу үшін жұмыс беруші тұрғылықты жеріндегі әлеуметтік қорғау бөліміне келіп, өтініш жазуы қажет. Кедергісіз келешек дегеніміз тек ғимаратқа кіріп-шығатын пандус ғана емес, денсаулығында кінәраты бар адамның еңбек етуіне, табыс табуына ыңғайлы жұмыс орнын ашу.
– Өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерді (старт-ап) қолдаудың қандай жаңа тетіктері бар?
– \”Еңбек\” нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасына үстіміздегі жылы толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп, 5 қазаннан бастап күшіне енді. Жоба қатысушыларына жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беру қағидалары бекітілді. Бір гранттың мөлшері – 100 АЕК немесе 240 мың теңге. Бұл қаражат қатысушының қысқа мерзімді курстарды бітіруіне, не болмаса «Бастау- бизнес» бағдарламасы бойынша оқуына жұмсалады, егер ондай сертификаты болмаса. Содан кейін өзінің бизнес-жоспарын жасап, қорғағаннан кейін, жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі. Мемлекеттік грантқа ауылшаруашылық техникасын, егер мал шаруашылығымен айналысқысы келсе, құс немесе мал сатып алады. Сонымен қатар несие қарыздарын өтеуге, жер учаскесін алуға, акцизделген өнімдерді өндіруге жұмсауға болады. Қазір 81 келісімшарт жасалып, қаржы аударыла бастады.
– Менің үйімде бес адам тіркеуде тұр. Алайда, олардың үшеуінің менің жанұяма ешқандай қатысы жоқ. Бірақ отбасының кірісін анықтаған кезде, бес адамның табысын қоса есептеді. Осы заңды ма?
– Бүгінгі таңда Ережелерде бір мекенжайда тіркелген жандардың сіздің туысыңыз ба, жоқ па, оған қарамастан, кірісін бірге есептеу жазылған. Жуықта Парламент сағатында атаулы әлеуметтік көмекті көрсетудің жаңа форматын енгізу, оның дұрыс әрі бұрыс жақтары талқыланатын болады. Сонда осы мәселені көтеріп, мұқтаж азаматтардың құқықтарын қорғау қажет деп ойлаймын. О баста мұндай ереже кейбір жұмыс істей алатын адамдардың өз кірістерін жасырып, еңбектенбей, мемлекетке масыл болуына тосқауыл қою үшін енгізілген. Қалай десек те, дәл қазір бір мекенжайда тіркелген барлық адамның табысын бірге есептеу заңды.
– Егер жұмыс беруші өзі тапсырыс беріп оқытқан маманды жұмысқа алудан бас тартса, ол оқу үшін жұмсалған мемлекеттің қаржысын қайтаруға міндетті ме?
– Ережелерге сәйкес, мамандыққа баулитын қысқа мерзімді курстарға адам өз еркімен бара алады. Жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушімен оқуын бітірген соң осы адамды жұмысқа алатыны туралы келісімшартқа отырады. Егер әлгі адам оқуын бітірген соң, жұмыс беруші уәдесінен тайқып кетсе, оны жауапқа тартатын, айыппұл салатын тетіктер бізде әзірге жоқ. Орталық мамандықты меңгеріп шыққан адамға басқа жұмыс іздейтін болады. Жуықта Бас прокуратура нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының орындалуына тексеріс жүргізді. Сол кезде осы мәселе де талқыланды, алайда, мемлекеттің қаржысы босқа шығындалған жоқ, қатысушы бір мамандықты меңгеріп шыққандықтан, жұмыс берушіні жауапқа тарта алмады. Қазір Еңбек министрлігі аталмыш бағдарламаға түзетулер дайындап жатыр, бәлкім, сонда жауапсыз жұмыс берушіге ықпал етудің тетіктері қарастырылар.
– 2018 жылы қандай мамандықтарға қажеттілік көп болды?
– Адам сенгісіз жағдай, алайда қанша оқытып жатсақ та, аспаздар әлі де жетіспейді. Биыл осы мамандыққа 120 адамды баулыдық, олар жүз пайыз жұмыспен қамтылды, әлі де сұранысқа ие. Жүз пайыз жұмыспен қамтылған басқа да мамандар төмендегідей: ағаш өңдеу станоктарының өңдеушісі (28 маман), кран машинисі (19), ағаш кесуші (12), тырнақ әрлеуші (49), тракторшы-машинист (206). Ауыл шаруашылығы саласында, әсіресе агрономдар, ветеринар дәрігерлер, тракторшылар мен механизаторлар тапшы. Автобус жүргізушілері қажет. Тіпті, жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын бір фирма автобус жүргізушілерін өз қаражатына оқытуға, оларды қоныс аудару бағдарламасы аясында басқа облыстардан көшіріп әкелуге, көтермеақы төлеп, баспанамен қамтамасыз етуге де әзір. Мен болашағын техникамен байланыстырғысы келетін жастарға автобус жүргізушісі мамандығына назар аударуға кеңес берер едім. Әдеттегідей мұғалімдер мен дәрігерлерге сұраныс көп. Ауылды жерлерде ағылшын тілі, информатика пәндерінің мамандары, физиктер жетіспейді.
– Біздің өңірге қоныс аудару бағдарламасы шеңберінде кімдер, қай жақтан көшіп келе алады? Оларға қандай жеңілдіктер қарастырылған?
– Бұл бағдарламамен біз белсенді түрде айналысудамыз. Біздің облыс қабылдаушы өңір болып саналады және Оңтүстік Қазақстаннан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан көшіп келушілерді қабылдай аламыз. Сонымен қатар, экономика басқармасы экономикалық әлеуеті төмен, болашағы жоқ деп танылған елді мекендерден облыс ішінде басқа ауылдарға көшуге болады. Басқа облыстан қоныс аударған бір азаматқа 35 АЕК көлемінде, облыс ішінде көшкендерге 25 АЕК мөлшерінде көшу шығындары төленеді. Ауылды жерлерге көшкендерге ай сайын 15-20 АЕК, қалаға қоныс аударғандарға 20-30 АЕК көлемінде бір жылға баспана жалдауға қаржы бөлінеді. Ауылды жерге көшкендер жетпеген бөлігін өздері қосып, осы қаражатқа баспана сатып ала алады.

Егер жұмыс беруші өзіне қажетті жұмысшыларды көшіріп алғысы келсе және бір мезгілде кемінде бес адамды үш жылға жұмыспен қамтамасыз етсе, оған әр отбасына 450 АЕК мөлшерінде қаржы бөлінеді. Бұл қаражатты жұмысшыларын көшіріп әкелуге, жұмысқа орналастыруға және үш жыл көлемінде баспанамен қамтуға жұмсай алады. Қоныс аудару бағдарламасы бойынша біздің өңірге тек қажетті мамандарды ғана шақыра аламыз. Біліктілігі төмен жұмысшылар, мемлекеттік қызметшілер мен басшылар бұл бағдарламаға қатыспайды. Мысалы, малшылар өз еріктерімен көшіп келеміз десе, әрине, көшіріп аламыз, бірақ оларға ешқандай жеңілдіктер болмайды. Облысқа қажетті барлық мамандардың тізімі электронды еңбек биржасының базасында көрсетілген. Қазір облыстағы барлық 19 аудан мен қала қоныс аударушыларды қабылдауда.
– Менің төрт балам бар, олардың үшеуі мектеп жасында. Өз баспанам жоқ. Маған мемлекет қандай көмек бере алады?
– Атаулы әлеуметтік көмектің көлемі отбасының кірісіне байланысты, әр жанұяға жеке-жеке тағайындалады. Егер айлық кірісіңіз бір адамға шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан ( 14 142 теңгеден) төмен болса, онда сіздің балаларыңыз мектепте тегін тамақтануға құқылы. Ол үшін оқу мекемесінің басшылығына барып, өтініш жазасыз. Екіншіден, әр аудан мен қала мұқтаж жандарға бір реттік материалдық көмек көрсете алады, оны атқарушы органдар өкілдерінен тұратын арнайы комиссия шешеді. Үшіншіден, тұрғын үй көмегінен үміттене аласыз. Ол үшін жұмыспен қамту орталығы немесе ХҚКО арқылы өтініш бересіз. Әр ауданның өз проценті бар, айырмашылықты өтеп береді. Егер бір рет болсын бөлінген қаржыны басқа мақсатқа жұмсап қойсаңыз, екінші рет бермейді. Әр аудан мен қала әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары комиссияның төрағасы, сол кісінің қабылдауына кіріп, жағдайыңызды түсіндіріңіз. Мұқтаж отбасыларға азық-түлікпен көмектесетін арнайы қор болады, содан көмек беруі мүмкін. Қажетті анықтамаларды ХҚКО тегін береді. Біздің басқарманың сайтына кірсеңіз, қай анықтаманы қайдан алу керектігі туралы мәліметтер тұр.
Менің қабылдау бөлмемнің телефоны 75-44-77 арқылы да анықтауға болады.
– Жұмыспен қамту орталығына келген адамға қандай қызмет түрі көрсетіледі?
– Алдымен сізбен біздің мамандар әңгімелесіп, сіздің біліміңізді, мамандығыңызды, қандай жұмысты қалайтыныңызды анықтайды. Облыста 1860 вакансия бар. Қажетті мамандардың түрі көп. Сізге таңдап алған жұмысыңызға байланысты жұмыс берушіге жолдама жазып береді, солармен жүздесіп, алғашқы он күнде сіз жұмыс іздеуші болып саналасыз. Содан кейін ғана сізді жұмыссыз ретінде тіркейді. Егер жасыңыз 24-тен жоғары болса, сізді таңдаған мамандығыңызға қарай 1-6 айлық қысқа мерзімді курстарға жібереді. Тіпті, зейнеткерлік жасына жақындап қалғандар да оқиды. Ал 9 немесе 11- сыныптың түлегі болсаңыз, кәсіптік-техникалық білім алуға мүмкіндігіңіз бар. Биыл 1730 оқушы кәсіптік-техникалық білімді таңдады. Егер сіздің дипломыңыз болып, оқу орнын тәмамдағаннан кейін үш жыл көлемінде мамандығыңыз бойынша жұмыс істемесеңіз, жастар тәжірибесіне баруға болады. Бұл – тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді әрі еңбекақы төленеді. Ең бастысы, жұмыс берушінің көңілінен шықсаңыз, тұрақты жұмысқа алуы да мүмкін.
Айтпақшы, қазір орталық мамандары ұсынған мәліметтерді тексерудің жақсы мүмкіндігі туып отыр. Биылдан бастап бізде электронды еңбек биржасы жұмыс істейді. Еңбек.кз сайтына кіріп, жеке кабинетіңізді ашуға, сол жерде резюмеңізді орналастыруға болады. Сонымен қатар жұмыс берушінің кабинетін, қажетті мамандардың тізімін көре аласыз. Сіздің резюмеңізбен де Қазақстанның түкпір-түкпірінде таныса алады.
– Жұмыс іздеушіні тіркеуден алып тастаған мысалдар кездеседі. Осыны қалай түсіндіре аласыз?
– Жұмыспен қамту орталығына келген адамды есепке алғаннан кейін өзінің шарттары болады. Біздегі мемлекеттік қызметтердің барлығы компьютерленген, ортақ базаға енгізілген. Электронды еңбек биржасы арқылы кімнің келген-келмегені көрініп тұрады. Егер клиент біздің мамандармен араласпаса, әңгімелеспесе, онда база ол кісіні автоматты түрде жауып тастайды. Біз өз еркімізбен ешкімді де тіркеуден шығара алмаймыз. Клиентке бірнеше рет әртүрлі жұмыстар ұсынылады. Егер бас тарта берсе, ақыр аяғында есептен шығып қалады.
Айна Ескенқызы